Қазақстан Республикасының Президенті 2015 жылы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. 97-қадамда өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделді. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беруді тапсырды. Сол кезде үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі деп күтілуде. Кей мемлекеттік қызметтерді бәсекелі ортаға беру мәселелері бойынша заң жобасы 2017 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Парламент Мәжілісінің қарауына берілді. Заң жобасы осы 97-қадамға негізделе жасалған. Бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымнан өтті, енді ол екінші оқылымға дайындалып жатыр. Жаңа заң жобасына сүйене, ҚР заңнамалық актілеріне, Әкімшілік рәсімдер туралы, ҚР мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы заңдарға енгізулер мен толықтырулар жасалады. Үкімет жанынан арнайы Комиссия құрылды. Олар мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға берудің 5 тәсілін анықтады: 1-тәсіл: Аутсорсинг (келісімшарт жасасу арқылы кей мемлекеттік қызметті бәсекелестік ортаға беретін жаңа ұғым); 2-тәсіл: Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс (ол ҚР мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңымен реттеледі); 3-тәсіл: Мемлекеттік тапсырма (ол Бюджет кодексімен реттеледі); 4-тәсіл: Міндеттемелерді пайдаланушылар есебінен, яғни жеке және заңды тұлғалар есебінен бәсекелестік ортаға функцияларды толық беру; 5-тәсіл: Міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу (Өзін-өзі реттеу туралы заңнамасымен реттеледі). Алматы менеджмент университетінің әлеуметтік кәсіпкерлік зертханасының меңгерушісі Нұржан Әлжанова Айқынға берген сұхбатында үкіметтік емес ұйымдардың әлем елдеріндегі тәжірибесі туралы былай дейді: - Мемлекет кейбір қызметтерді ҮЕҰ-ларға бере алады. Барлық еуропалық елдерде мұндай қарым-қатынас түрі қалыптасқан. Қазақстандық ҮЕҰ-ларға халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тәжірибесі өте қажет. Мәселен, Германияда жалғызбасты қарт кісілерге қарау қызметі ҮЕҰ-ларға берілген. Бұл қызмет жартылай бюджет есебінен, жартылай клиенттер тарапынан қаржыландырылады. Еуропалық зейнеткерлердің өздері үшін қолайлы жағдай жасайтын мекемені таңдау мүмкіндігі бар. Сол себептен де, осындай қызмет көрсететін ҮЕҰ-лар арасында өзара бәсекелестік туындайды. Мемлекеттік емес қызметтерді өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру процесі 7 кезеңнен тұрады: 1-кезең.Бәсекелік ортаға берілетін мемлекеттік функцияларға жыл сайын іріктеу жүргізіледі;2-кезең.Үкімет жанынан құрылған Комиссия дайындаған қызметтердің алдын ала тізбесі бекітіледі;3-кезең.Бәсекелік ортамен талқылау жүргізу. Атамекен ҰКП мен ҚР Ұлттық экономика ресми сайттарында қызметтердің алдына ала тізбе мен паспорттары жарияланып, бұл кезең жүзеге асырылады.4-кезең.Нарық дайындығын білу мақсатында сараптама жүргізіледі және бәсекелік ортаға берілмек мемлекеттік органдар қызметінің соңғы тізбесі әзірленеді;5-кезең.Үкімет жанынан құрылған Комиссия алдында нарық дайындығына жасалған сараптама нәтижесін ескере отырып, бәсекелік ортаға берілмек мемлекеттік органдар қызметінің соңғы тізбесі бекітіледі;6-кезең.Жасалған ұсыныстарды заңнамалық тұрғыда бекіту;7-кезең.Бәсекелік ортаға берілген мемлекеттік органдар қызметінің іске асыру бойынша мониторинг өткізу. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беруі туралы ақпараттар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің және Атамекен Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының сайтына салынатын болады. Бұл сайт беттеріне бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі және комиссия шешімі, мониторинг нәтижелері және нормативтік құжаттар жарияланатын болады. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру арқылы мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру, бәсекелестік ортаны нығайту және мемлекеттік аппаратты жеңілдендіруге мүмкіндік болады. Өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы азаматтар шешім қабылдау процесіне барынша қатыса алады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың арасында бәсекелестік туындайды. Сол арқылы қызмет сапасы, қызмет көрсету сервисі жақсарады.