2015 жылы 20 мамырда Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам бағдарламасын ұсынды. Оның 83-ші және 84-ші қадамдарында еңбек қатынастарын ырықтандыру және әлеуметтік көмекті оңтайландыру тапсырылған болатын. 100 нақты қадамда берілген тапсырма бойынша 2015 жылы 23 қарашада жаңа Еңбек Кодексі енгізілді. Бұл құжат Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделе отырып жасалды. Еңбек нарығының тұрақты жұмыс істеуіне, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғауға, жоғары өнімді еңбекке уәждеуге, еңбек қауіпсіздігін жақсартудың жауаптылығын арттыруға және еңбек қатынастарын құқықтық реттеуге бағытталған жаңа модель әзірленді. Жаңа модельдің ерекшелігіне еңбек қатынастарын заңнамалық және шарттық реттеудің үйлесімді болып келуі жатады. Мемлекет азаматтардың негізгі құқықтарын, яғни қызметті таңдау еркіндігі, еңбекпен қамтуға көмектесу құқығы, минималды мемлекеттік стандарттарды сақтау құқығын жүзеге асыруға кепіл бола алуы керек. Жаңа Еңбек Кодексіне енгізілген негізгі өзгерістерге мыналар жатады: - Сынақ мерзімі талаптарындағы өзгерістер; - Еңбек қатынастары салаларының кеңеюі; - Еңбек демалыстарын беру және рәсімдеуге байланысты өзгерістер; - Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын тоқтату үшін негіздемелер тізбесінің кеңеюі; - Еңбек режимі және еңбекақы төлеу саласындағы өзгерістер. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастары өзара жасалған келісімшарт арқылы шешіледі. Мемлекет минималды еңбек стандарттарының, негізгі құқықтардың орындалып жүргенін тексеріп, бақылау жүргізе алады. Яғни, жұмыс берушінің негізгі құқықтарын қорғайтын құжат келісімшарт. Сондықтан әр жұмысшы жұмысқа тұрарда ұжым ұсынған шартты жақсылап оқып, өзіне сай жағдайдың жасалуын, жалақы мөлшерін, еңбек қауіпсіздігінің нормаларын және басқа да талаптарды түсініп алу керек. Әр жұмысшы негізгі нормаларды, мысалы, еңбек демалысы 24 күннен аз болмауы керектігін, түнгі мезгілде жұмыс істеген жалақысы күндізгіге қарағанда артық болуы керектігі сияқты ережелерді білуі керек. Ұлт жоспарының 84-қадамында былай делінді: әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады. Осыған орай, төлемдердің үш түрін, яғни қолданыстағы көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек үшеуі бірігіп, бір атаулы әлеуметтік көмекті құрайтын болады. Бұл атаулы көмек шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шартты ақшалай көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысына жетпейтін азаматтарға беріледі. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті адамдары жоқ отбасыларға, мысалы, мүгедектер мен зейнеткерлер отбасыларына немесе объективті себептері бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмай отырған отбасыларға беріледі. Әлеуметтік көмек отбасының табыс көзі болмауы керек, мысалы, ата-ананың біреуі жұмыссыз болса, жұмыспен қамту орталығына барып, курстар оқып, жұмыс табуы қажет. Адам жәрдемақыға сенбей, еңбек етуге тырысу керек. Ол үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған шаралар көп.