- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "100 жаңа есім"...
"100 жаңа есім" жобасына өтінім қабылдау басталды
Биыл ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 жаңа есім” жобасының ары қарай жалғасатынын айтқан еді. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және “Рухани Жаңғыру” Қазақстандық әлеуметтік даму институты 1 қазаннан бастап 100janaesim.ruh.kz сайтында “Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы” жобасына өтінімдер қабылдауды бастады.
Биыл жоба Жастар жылына арналады. Іріктеуге 39 жасқа дейінгі адамдар қатыса алады. Осы орайда ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт саласындағы нақты жетістікке жеткендердің өтінімдері қаралатын болады.
Қатысу үшін www.100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет. Қатысушы сенімді ақпарат беруге міндеттенеді. Құқық бұзушылықтар немесе басқа да жалған жағдайлар, оның ішінде онлайн дауыс беру кезінде алаяқтық жағдайында, ұйымдастырушылар қатысушыны жобадан шығару құқығын өзіне қалдырады. Қажет болған жағдайда қатысушылар ұйымдастырушыларға қосымша ақпарат беруге дайын болуы керек.
Министрліктің бастамасын өткен жылдардағы ең белсенді жеңімпаздардан тұратын Бюро 100 командасы қолдауда. Олар байқауға ең лайықты үміткерлерді іздестіру үшін Қазақстанның барлық аймақтарына баруды көздейді. Команда әлеуметтік желілерден жоба қатысушыларын іздеудің барлық кезеңдерін көрсетеді.
“Үлкен жоба бастағалы жатырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан екі жыл бұрын Елбасы “Рухани Жаңғыру” атты бағдарламасына бастамашылық етті. Осы орайда соның аясында “100 жаңа есім” жобасының үшінші кезеңін бастамақпыз. Бұл жоба қоғамның дамуына өзінің үлкен ықпалын тиігізіп келеді, сондықтан оны жалғастыруға бел будық”, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
“Рухани Жаңғыру” Қазақстандық қоғамдық даму институты” коммерциялық емес АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың сөзіне қарағанда, қатысатын адамдар 100janaesim.ruh.kz сайтында сауалнаманы толтыруы қажет. Қатысушы сенімді әрі нақты ақпарат беруге міндеттеледі. Барлық өтінімдер модерациядан өтіп, кейін сайтта жарияланып, желіде дауыс беруге рұқсат алады. Сонымен қатар, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт және бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады.
Жоба аясында өтінімдерді қабылдау 1 қазаннан бастап 20 қазанға дейін жалғасады. Жобаның ресми сайтында қалаған үміткерге дауыс беру үшін онлайн тіркеліп, электронды пошта көрсетілуі керек.
Белгілі болғандай, жобаның нәтижелері биыл желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өтетін таныстырылымда жарияланады.
Айта кетейік, “100 жаңа есім” жобасының 2018 жылы екінші кезеңі өтті. Екінші кезеңге 2388 өтінім түсіп, солардың қатарынан 29 үміткер жеңімпаз атанды. "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздары ақын Мақпал Мыса, әскери журналист Назгүл Кенжетай, әнші, музыкант Әлібек Әлмәдиев Массагет порталына қонаққа келіп, ”100 жаңа есім” жобасынан кейінгі өмірлеріндегі өзгерістер, болашақтағы жоспарларымен бөліскені туралы жазған едік.