Зиданның ұлын Морьентес жаттықтыратын болды

"Реал" командасының бұрынғы шабуылшысы Фернандо Морьентес аталған команданың жастар құрамасын жаттықтыратын болды. Бұл туралы Marca сайты хабарлады. 

Біз білетіндей, Морьентес 2010 жылы футболмен қош айтысқан болатын. Енді міне корольдік команданың жастарын жаттықтыруға мүмкіндік алып отыр. Әрине, өз кезегінде кілең жасындай жарқылдап жүрген ойыншылар Морьентестің бапкер болғанын қаласа керек. Әсіресе, бүкіл әлемнің маңдай алды ойыншысы болған, "Реал" командасының аңыз ойыншысы саналатын Зинедин Зиданның ұлы Энцо ерекше тілек білдірген. 

Айта кетсек, испандық ойыншы бұдан бұрын да үшінші дивизионда ойнайтын "Уракан" командасын жаттықтырып келген еді. 

Қазіргі уақытта 36 жасар Морьентес испандық спорт телеарналарының бірінде жұмыс жасайды. Келісілген уақыт біткен соң, "Реалдың" жастар құрамасын жаттықтыруға кіріседі. 

Естеріңізде болса, Фернандо Морьентес 1997-2005 жылдары аралығында "Реал" командасының жейдесін қорғаған болатын. Және команда құрамында жүріп үш рет чемпиондар Лигасынының жеңімпазы, екі рет Испания чемпионаты мен континентаралық Кубогтың иегері болған-ды. 

Сонымен қатар Морьентес "Монако", "Ливерпуль", "Валенсия" мен "Марсель" сияқты командаларда өнер көрсетті. Испания құрамасында 47 ойын өткізіп, 27 гол соғыпты. 

Сурет:dachniki-mo.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт