- Негізгі бет
- Маккала
- WSB жобасында қазақы...
WSB жобасында қазақы тәрбие жеңіске жетті
Астанада екі күн бойы WSB жобасының финалдық жекпе-жектері өтіп, Қазақстан боксшылары айбынды Куба қабыландарын тізе бүктірді. Жалпы есеп – 6:4. Сөйтіп, WSB жобасының екі дүркін чемпионы атанды.
Екінші күнгі шиеленісті айқастар Олжас Сәттібаевтың жеңісімен басталды (52 келі). Олжас ширақ қимылдап, бұған дейін WSB жобасында 15 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен адуынды Йосвани Вейта Сотоны жеңді. Жеңісіне ешкім де күмән келтіре алмайды.
Бұдан кейін шаршы алаңға 60 келі салмақ дәрежесіндегі Закир Сафиуллин мен Ласаро Альварес шықты. Закир бұл жекпе-жекте жеңілген жоқ. Керісінше, ринг ішінде жорғадай желіп, арлы-берлі шалт қимылдап, қарсыласын қара терге түсірді. Әрі соққылары да дөп тиіп, басым түскен еді. Бірақ төрешілер екі дүркін әлем чемпионын жеңіліске қимағандай...
Кезек 69 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлеріне жеткенде, Куба бапкерлері мен жанкүйерлерінің «жеңіске жетеміз» деп ойлағандары анық. Өйткені шаршы алаңға Олимпиада және әлем чемпионы Рониель Иглесиас Сотолонго шыққан еді. Ал оған қарсы кубалықтар танымайтын, бірақ қайсар мінезін біз жақсы білетін Асланбек Шымбергенов шықты.
Рас, бастапқы екі раундта Сотолонго басымдық танытты. Бірақ үшінші раундтан бастап, кібіртіктеп баяу қимылдауы жиіледі. Әлде сілікпесі шыға шаршады ма, әлде Асланбектің соққыларының бірінен көзі қарауытты ма, белгісіз. Әрине, ол да қарап қалған жоқ. Аракідік пәрменді соққыларымен шабуылдап отырды. Бірақ Асланбектің соққылары да оған дөп тиіп, жанкүйерлердің дүр сілкінуі жиіледі. Тіпті жекпе-жек соңында қазақ талантының жойқын соққысынан теңселіп кетіп, арқанға барып тірелді. Оны тек гонг үні құтқарып қалды.
Бұл жекпе-жекте төрешілер жеңісті Асланбекке берді. Сірә, оның әйгілі қарсыласынан қаймықпай, тіпті теңселтіп жібергеніне бас иіп, тәнті болса керек.
Бұл жекпе-жектен соң «Cuba Domadores» бапкерлері мен боксшылары әбігерге түсті. Түрлері өзгеріп сала берді. Абыржып, сасқалақтай бастағандай. Себебі «Сотолонго жеңіледі» деген ой үш ұйықтаса да түстеріне кірмегендей. Тек 81 келі салмақ дәрежесіндегі Хулио Сесар Ла-Круз ғана олардың көңіл-күйлерін көтеруге тырысты. Нұрдәулет Жармановпен жекпе-жекке шығарында ұнжырғасы түсіп кеткен бапкерлерін жігерлендіру қамын жасай бастады. «Қазір мен жеңемін» дегендей, оларды сілкілеп, ортаға ойқастап шықты.
Шынымен де, Ла-Круз бен Жарманов арасындағы жекпе-жек кішігірім шоу болды. Екі дүркін әлем чемпионы өзінің техникалық шеберлігінің анағұрлым жоғары екендігін паш етуге тырысты. Әйгілі Феликс Савон секілді ринг ішінде «би билеп», ойнақ салды. Атақты Марио Кинделан сияқты желе «шоқытып», әрбір раунд арасында орындыққа отырып, дем алмай, тікесінен тұрды.
Рас, оның шеберлігі жоғары, шоқтығы биік болды. Бірақ Нұрдәулет те жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Бірнеше рет пәрменді соққылары екі дүркін әлем чемпионын тоқ соққандай, дір еткізді. Әйтсе де, Ла-Круз жеңіске жетіп, бапкерлерін сәл де болса, қуанышқа бөлегендей болды.
Ал ең ауыр салмақтағы айқаста Иван Дычко Йоханди Тойрак Ортегадан басым түсіп, Куба қабыландарының таразы басын теңестірулеріне жол берген жоқ. Ол өз қарсыласын таза жеңді. Бір қызығы, Ортега басында Дычкодан сескенбесе де, жеңіске жететіндігіне күмән келтіргендей. Тек соңғы екі раундта ғана шабуылын үдетіп, батыл айқаса бастады. Бірақ бұл тым кеш еді. Дычко дес берген жоқ.
Тұздық
«Астана арландары» мен Куба «қабыландары» арасындағы екі күнгі шиеленісті айқастарды «Дәулет» ұлттық теннис орталығында тамашалаудың сәті түскен еді. Сонда Нұрдәулет Жарманов пен Хулио Сесар Ла-Круз арасындағы жекпе-жек аяқталғанда, жанымда отырған бір жігіт (өзге ұлт өкілі) «Куба боксшылары қандай хас шебер болса да, тәрбиелері жағынан қазақ жігіттеріне жете алмайды» деп салды. Жалт қарап едім, өз ойын ақтарып салды:
– Кешелі бері, өзіңізде байқап отырған боларсыз, Кубаның әйгілі боксшыларының өздері бокс ережесіне жат қылықтарға да барып, итшілік пен әзәзілдік жасауда. Білдіртпей, байқамаған болып, баспен ұрып қалуға тырысу, қолғаптарының ішкі жағымен иектен итеру, тағысын тағы... Мына Ла-Круздің әрекетттері де ұнап отырған жоқ. Қайсыбірі тым анайы сықылды. Меніңше, қазақ боксшылары ешқашан да мұндай итшіліктерді жасамайды. Қазақ боксшыларының тәрбиелері анағұрлым жоғары!
Оған риза болғандықтан, сілейіп тұрып қалдым. Екі күн бойы менің де ішімде қыз-қыз қайнап жатқан – ой-пікір. Бұл Бостандық аралы боксшыларының таза жеңіліп, дәрменсіз күй кешкендерін де білдіреді. Ең бастысы, әрине – тәрбиеде. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, жеңіске жеткенге мәртебе, жеңіліп қалғанға ибадат көрсететін қазақы тәрбие осындай болады. Жаса, қазағымның тот баспас өнегелі тәрбиесі!
«Арландар» чемпион атанып, қуаныштарын ринг ішінде бөлісіп, мәре-сәре болғанда осы сөздерімізге дәлел тағы бір көріністің куәсі болдық. Барлық боксшыларымыз маңдайы қарсыласының соққысынан емес, басқадай қарекетінен жарылған Самат Бәшеновті бірнеше рет көкке лақтырып, аспанға атты. Яғни қазақы тәрбие жеңіске жетті.
Автор: Нұрғазы Сасаев
О. Сансызбай