- Негізгі бет
- Маккала
- Владимир Смирнов туған...
Владимир Смирнов туған еліне неге судай сіңіп кете алмады?
Осыдан бірер күн бұрын елордада өткен WSB жобасының финалдық жекпе-жектері барысында «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы Қамқорлық кеңесінің басшысы Дархан Қалетаевпен жүздесіп, сұхбаттасқан едік. Сонда біршама өзекті мәселелелер мен соңғы кездегі өзгерістер жайлы көп сыр шертілді. Бүгін соның бірін назарларыңызға ұсынамыз.
– Дархан Аманұлы, жақында «Астана» ПКСК басшысы, даңқты шаңғышымыз Владимир Смирнов өз қызметінен кетті. Осының нақты себебін ашып айып бересіз бе?
– Володя өте жақсы адам, мен онымен бірге жұмыс жасап, жақын араласқаныма қуаныштымын. Президенттік клубты он айдай басқарды. Шынымен де, бірінші кезекте, оның өз қызметінен кетуіне отбасылық жағдайы себеп болды. Сәуір айынан бері өз ойын айтып, өтініш білдірген еді.
Екіншіден, Володя жаңа ортаға сіңіп кете алмағандай болып көрінді, маған. Ол көптен бері біздің елде тұрған жоқ. Ал қазір заман өзгерген, қоғам түлеген. Оның үстіне экономикалық дағдарыс та «етектен» тартып отырды. Ол бір жолға қойылған, жоспарлы жүйеде қызмет жасап үйренген. Ал бізде экономикалық дағдарыстың лебі жоспарымызды жиі бұзып тұрады. Бірде ақша жоқ, енді бірде бюджет жетпейді, тіпті кейде жоспарды өзгерту қажет болады, тағы да қандай бір төтенше жағдайлар, тағысын тағы... Міне, осының бәрі Володяға әсер етті.
Одан кейін, «Астана» Президенттік клубы бірнеше жобалардан құралған. Яғни бірнеше жобаның басы біріктірілген. Кезінде әр жоба өзінше жеке басқарылған. Өз бетімен күн көрген. Былайша айтқанда, әр жобаның өзінің қожайыны болған. Ауызекі тілмен айтқанда, әрқайсысының беделді ағасы мен жағасы болды. Қазір олардың бәрі иесіздендіріле, шеттетіле бастады. Әйтсе де, әлгі ағалар ортақ іске жиі араласып, өз ойларын жүзеге асыруға тырысып отырады. Міне, осы жерде бәрімен де тіл табысып, ештеңенің де жігін білдірмей үйлестіре, теңестіре білу керек. Барлық мүддені бір арнаға шоғырландыра білу қажет. Мысалы, «Барыстың» хоккей клубындағы Асқар Маминмен, велоспорт федерациясында маған дейін президент болған Қайрат Келімбетовпен, «Астана Арландары» клубының басшысымен ортақ тіл тауып, келісе білу керек. Оларды да түсіну керек. Өйткені, бұл жобаларды кезінде солар бастап, солар жүзеге асырған. Бірақ осы жобалардың бастарын біріктіріп, бұл клубтың атауын Президентік клуб деп атаудың да өзіндік мәні бар. Себебі бұл жобалардың бәрі де, бәрі де мемлекеттің қаржысымен, мемлекеттік бюджет арқылы жүзеге асырылған! Иә, тікелей болмаса да, мемлекеттік компаниялардың демеушілік етуі арқылы құрылған. Анығы сол, ешкім де өз қалтасынан ақша салып, қаржы құйған жоқ. Ешкім де!
– Бәрі де «Самұрық-Қазынаның» ақшасы...
– Иә, иә. Сондықтан біз олардың бәрінің басын біріктіріп, барлық құқықтарын бір арнаға тоғыстырып, алып жатырмыз. Ол ашық айтылды да: барлық қаржыны біз төлейтін болсақ, онда барлық құқықтарды да бізге беріңіздер. Сөйтіп, олардың барлық құқықтарын алып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, «Астана» Президенттік клубының құрылғанына үш жыл болды, содан бері заңдастыру мәселелері көп уақытты алды. Рәсімдеу, тіркеу мәселелері ұзаққа созылды. Өйткені барлық жоба бойынша аудит жүргізу қажет болды. Содан соң бәрін де бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, әлгі адамдарға бәрін де түсіндіріп, бәріне де көздерін жеткізіп, дәлелдеу керек болды. Қазір заңды түрде рәсімдеу жұмыстары аяқталды. Енді бәрін де реттестіріп, жүйелі түрде жетілдіре түсу қажет. Ең басты мақсат – бар ауыртпалықты «Самұрық-Қазынаның» мойнынан алып, қосымша қаржы көздерін табу, серіктес демеушілер тарту, заман талабына бейімделіп, ақша табу.
– Сонда Владимир Смирновтың өз қызметінен кету себебінің тамырын менталитетке әкеп тірейміз бе?
– Кесіп айту қиын. Жалпы, ол өзінің өкілеттігі мен құқықтарының көбірек, ауқымдырақ болғанын қалады. Былайша айтқанда, біз оның бәрін де бердік. Өкілеттікті де, құқықты да. Бірақ мұның бәрі мәселені шешпес еді. Өкілеттігіңмен құқығың қанша көп болса да, ештеңе де оңай шешілмейді. Себебі біздің құрылым, яғни «Астана» ПКСК әлі толыққанды жүйелендіріліп қалыптаспаған. Жүру керек, жүгіру керек. Адамдармен ортақ тіл табысу керек. Үлкен шенеуніктердің кабинеттеріне бару керек.
Мен ойлаймын, ал Володя болса, кабинетте отырып, өте жоғары жалақы алып, бәрін де бір орыннан басқаруға болады деп пайымдағандай. Бұл – менің ойым. Жалпы, Володя жаман адам емес. Өте жақсы адам. Ал менеджер ретінде қандай маман екенін уақыт көрсетер. Қазір оған еліміздің шаңғымен жарысу федерациясын басқару сеніп тапсырылды. Өз саласы...
Иә, Смирнов – даңқты шаңғышымыз, Олимпиада чемпионы. Бірақ бізде әр жобаның жетекшілері мен басшылардың бәрі де – Олимпиада чемпиондары. Серік Сәпиев, Валерий Тихоненко, Юрий Мельниченко, Александр Винокуров, бәрі де – тарихи тұлғалар. Володя осы жігіттермен тығыз жұмыс жасап кете алмады.
Менің таң қалғаным, ол өзімен замандас Валера Тихоненкомен де тіл табысып кете алмады. Былай қарасаңыз, екеуі – бір буынның спортшылары. Бір жылы туған, құрдас десек те болады. Жарайды, Мельниченко, Винокуров, Сәпиев одан жас, келесі буын дейік. Ал Валерамен қалай шүйіркелесіп кете алмады, соған таңмын.
Ал Валера – өте ашық, ақжарқын адам. Өте қарапайым, іскер азамат. Үш жылдан асып барады ғой. Біз оны жұмысқа шақырдық. Адамдармен тез тіл табысып кетті. Былай қарасаңыз, ол да бірнеше жыл Еуропада тұрған. Бірақ өз ортасына тастай батып, судай сіңді. Оның алдында басымды иемін (Ол тіпті қазіргі жағдайды жете түсініп, өзінің жалақысын өзі 20 пайызға қысқартып тастады).
Міне, осындай түсінбеушіліктер болды. Бір-бірімен сөйлеспей, келісе алмай дегендей. Мен оларды татуластыруға тырысып, ара ағайын болуға тырыстым...
P.S. Дархан Қалетаевпен болған сұхбаттың қызықты деректер жайлы тұстарына әлі тоқталамыз. Яғни, жалғасы – алда.
Сұхбаттасқан Нұрғазы Сасаев
О. Сансызбай