Украиндық боксшы Василий Ломаченко Top Rank промоутерлік компаниясымен келісім-шартқа отырды, деп хабарлайды "Р-Спорт". Яғни ендігі кезекте боксшы мансабын кәсіпқой рингте жалғастырмақшы.
Ломаченко жаңа мансабы жолында алғашқы кездесуін жартылай ауыр салмақта (57,153 келіге дейінгі) өткізетіндігі белгілі болды. Ал осыған дейін ол алғашқы кездесуде-ақ чемпиондық белбеуді иеленгісі келетіндігін мәлімдеген еді.
Естеріңізге салсақ, қазақстандық бокссүйер қауым украиндық боксшымен WSB сериясы финалдық кезеңі аясындағы Ukraine Otamans пен Астана Арланс арасында елордада өткен кездесуден жақсы таныс. Ол осы кештің басты бәсекесі болған «арландардың» капитаны Самат Бәшеновпен өткен жекпе-жекте жеңіске жеткен еді. Алайда оның бұл жеңісі украиндықтарға жарыста топ жаруға мүмкіндік берген жоқ.
Василий Ломаченко әуесқой бокс тарихындағы физикалық және техникалық мүмкіндіктері жағынан ең үздік боксшы деп саналады. Ол әуесқой бокс мансабы жолында 397 кездесу өткізіп, оның 396-ын жеңіспен аяқтаған. Ломаченко ғұмырында тек бір жекпе-жекте жеңілді. Бұл оқиға 2007 жылы әлем біріншілігінің финалы аясында Альберт Селимовке қарсы өткен кездесуде орын алды. Алайда кейін Ломаченко одан екі рет есе қайтарды. Бірінші жеңіс 2008 жылы Олимпиада ойындарында болса, екінші рет ол оны 2013 жылғы WSB жартылай кәсіпқой турнирінде ұтты.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: rian.com.ua