Қарағанды қаласында бокстан ҚазССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXXII халықаралық турнир өтуде. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапына енетін үздік боксшылар іріктелетін болады.
21 желтоқсанға дейін жалғасатын сайыс Серік Сәпиев атындағы боксты дамыту орталығында өтуде. Кеше өткен жарыстың ашылу салтанатына 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер Кубогының иегері Бақтияр Артаев, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер Кубогының иегері Серік Сәпиев, баскетболдан КСРО құрамасында ойнап, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы атанған Валерий Тихоненко, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов және 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев қатысты.
Жарысқа Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен келген боксшылар да қатысуда. Шаршы алаңдағы күрзі жұдырықты жігіттердің бәсекесіне еліміздің атынан 90-ға жуық былғары қолғап шебері қатысуда. Олардың қатарында танымал қазақстандық боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Қайрат Ералиев, Олжас Сәттібаев, Ілияс Сүлейменов пен Самат Башенов те бар.
Жарысқа қатысушылардың көп бөлігін жас буын боксшылар құрайды. Оларға осы жарыс арқылы көзге түсуіне жол ашылмақ. Жалпы Ғалым Жарылғапов атындағы турнир 1986 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокс додасы – талай боксшылардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл бокс бәсекесінен Олимпиада чемпиондары мен талай әлем чемпиондары түлеп шыққан. Атап айтар болсақ, бүгінде кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та Ғалым Жарылғапов турнирінің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов та бұл турнирде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда «Astana Arlans» командасының директоры Серік Сәпиев те бұл турнирді үш рет жеңгенбоксшылар қатарынан. Ал «Ғалым Жарылғапов турнирінде ең көп топ жарған боксшы кім?» дегенге келсек, Сарыарқа төсінде туып-өскен Аркадий Топаевтың есімін ерекше мақтанышпен айта аламыз. 1994 жылы әлем кубогының жеңімпазы атанған былғары қолғап шебері бұл турнирді жеті рет ұтқан жалғыз боксшы.
Қарағандыдағы додада ұлттық құрамаға үміткер боксшылар іріктеледі. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің бабын байқап көретін болады. Әсіресе 2016 жылғы Олимпиадаға жолдама алмаған салмақтарға боксшылар қажет екені рас. Сондықтан еліміздегі облыстар биылғы додаға кіл мықтыларын қосып отыр. Сондай-ақ облыс атынан қатысушылар санына да шек қойған жоқ. Ең көп боксшылар (18 боксшы) Қарағанды облысынан қатысып отыр. Астана қаласының командасы жарысқа 13 боксшымен барған.
Айта кетейік, қазіргі таңда бокстан Рио Олимпиадасына Қазақстан құрамасының қоржынында 4 жолдама бар. Оны Біржан Жақыпов (49 келі), Берік Әбдірахманов (60 келі), Данияр Елеусінов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жеңіп алған болатын. Көктемде аспан асты елінде Олимпиаданың кезекті жолдамалары сарапқа салынатын болады.