Бүгін Алматыда ХХVIII қысқы Универсиада ойындары басталды. Ақ қыстың айтулы аламаны 12 спорт түрі бойынша өтеді. Бүгін осы 12 спорт түрі жайлы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмыз.
Мәнерлеп сырғанау
Мәнерлеп сырғанау өзі жеке спорт ретінде XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. 1871 жылы конькишілердің бірінші Конгресінде мәнерлеп сырғанау жеке спорт түрі ретінде бекітілді. 1882 жылы Австрияда мәнерлеп сырғанаушылардың бірінші жарысы өтті.
Қазіргі таңда бес түрі бойынша жарыстар өтіп келеді: ерлер арасында жекелей жарыс, әйелдер арасында жекелей жарыс, жұптасып өнер көрсету, спорттық би және синхронды мәнерлеп сырғанау. Алғашқы төрт түрі Олимпиада бағдарламасына енген.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: қысқа бағдарлама және еркін бағдарлама.
Әйелдер: қысқа бағдарлама, еркін бағдарлама.
Жұптасып өнер көрсету: қысқа бағдарлама, еркін бағдарлама, мұздағы би.
Өтетін орны: «Алматы Арена»
Шорт-трек
Шорт-трек – хоккей алаңының ішінде жарыс қашықтығын максималды жылдам бағындыруға бағытталған конькимен жылдамдыққа жүгірудің бір түрі. Жарысқа бірнеше спортшы қатысады. (шарт бойынша 4—8: ара-қашықтық неғұрлым үлкен болса, жүгіруге қатысатын спортшылар да көбірек болады).
Шорт-трек Солтүстік Америкада пайда болды. Ең алғаш жарыс XX ғасырда өткен. 1967 жылы шорт-трек халықаралық конькимен жүгірушілер одағы ISU-дың құрамына кірді. Алғашқы әлем чемпионаты 1976 жылы АҚШ-та өткізілген. Ал ең бірінші командалық әлем біріншілігі 1991 жылы Сеулде өтті. 1992 жылғы Францияда өткен қысқы Олимпиада кезінде шорт-трек төртжылдықтың басты додасындағы негізгі бағдарламаға енді.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: 500 м., 1000 м., 1500 м., 5000 м. (эстафета)
Әйелдер: 500 м., 1000 м., 1500 м., 3000 м. (эстафета)
Өтетін орны: Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы (кіші арена)
Тау-шаңғы спорты
Тау-шаңғы спорты бірнеше спорттық дисциплиналардан құралған. Бұл – слалом, алып слалом, супергигант слаломы, шапшаң түсу және таушаңғы қоссайысы.
Тау-шаңғы спортынан алғашқы халықаралық жарыс 1911 жылы Монтана қаласында өткен. 1931 жылы тау-шаңғы техникалық комитеті құрылған. Сол жылы Швейцарияның Мюррен қаласында тұңғыш рет осы спорт түрінен әлем чемпионаты өткізілген.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: Супер комбинация (AC), Супер гигант (SG), Алып слалом (GS), Слалом (SL)
Әйелдер: Супер комбинация (AC), Супер гигант (SG), Алып слалом (GS), Слалом (SL)
Параллельді командалық сайыс
Өтетін орны: «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты
Сноуборд
Сноуборд – қысқы спорт түрі. Хафпайптарда немесе қарлы бөктер бойымен ылдиға қарай шапшаң сырғанаудан тұрады. 1998 жылдан бастап, сноуборд қысқы Олимпиада бағдарламасына енді. Ал Олимпиада бағдарламасына енбеген «фрирайд» және «джиббинг» деген түрі бар.
Сноуборд Универсиада ойындарындағы ең жас спорт түрі болып есептеледі. Универсиада бағдарламасына 1995 жылы Испанияда өткен 17-ші қысқы Студенттер ойынында енген. Ол кезде 10 елдің атынан 29 спортшы сайысқа түсті. Сол уақыттан бері сноуборд Универсиаданың негізгі спорт түріне айналды. Осы уақыт аралығында сноуборд 8 мәрте Универсиада ойындарының бағдарламасында болды.
Сайыстар бірнеше түрінен өткізіледі: Хафпайп, параллельді алып слалом, параллельді слалом, сноуборд-кросс, биг-айр, слоупстайл болып бөлінеді. Бұл түрлерінің дені Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: Сноуборд кросс (SBX), Параллельді алып слалом (PGS), Параллельді слалом (PSL), Биг Эйр(BA), Слоупстайл (SBS)
Әйелдер: Сноуборд кросс (SBX), Параллельді алып слалом (PGS), Параллельді слалом (PSL), Биг Эйр(BA), Слоупстайл (SBS)
Өтетін орны: «Шымбұлақ» және «Табаған»
Биатлон
Биатлон шаңғы сайысы мен мылтықтан оқ атуды құрайтын олимпиадалық спорт түрі. 1993 жылдан бастап, осы спорт түрінен барлық жарыстар халықаралық биатлоншылар одағының IBU-дің бастамасымен өтіп жүр. Алғаш рет, 1924 жылы Францияның Шамони қаласында өткен Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Бастапқыда биатлон “әскери патрульдердің жарысы” деп аталды. Кейін, 1928, 1936 және 1948 жылдары өткен Олимпиада ойындарында биатлон көрнекі спорт түрі болды.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: жекелей сайыс 20 км, спринт 10 км, із қуып жарысу 12,5 км, масс старт 15 км
Әйелдер: жекелей жарыс 15 км, спринт 7,5 км, із қуып жарысу 10 км, масс старт 12,5 км
Аралас эстафета 2×6 км (Ә) + 2×7,5 км (Ер)
Өтетін жері: «Алатау» шаңғы-биатлон кешені
Шаңғы жарысы
Шаңғы жарысы – белгілі қашықтықтағы арнайы дайындалған трасса бойынша шаңғымен жарысу спорты.
Алғашқы рет жылдамдыққа жүгіруден шаңғымен жарысу Норвегияда 1767 жылы өтті. Норвегиялықтардан кейін шведтер мен финдер жарыс өткізе бастады.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бірқатар елдер де ұлттық шаңғы клубтары пайда болды.
Шаңғымен жүгірудің негізгі екі түрі бар — «классикалық стиль» және «еркін стиль».
1924 жылдан бастап, шаңғы сайыстары Олимпиада ойындарының ресми спорт түрі болып табылады. Дәл осы жылы шаңғы спортының халықаралық федерациясы (FIS) құрылды. Шаңғы сайыстарынан бірінші әлем чемпионаты 1925 жылы Чехословакияда өтті. FIS шаңғы жарысының дамуына жауап береді. Сондай-ақ трамплиннен шаңғымен секіру, тау-шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, фристайл және сноубордтың дамуын қадағалайды.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: Жекелей спринт 1.6 км (C), Жекелей сайыс 10 км (C), Із қуып арысу 10 км (F), Масс старт 30 км (C), Эстафета 4X7.5 км (CCFF)
Әйелдер: Жекелей спринт 1.2 км (C), Жекелей сайыс 5 км (C), Із қуып жарысу 5 км (F), Масс старт 15 км (C), Эстафета 3X5 км (CFF)
Аралас командалық спринт (F) 1Ж+1М 1.2км
Өтетін жері: «Алатау» шаңғы стадионы
Шайбалы хоккей
Шайбалы хоккей – шайбамен мұз үстінде ойналатын командалық спорт ойыны.
Ең алғаш хоккей ережелерін Канаданың Монреаль қаласындағы Мак-Гилл университетінің студенттері қалыптастырды. 1885 жылы дәл осы қалада әуесқой хоккей ассоциациясы құрылды. Араға бір жыл салып, алғашқы халықаралық кездесу канадалық және ағылшын командалары арасында өтті. Көп ұзамай хоккейге арналып, жасанды мұз алаңы бар жабық стадион салынды.
Қысқы Универсиада аясында хоккей жарысы 1962 жылы Швейцарияның Вилар қаласында өтті. Бұл жарысқа ерлерден 4 команда қатысты. Ал 2009 жылы Харбинде өткен 25-ші қысқы Универсиада кезінде әйелдер арасында да жарыс өте бастады. Сол кезде 6 елдің командасы қатысқан болатын.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер турнирі (12 команда).
Әйелдер турнирі (8 команда).
Өтетін орны: Шайбалы хоккей (ерлер) – «Халық Арена»
Шайбалы хоккей (әйелдер) – Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайы
Кёрлинг
Кёрлинг – мұз алаңда өткізілетін командалық ойын.
Алғаш рет керлинг XVI ғасырда Шотландияда пайда болды. XIX ғасырда керлингтің бірнеше түрі шықты: шотландиялық, немістік және швейцариялық.
Ең көне керлинг клубы 1716 жылы құрылған Килсит қаласындағы шотландиялық ойыншыларының ассоциациясы болып табылады. Алғашқы керлингтен бүкіләлемдік чемпионат 1959 жылы ерлер арасында Эдинбург қаласында өткен. Әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты 1979 жылы өткен.
Керлинг Олимпиада бағдарламасына 1998 жылы енгізілді. Осы спорт түрінен алғашқы медальдар Нагано Олимпиадасында сарапқа салынды. Ал Универсиада бағдарламасына 2003 жылы қосылды. Сол ойындарда керлингтен сайыс қосымша спорт түрі ретінде өткізілді.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер турнирі (10 командаға дейін)
Әйелдер турнирі (10 командаға дейін)
Өтетін орны: «Алматы Арена»
Шаңғымен трамплиннен секіру
Шаңғымен трамплиннен секіру – арнайы жабдықталған тұғырдан шаңғымен секіруге негізделген қысқы спорт түрі.
Трамплиннен шаңғымен секіру қысқы және жазғы кезеңдерде өтеді. Дегенмен 90 метрден жоғарғы биіктікте, қысқы маусымда өтетін жарыстардың беделі жоғары болады.
Бастапқыда трамплиннен шаңғымен секіру, слаломның бір бөлігі болған. 1840 жылы алғаш рет слаломнан жарыс өткен. Алғашқыда тұғырдан секіру алысқа секірумен емес, қаншалықты биіктіктен секіргеніңмен өлшенген.
Алысқа секіруді 1868 жылдан бастап ескере бастаған. Бірінші тіркелген нәтиже – 19 метр. Жыл өткен сайын, аталған спорт түрінің ережелері өзгере бастады. 1945 жылдан бастап алысқа секіру ғана емес, секіруді қаншалықты дұрыс орындалуы да ескеріле бастады.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: Жекелей жарыс К 95 (NH), Командалық жарыс К 95 тұғыры
Әйелдер: Жекелей жарыс К 95 (NH), Командалық жарыс К 95
Аралас командалық жарыс К 95 тұғыры (1Ж+1M)
Өтетін орны: «Сұңқар» Халықаралық трамплиндер кешені
Шаңғы қоссайысы
Гундерсен жүйесі бойынша жекелей жарыстар
Тұғырдан секіру— К 95 (NH), 10 km қашықтықта жарысу
Гундерсен жүйесі боынша командалық жарыстар
Тұғырдан секіру— К 95 (NH), 3х5 km қашықтықта жарысу
Шаңғы қоссайысы екі дисциплинадан тұрады: трамплиннен тұғырдан секіру және шаңғы сайысы. Сондай-ақ солтүстік комбинация деген атауы бар. 1924 жылдан бері бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына енген.
Соңғы жылдары шаңғы қоссайысының дәстүрлі бағдарламасы біраз өгерістерді бастан кешірді. Бүгінде екі жекелей дисциплинадан жарыстар өтіп жүр: К-95 және К-125 тұғырынан секіру, одан әрі 10 км қашықтыққа еркін стильде шаңғымен жарысу. Гундерсен әдісі бойынша жекелей және командалық жарыстар (4×5 км эстафета) өтеді.
Командалық түрі — 4×5 км эстафета: Командадағы 4 қатысушының әрқайсысы бір-бірден тұғырдан секіріп, шаңғымен жүгіріп жарысады.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Гундерсен әдісі бойынша жекелей жарыстар. К 95 (NH) тұғырынан секіру , 10 км қашықтықта шаңғымен сайысу
Гундерсен әдісі бойынша командалық жарыстар. К 95 (NH) тұғырынан секіру, 3х5 км қашықтықта шаңғымен сайысу
Масс старт. 10 км қашықтықта шаңғымен, К 95 (NH) тұғырынан секіру
Өтетін орны: «Алатау» шаңғы және биатлон кешені
«Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені
Фристайл
Фристайл – Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген шаңғы спортының түрі. Фристайл бес дисциплинадан тұрады : шаңғы акробатикасы, могул, ски-кросс, халф-пайп, слоуп-стайл. Аталған спорт түрінен бірінші жарыс 1966 жылы АҚШ-тың Аттише қаласында ұйымдастырылған. 1978 жылы фристайлдан бірінші Әлем кубогі өткізілген. Араға 8 жыл салып, 1986 жылы Францияда алғашқы әлем чемпионаты өтті.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: Ски кросс (SX), Могул (MO), Параллельді могул (DM), Акробатика (AE), Аралас командалық акробатика
Әйелдер: Ски кросс (SX), Могул (MO), Параллельді могул (DM), Акробатика (AE), Аралас командалық акробатика
Өтетін орны: «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты
Конькимен жүгіру спорты
Конькимен жүгіру спорты - мұзда шапшаң қимылдап, жүгіруді талап ететін спорт түрі.
Бірінші конькимен жүгіру клубы 1604 жылы Шотландияның Эдинбург қаласында құрылған. Конькимен жүгіру спортының ең алғашқы ережелері 1772 жылы Англияда құрастырылды.
Ерлер арасында конькимен жүгіру Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1924 жылы енгізілген. 1960 жылдан бері Олимпиада ойындарында әйелдер арасында да жарыс өтіп жүр. Сайыстар төрт қашықтықта өткізілген – 500, 1500, 5000, 10000 м және көпсайыс.
Алматыдағы Универсиадада төмендегі түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары анықталады:
Ерлер: 500 м, 1000 м, 1500 м, 5000 м, 10000 м
Әйелдер: 500 м, 1000 м, 1500 м, 5000 м, 10000 м
Өтетін орны: «Медеу» мұз айдыны
Ақпараттар Универсиаданың ресми сайтынан алынды