Дене шынықтыру және спорт агенттігі Олимпиада қарсаңында жаттықтырушылар мен ел атынан шыққалы отырған спортшыларды ынталандыру мәселесін шешкендігі туралы хабарлады.
Ұлттық құрама жаттықтырушыларының жалақысы өсетін болады. Осылайша Лондонға спортшыларымызды дайындаумен айналысып жүрген ұстаздар 2 000 долларға дейін айлық алмақ. Олимпиадаға қатысушылардың өздеріне келсек, бұдан былай спортшылар 5 000 долларға дейінгі жалақыға ие болатын болады. Айта кетелік, бұл ынталандыру шарасы тек 1-ден 6-орынға дейін ие болады деп үміт күттіріп отырған спортшыларға қатысты. Осы жолғы Олимпиаданың қарсаңында басшылықтың сенімін тудырып отырған спортшылардың саны 2 есеге өскендігін айтып өтелік.
Қазіргі таңда қазақстандықтар 16 спорт түрінен ұзын саны 74 лицензияны қанжығасына байлап отыр. Олимпиадада барлығы 13 медальға ие боламыз деп күтілуде. Жаттықтырушылардың болжамы дәл келсе, еліміз алғашқы отыздықтан көрінетін болады.
сурет: feerie.com.ua