Мәскеу төрінде өткен "ЦСКА" мен "Бавария" арасындағы матч ойын деуден гөрі жаңажылдық мерекелік кешке көбірек келіңкіреді. Ақ қарлы аяз бен ақ ұлпа қар астындағы жасыл алаңға ойыншылар керемет көңіл-күймен шықты. Жанкүйерлердің көңіл-күйі стадион ішіндегі сезім аурасын ғаламат күйге бөлеп тұрды. Бірақ мәскеуліктер бұл күні де жеңіске жете алмады...
Гвардиола кезекті рекордты жаңартты - Чемпиондар Лигасында қатарынан 10 ойында жеңіске жету. "Барселона" сапында бір жаңарған рекорд "Бавария" сапында екі жаңарып отыр. Роббен, Гетце және Томас соққан голдар "неміс машинасының" құдірет-күшін тағы бір әйгіледі.
Алаба ақ қарға сүрінген күні мәскеуліктер жеңіске жете алар еді, егер бірінші минуттардан тәуекелге бас тіккенде және "жеңіске" деген сенім күштері болғанда. Аяғы тайып, ақ қарға алданған "Баварияны" қарсылас деуден гөрі, қара бастарының қамын ойлап, жарақат алып қалмауды ойлап жүрген жандарға теңеуге болатын. Слуцкий мұны көргенмен, суықта мұны ескерген ойыншылар табылмады.
Роббен бірінші ұйымдастырылған шабуылда бірінші голды соқты. Қорғаушылар қақпашының алдын жауып қалған сәтте "қызғалдақтар елінің" өкілі қапы қалмады. Жақын бөлікке бағытталған доп қақпа торынан табылды. Екінші голды да Гетценің жеке шеберлігене артуға болар, бірақ, баварлықтардың дәлдіктері мен біліктерін айтпай кетпеске болмайды. Және Игнашевич пен Березуцкийдің қателігін.
Геометриялық дәлдік пен ұжымдық ауызбіршілік "Баварияға" өз ойынын жүргізуге мүмкіндік берді. Мәскеуліктер бірнеше сәтте жақсы мүмкіндікке иелік етті де, бірақ, жүзеге асыру бір кемшің шықты.
Бұл күні Тошичтың соққысы қақпа бағанасынан кері серпілсе, Хонданың ерік-тілегі бір метр жерден мүлт кетіп жатты. Сәт сайын Сейду Думбияның жоқтығы білініп тұрды. Сәт сайын ұжымдық ауызбіршіліктің сәтті ықпалы көрініс таппады...
«Арена Химки» стадионы соңғы 25 минутта көпшіліктің көңілі көтеріп, жадыратып жіберді. Қарсы қақпаға тайлы-тұяғымен жүгірген мәскеуліктер футбол көркін қыздыра түсті. Дегенмен, бұл тұста Леонид Слуцкийдің бір сөзі еске еріксіз оралып отыр: "Біздің кадрлық жағдайымызда бар мүмкіндік осы болды - өз алаңымызда әлемнің ең мықты клубына қарсы терезе тең өнер көрсету. Қонақта бұл мүмкін емес".
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: sports.ru