5 желтоқсан күні Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей құрамасын 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетті. Бұл - Олимпиада ойындары тарихындағы алғашқы жағдай емес... ХОК Ресейді 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде допинг сынамаларын ауыстырды, ел үкіметі допинг жүйесін қолдаған деп айыптады. Ал Ресей бұл айыптауларды саяси астары бар деп санайды. Жалпы Олимпиада ойындары тарихында саяси оқиғалар мен жағдайларға байланысты төртжылдықтың басты додасынан шеттетілген елдер біршама. Тіпті өз еріктерімен қатысудан бас тартқан елдер де баршылық. Бүгінгі айтпағымыз осы жайлы. КСРО және Германия қақтығысы Кей елдердің Олимпиада ойындарынан шеттетілуі 1920 жылдан басталады. Сол жылы Антверпенде (Бельгия) өткен жазғы Олимпиада ойындарына ХОК Германия мен Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтасы болған Австрия, Венгрия, Болгария мен Түркия елдерін қатыстырған жоқ. КСРО құрамасы да бұл Олимпиададан тыс қалды. 8 спортшының қатысуына өтініш бергенмен, ХОК қанағаттандырмады. Бұл оқиға төрт жылдан кейін Парижде өткен Олимпиада ойындары кезінде де қайталанды. Германияны Бірінші дүниежүзілік соғысты бастаған ел ретінде жарысқа қатыстырмады. КСРО спортшылары да барған жоқ. Одан кейін КСРО құрамасы Олимпиадаға 1952 жылы барып қана қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1948 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарынан Германия мен Жапония құрамалары шеттетілді. КСРО шақырту алғанмен, одан кейінгі жарысқа қатысу туралы шешім қабылдады. Саяси оқиғалар әсері 1964 жылы Токиода (Жапония) өткен Олимпиадаға саяси жағдайларға байланысты Оңтүстік Африка елінің спортшылары келген жоқ. Ал 1970 жылы бұл елді ХОК қатыстырған жоқ. Тек 1990 жылдардан бастап қана бұл ел Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. 1992 жылы Барселонада өткен төртжылдықтың басты додасына екі бірдей елдің спортшылары Олимпиада туы астында жарысқа қатысты. Бірі ыдыраған КСРО-ның спортшылары болса, екіншісі Югославия. Әсіресе соңғысына қарсы спорттық санкция ауыр болды. Футболдан Югославия құрамасы Еуропа чемпионатынан шеттетілді. Бір қызығы, олардың орнына барған Дания құрамасы чемпион атанды. 2000 жылы Сиднейде (Аустралия) өткен жазғы Олимпиадаға Ауғанстан елінің спортшылары қатыстырылмады. Бұл елдегі саяси жағдайлармен байланысты болды. Себебі елді билігін жүргізіп отырған тәлібтер ауған әйелдеріне жарыстарға қатысуға рұқсат берген жоқ. Елде тәлібтер билігі құлағаннан кейін ғана ХОК ауған спортшыларының Олимпиадаға қатысуына рұқсат берді. 2012 жылы ХОК үнді елінің құрамасын 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетті. Оған елдегі екі спорт шенеунігінің пара алуы мен алаяқтық жасауы себеп болды. Нәтижесінде Үндістанның үш спортшысы Сочидегі додаға Олимпиада туы астында келді. Әйтсе де жарыс кезінде бұл спортшыларға қарсы шешім өзгертіліп (Олимпиада тарихында алғаш рет), атлеттер ауылында үнді елінің туы көтерілді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына Кувейт елінің құрамасы қатыспады. ХОК мұндай шешімді елдегі биліктің спортқа килігуімен түсіндірді. Кувейт ХОК шешіміне қатысты Лозаннадағы Спорттық төрешілер сотына (CAS) шағым түсіріп, 886 миллион еуро көлемінде өтемақы сұраған. Бірақ CAS олардың шағымын қанағаттандырған жоқ. Өз еркімен бас тартқан елдер Олимпиада ойындарынан бас тартқан елдер де бар. Бұл көбіне саяси жағдайларға байланысты. Соның ішінде КСРО мен АҚШ елдері арасындағы қырғи-қабақ кезеңді айтуға болады. 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарына АҚШ спортшылары келген жоқ. Жалғыз америкалық спортшылар ғана емес, сол кездегі КСРО әскерінің Ауғанстанға кіруіне қарсылық танытып 65 ел спортшыларын жібермеді. Ал араға 4 жыл салып КСРО құрамасы Лос-Анджелестегі Олимпиадаға барған жоқ. Сондай-ақ социалистік елдердің біршамасы бармады. Ливия мен Иран құрамалары Израиль елінің спортшылары қатысқаны үшін бойкот жариялады. КСРО мен АҚШ құрамаларының бір-бірінде өткен Олимпиада ойындарына қатыспауы жайлы бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, бүгінде Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко былайша еске алады. - 1980 жылғы Олимпиада ойындары есімде. Капиталистік елдер келуден бас тартты. Одан кейін КСРО АҚШ-тағы Олимпиадаға бойкот жариялады. Әйтсе де 1980 жылғы додаға ХОК туы астында қатысқан спортшылардың саны көп болды. Менің бір білетінім, капиталистік елдерден келген спортшылармен кездесіп, тең түскен жағдайда жеңісті оларға берді. Себебі социалистік елдердің ғана жарысы секілді болып қалмасын деген ой жатты. Сол кезде Серік Қонақбаев осындай бір саясаттың салдарынан күміс алды. Ол финалда жеңілмеген еді. Тек қарсыласы Патрицио Олива капиталистік елден (Италия) келгені үшін төрешілер оған жеңісті берді. Мұндай оқиғалар көп болды. Саясаттың спортқа әсері өте жағымсыз дүние. Мен ресейлік спортшылардың Олимпиада туы астында қатысқанын жөн санаймын. Бәрі ұмытылады, ал чемпиондық атақ қалады, - деді Виктор Демьяненко Vesti.kz сайтына берген сұхбатында. Еңбек зая кетпес үшін Бүгін Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов БРИКС елдері (Бразилия, Үндістан, Қытай және ОАР) және Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстанның Ұлттық Олимпиада комитеттеріне Ресей шеттетілуіне байланысты ниеттестік ретінде 2018 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспауға шақырды. Бұл, әрине ақылға қонымсыз дүние. Спорт пен саясаттың жолын шатастырмаған абзал-ақ. Оның үстіне Олимпиадаға қатысу, онда жүлде алу кез келген спортшының арманы екені жасырын емес. Осы жайында бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Vesti.kz тілшісіне өз ойын білдіре кетті. - Маған Ресей құрамасына шығарған шешім ұнамады. Олардың ХОК туы астында Олимпиадаға қатысуларына мүмкіндіктері бар. Енді ресейлік спортшыларға қатысып, жүлде алу керек. Себебі спортшы дәуірі ұзақ емес. Төрт жыл бойы дайындалып, қатыспай қалуы еңбектің зая кеткені. Сондықтан қатысу жайлы шешім қабылдаулары тиіс. Мен мұндай жағдайда осындай шешім қабылдайтын едім, - дейді боксшы. Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары 9-28 ақпан аралығында өтеді. Қазақстандық спорт делегациясы бұл додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайды деп күтілуде.