Елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында Vesti.kz сайты "Живи спортом" жобасын бастады. Бұл жоба халықтың спортқа деген қызығушылығын ояту және саламатты өмір салтын сақтауға бағытталған.
Vesti.kz әр мақалада күн сайын айналысуға болатын бұқаралық спорттың бір түрін кеңінен талдайтын болады. Сарапшылар қатарында танымал чемпиондармен қатар, белгілі бір дәрежеде жетістік шыңын бағындырған әуесқой мамандар да болады.
Сайт алғашқы мақаласына скандинавиялық жүрісті арқау еткен. Қазіргі таңда бұл спорт түрі халық арасында кеңінен танылуда. Сарапшы - биатлоннан 2010 жылғы қысқы Олимпиаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталева.
Скандинавиялық жүрісті кейде солтүстік жүрісі деп те атайды. Жер бетінде бұл спорт түрімен миллиондаған адам шұғылданады. Таза ауада сергіп, денсаулықты түзеу жолындағы ең пайдалы спорт түрінің бірі. Мұны Финляндия елінің шаңғышылары ойлап тапқан. Себебі жазда спорттық баптарын жоғалтып алмау үшін қажет болған. Бастапқыда олар жүруден емес, таяқ ұстап жүгіруден бастаған.
Жаттығудың бұл түрімен кәсіби спортшылар ғана айналысқан. Кейіннен дәрігерлер мен спорт саласы мамандарының назары ауған. Нәтижесінде денсаулыққа пайдалы физикалық жаттығу түрі пайда болды. 1990 жылдардың соңына қарай скандинавиялық жүрістің арнайы экипировкалары шығарыла бастады. Таяқтары жасалды. Nordic walking термині халықаралық сипат алды.
Қазақстанда дамуы
Солтүстік жүрісті Қазақстанға 2014 жылы ресейлік жаттықтырушы Максим Прощенко ала келді. Ол Орталық Азияда алғаш рет скандинавиялық жүріске бағытталған кәсіби "Евразия" мектебін ашты. Одан бергі аралықта бұл мектепті мыңдаған оқушылар бітіріп шықты. Жыл санап бұл қатар артып келеді.
Қазіргі таңда ел өңірлерінде арнайы дайындайтын 120-дан астам кәсіби мамандар бар. Сондай-ақ бұл мектептің Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Риддер, Семей, Бішкек пен Ташкент қалаларында филиалдары ашылған.
- Мен өзім де осы мектептегі нұсқаушы мамандардың бірімін. Қатысушылардың көпшілігі денсаулығының қадірін білетін белсенді жандар. Қазір бұл спорт түріне жастардың қызығушылығы жоғары. Мені өзім секілді спортшылардың осындай іске белсене араласып, көрген-білген тәжірибесімен бөліскені қуантады, - дейді Елена Хрусталева.
Адам ағзасына пайдасы қандай?
Скандинавиялық жүріспен барлық адамның шұғылдануына болады. Бұл спорт түрі адамды төзімділікке, денсаулығының жақсаруына көмектеседі.
Күнде бар талаптарын ескере отырып айналысатын адамдар ағзасында қандай өзгерістер болады?
- адам бойындағы бұлшықеттердің 90%-ы шынығады;
- аяқ буындары мен омыртқаға түсетін күш 30%-ға төмендейді;
- жүрек соғысы минутына 10-15-ке артады, бұл жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы;
- жай жүруге қарағанда калория көбірек жұмсалады, нәтижесінде арықтауға көмектеседі;
- өкпенің көлемі мен дем алатын оттегінің мөлшері артады;
- дене мүсіні мен қозғалыс координациясы жақсарады;
- зат алмасу мен ұйқы қалыпты жұмыс істеп, өмірлік тонус артады;
Жарақат алу мен қарсы белгілер
Скандинавиялық жүріс - қауіпті спорт түрлерінің қатарына жатпайды. Жарақат алу көрсеткіші де төмен. Барлық жастағы адамдар үшін пайдалы. Бірақ, кез келген спорт түрі секілді мұнда да жолға шығар алдында дене қыздырып алу керек.
Скандинавиялық жүріспен айналысуға тек ауыр инфекциялар кезінде, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде, отадан кейінгі кезеңде, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған жағдайларда ғана шұғылдануға болмайды.
- Жүру жүгіруден де қауіпсіз. Егер жүгіруге қызығып жүрген жандар болса, алдымен скандинавиялық жүрістен бастаса болады. Алдымен физикалық күш-қуатын арттырады, - дейді Хрусталева.
Жылдың қай мезгілінде жаттығу керек?
Бұл спорт түрінің бір артықшылығы - жылдың кез келген мезгілінде жалғыз, не топ болып шұғылдануға болады. Бастысы - арнайы құрал-жабдығың (таяқ) мен киімің дайын болса болғаны.
Бәрінен бұрын арнайы таяғы қажет. Ол жеңіл әрі берік металдан жасалады. Шаңғы таяғына да ұқсайды. Бірақ одан сәл қысқалау болады. Бұл таяқ денеге түсетін күшті қалыпты ұстауға көмектеседі.
Арнайы таяқтың да екі түрі болады: Ұзындығы белгіленген және телескопиялық (жылжымалы сегменттері бар). Олардың биіктігі орта есеппен кіндіктен сәл жоғары болуы тиіс. Жылдам және қарқынды жүру үшін ұзын тіректерді қолданады. Жаяу жүруге арналған таяқтар алюминий, карбон немесе композициялық материалдардан болуы мүмкін. Олардың ерекшелігі - қолғапқа ұқсас және таяқшаның тұтқасына бекітілген, "темляк" деп аталатын білезікке арналған арнайы белдігі болады.
Таяқпен бірге ауыспалы ұштықтар қолданылады. Асфальт, бетон және плитка үшін - резеңке ұштық алған дұрыс. Ал мұзда, қарда, жерде және соқпақта жүру үшін - металл, үшкір түрлерін пайдалану керек. Бұл жүру кезінде көп көмек береді.
Скандинавиялық жүрісте арнайы аяқ-киім қажет емес. Бастысы кроссовка болсын, бәтеңке болсын, аяққа ыңғайлы әрі іші жұмсақ болғаны жөн.
Таяқты дұрыс таңдаудың жолдары
Таяқтың ұзындығын дұрыс таңдау өте маңызды. Егер оның ұзындығы дұрыс болмаса, онда техникада қателер немесе шамадан тыс жүктеме пайда болуы мүмкін. Жаңадан бастаушыларға арналған таяқтардың биіктігін қарапайым формула арқылы анықтауға болады: адам бойының ұзындығы (сантиметрмен) 0,66-ға тең коэффициентке көбейтіледі. Мысалы, 170 көбейту 0,66 - таяқшаның оңтайлы ұзындығы 112 сантиметр болады.
Көп қаржы шығындамайсыз
Скандинавиялық жүрістің тағы бір артықшылығы - көп қаржы шығындамайсыз. Бар болғаны таяғын сатып алып, бірнеше рет арнайы маманның кеңесіне жүгінсеңіз болғаны. Қалай жүру жайлы көріп алсаңыз, ары қарай өзіңіз кез келген уақытта шыныға бересіз.
Неше жастан бастап айналысуға болады?
Бұл ерекше жаттығуды мектеп қабырғасында жүріп-ақ бастап кетсеңіз болады. Шамамен 6-7 жастан бастап скандинавиялық жүріске бейіміңізді арттыруға бел бусаңыз ерте емес.
Жаттығуға арналған орындар
Скандинавиялық жүріспен өзіңізге ыңғайлы кез келген жерде айналысуға болады. Тау болсын, дала болсын, саябақ болсын, өзіңіздің мүмкіндігіңізге қарай шұғылданасыз. Тауға шыққанда немесе төмен түскенде өзіндік техникалары болады. Бірақ мұның барлығы тәжірибе арқылы келеді.
Жүру кезінде қозғалыс ұзақтығы мен жылдамдығы әркімде әрқалай. Бұл ретте, егер сіз техниканы қадағалап, күш салсаңыз, нәтиже шығады. Орта есеппен аптасына кемінде үш рет минимум 45 минуттан айналысу керек. Бірақ бір сағат жүргеніңіз абзал.
"Живи спортом" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіледі.