- Негізгі бет
- Маккала
- Спортпен өмір сүр....
Спортпен өмір сүр. Шавкат Рахмоновтың бапкері ММА жайлы
Vesti.kz спорт порталы "Живи спортом" атты ауқымды жобасын жалғастыру үстінде. Бүгінгі мақалада аралас жекпе-жек спортымен жақынырақ таныс боласыздар. Адамдар бұл спорт түрінде жарақат көп болады деп ойлайды. Алайда шын мәнісінде бұл жалған ақпарат.
Қазақстан құрамасының бас бапкері, M-1 Challenge чемпионы Шавкат Рахмоновтың жеке жаттықтырушысы Баян Жанғалов аралас жекпе-жектің қыр-сырымен бөлісті.
Ұлттық құрамадағы және Рахмоновпен жұмысы жайлы
Мен ММА-дың әуесқой түріне баса назар аударамын. Алты жылдан бері Қазақстанның әуесқой құрамасын жаттықтырып келемін. Бос уақыытмда Көкшетауда шәкірт тәрбиелеп, кәсіпқой спортшы Шавкат Рахмоновты дайындаймын. Біз бұрыннан бірге жұмыс істеп келеміз. Ол осы әуесқойдан ауысқан спортшы. Уақыт өте шеберлігі өсіп, қазір кәсіпқойда бағын сынап жүр.
Қазақстандағы ММА спортының дамуы жайлы
Аралас жекпе-жектің басты ерекшелігі - бірнеше спорттың бірігуі. ММА спортшысы бір мезетте бокс, кикбоксингпен қатар күрес түрлері - греплинг, джиу-джитсуды алып жүру қажет. Спортшы жан-жақты дамуы керек. Міне, осы аралас жекпе-жекті жан-жақты спорт етеді.
ММА Қазақстанда 2000 жылдардың басында дами бастады. Оған дейін панкратион болатын. Қазіргі таңда ММА Қазақстанда белгілі бір дәрежеде дамыды. Біздің әуесқой спортшыларымыз соңғы алты жылда Азияда теңдессіз екендерін дәлелдеп келеді. Сондай-ақ спортшыларымыз әлемде үздіктердің қатарына енеді. 2013 жылдан бастап Қазақстанда ММА спорт түрі болып саналады. Содан бері біз тек мықты екенімізді дәлелдеп жүрміз. Жақында өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепті бірінші орын алдық.
Аралас жекпе-жекпен қай жаста айланысуға болады?
Қазір ММА бұқаралық спорт түріне айналып келеді. Осы себепті аралас жекпе-жекпен айналысқысы келетіндердің саны күннен күнге арту үстінде. Бірақ бізде қатаң жас талабы бар: жаттығуға тек 16 жастан асқан балалар қатыса алады. Қазақстанның барлық қаласында аралас жекпе-жек мектептері мен клубтары бар. Оған қоса Федерация еліміздің барлық облыстарын қамтыған. Кішкентай балалардың жаттығуға келетін кездері болады. Бірақ біз оларға рүқсат бермейміз.
Дегенмен шілде айынан бастап елімізде 14 жасқа дейінгі балалар арасында Номад ММА ережесі бойынша жарыстар ұйымдастыруды қолға алатын болдық.
Ережеге сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалар аралас жекпе-жекпен тек күнтізбе жоспары және ереже бойынша ғана айналыса алады. Ал 14 жастан асқаннан соң не ММА, не Номад ММА ережесі бойынша бойынша жарысқа қатысуға болады.
ММА мен жарақат
Уақыт көрсеткендей бізде кәсіпқой футбол не басқа күш қолданатын спорт түрлеріне қарағанда жарақат аз. Оған бірден бір себеп, аяқ қорғанышы мен қолғап. Оған қоса төреші спортшыларға қатаң ереже бойынша қимылдауға рұқсат береді. Спортшылардың біреуінің денсаулығына қауіп төнгенде төреші кез келген сәтте жекпе-жекті тоқтатуға құқылы.
Жаттықтырушылар саны жеткілікті ме?
Елімізде білікті бапкерлер көп. Бірақ олардың басым бөлігі басқа спорттан ауысып келгендер. Уақыт өте өздерін дамытып, біліктілігін арттырып аралас жекпе-жекте үздік жаттықтырушы болғандар жетерлік. Болашақта ММА Біріккен федерациясы жаттықтырушыларға арнап семинарлар өткізетін болады.
Тәжірибе маңызды ма?
Бастапқы кезде аралас жекпе-жекке басқа спорт түрлерімен айналысқандар келетін. Негізінен күрес, самбо, кикбоксингте жүргендер кейін ММА-ге ауысты. Сол себепті алғашқы кезде аралас жекпе-жектен тәжірибесі бар спортшылар айналысты деуге толық негіз бар. Ал қазір бұл тенденция өзгеріп келеді. Мүлдем спорттан хабары жоқ, ММА-ге бағын сынау үшін келетіндер бар. Олардың кейбіреуі қазір ұлттық құраманың сапында өнер көрсетеді. Ел чемпиондары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары.
Осыған қарап ММА-ге міндетті түрде тәжірибесі бар спортшылар қажет деп айтудың өзі қате екенін түсінуге болады.
ММА-мен айналысу үшін қанша қаражат қажет?
Әуесқой деңгейде айналысу үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Бұл жағынан тек кәсіпқой спортшыларға қиын. Дегенмен аралас жекпе-жектің енді дамып келе жатқанына байланысты көп спорт мектептерінде секцияларымыз жоқ. Кейбіреулері залдарды жалға алып, жаттығу жасайды. Бірақ бұған қарамастан ММА басқа спорт түрлеріне қарағанда арзан.
Жарыстар туралы
Алдымен аймақтық іріктеу жарыстары болады. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалаларда бөлек іріктеу өтіп, әр облыстың құрамалары жасақталады. Бұдан кейін ел чемпионаты ұйымдастырылып, үздіктері ұлттық құрамаға шақырту алады.
Қазақстан чемпионатының жүлдегері атану үшін қанша уақыт кетеді?
Кез келген спортта дарынды балалар болады. Бірақ талант бірінші кезекте еңбекқорлықты жақсы көреді. Егер бала еңбекқор болса, жаттығудан қалмайтын болса, бапкердің айтқанына құлақ асса міндетті түрде нәтиже шығады. Ешқандай спорт түрімен айналыспаған ауылдан шыққан балалар екі-үш жылда ел чемпионы атанған кездер болған.
Еске салайық, Vesti.kz спорт порталы "Живи спортом" жобасын бастаған болатын. Негізгі мақсат – елімізде бұқаралық спортты дамыту әрі насихаттау. Әр шығарылымда көпшілік айналысуға ыңғайлы спорт түрі жайлы жазатын болады. Сарапшы ретінде танымал чемпиондар, жетістік шыңын бағындырған әуесқой спортшылар да таңдалады.
"Живи спортом" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.
А. Рысдәулет