Бақыт немен өлшенеді? Бұл сұраққа әркім әрқилы жауап беретіні рас. Себебі әр адам бақытты өзінше сезінеді, өзінше ұғынады. Көпшіліктің ұйғарымында шынайы бақыт деген – өз арман-тілектерінің ақиқат өмірде жүзеге асуы. Ал расында солай ма?
Алға қойған мақсаттарың, жоспарлаған дүниелерің еш кедергісіз жүзеге асса, қуаныш сыйлайтыны рас. Бұл да бақытты бір сәт.
Еңбек - бақытқа жетелейді. Талмай, тынбай еңбек еткен жанның несібесі кем болған емес. Кез келген істің қайырын көріп, рақатын сезінеді.
Адам өзін бақытты сезіну үшін не істеу керек? Қарапайым мысалдарды-ақ алып қарайық. Пенде болғасын, көңіл толмайтын дүниелер болады. "Неге семіріп барамын", болмаса "тез шаршап қаламын" деген сұрақты ойлап та адам жабырқауы мүмкін. Ал бұл сұрақтардың жауабы - спортта. Күнде болмаса да, арагідік физикалық жаттығулар жасау - адамды сергітеді. Бойға күш-қуат бітіріп қана қоймай, психологиялық көңіл-күй реттеледі. Күйзелісті жеңуге көмектеседі. Бұл ғылыми тұрғыдан да дәлелденген.
Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында да сан мыңдаған үдерістер болады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин гормоны (қуаныш пен ләззәт алу гормоны) мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл-күйге әсер етеді екен. Адам жаттығудан кейін өзін сергек, жеңіл әрі бақытты сезінуінің бір сыры да осы.
Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қанайналым жүйесін жақсартады. Қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады.
Спортпен шұғылдану арқылы ұйқының уақыты да реттеледі. Clinical Sports Medicine журналы ақпараты бойынша, жаттығу жасау - миға ұйқыны жеткізуге жол ашатын бір тәсіл де екен.
Ғалымдар АҚШ-тың Пенсильвания университетінің 200-ге жуық студентіне зерттеу жүргізген. Олар күніне 20 минуттан астам уақытын түрлі дене жаттығуларына арнаған. Ал сегіз күннен кейін қатысушылар өздерінің басынан өткеріп жүрген күйлерін жазып тапсырған. Нәтижесінде көбісі ұйқысыздықтан, әлсіздіктен құтылғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, дәрігерлер қатысушылардың психикасында оң өзгерістер барын анықтаған. Студенттер болса, жаттығу жұмыстарынан кейін көңіл-күйлерінің көтеріліп, өздерін бақытты сезініп жүргендерін жеткізген.
Спорт залдарына барып жаттығу - адамның өзіне деген бағасын өсіреді. Артық салмақтан арылып, залдың аурасын сезінудің өзі адамның мерейін асырады. Мұның өзі психологиялық тұрғыдан өзіңді жақсы көруге, өз-өзіңе көңіл бөлуге зор септігін тигізеді.
The British Journal of Sports Medicine жазғандай, спорт адамның жұмыс өнімділігіне де әсерін тигізеді екен. Зерттеулер бойынша спорт залға барып жаттығып жүрген жандардың креативті ойлау көрсеткіштері едәуір артқан. Бір сөзбен айтқанда, физикалық жаттығулар - жетістікке бастар бірден-бір жол.
Сент-Лео университеті ғалымдары спортпен шұғылданатын жандар өз уақытын тиімді пайдалана алатыны жайлы айтады. Олар өз істеріне тиянақты болып, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды екен. Бастысы өздерін әр сәтте бақытты сезініп жүреді екен.
Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.