Елордамыз Астана қаласында кеше 2012 жылдың үздік спортшыларын ресми түрде марапаттауға арналған олимпиадалық балл өтті. Салтанатты жиын барысында еліміз үшін сәтті аяқталған Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, бапкерлер және спорт саласында қалам тербеп жүрген тілшілер қауымы қатысты.
Сонымен, "Жылдың үздік спортшысы" атағы Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары Серік Сәпиев, Илья Ильин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Майя Манеза, Зүдфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Олимп ойындарының жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаров, Иван Дычко, Гүзел Манюрова және Марина Вольноваларға бұйырды.
Ал "Жылдың үздік бапкері" номинациясында Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген Алексей және Виктор Ни (ауыр атлетика), Тойшан Бектеміров (Илья Ильиннің бапкері), Сергей Кручина (А. Винокуровтың бапкері), Сергей Алексеев (О.Рыпакованың бапкері), Александр Стрельников (С.Сәпиевтің бапкері), Марат Жәкиев (Ә.Ниязымбетовтың бапкері), Марат Тұрлыханов (Д.Гаджиевтың бапкері), Берік Маржықпаев (М.Вольнованың бапкері), Сәкен Аязбеков (Г.Манюрованың бапкері), Владимир Шайрер (И.Дычконың бапкері) және Әділет Сарыбаев (А.Таңатаровтың бапкері) сынды бапкерлер марапатталды.
Еліміздің "Үздік спорттық ұйымдар" номинациясында ҚР ауыр атлетика федерациясы, Қазақстан бокс федерациясы және ҚР Велосипед спорт федерациясы үздік деп танылды.
Жас спортшыларды жақсы тәрбилеп, ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан "Үздік спорттық аймақтар" қатарында оңтүстік астанамыз Алматы, Қызылорда және Қарағанды облыстары бар.
Биыл Сейдахмет Бердіқұлов атындағы “Үздік спорт журналистеріне” тағайындалатын сыйлық "Қазақ спорты" газетінің бас редакторы Төлеубек Қадырмоллаға бұйырды. "Егемен Қазақстан" газетінің спорт журналисі Алмас Манаппен сондай-ақ "Хабар" арнасының тілшісі Галина Полевая үздіктер қатарында бар екен.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz