- Негізгі бет
- Маккала
- Сноубордта сырғанаудың сыры...
Сноубордта сырғанаудың сыры
Әркім қысқы демалысты әр түрлі пайдаланады. Біреулер шекара асып теңіз жағалауында жатқанды ұнатса, енді бірі отандық туризмді қолдап, елде уақытын өткізіп жатыр. Ал сіз қайда демалғанды ұнатасыз?
Бұл мақала қар түсе салып тауға ұмтылатын жандар мен енді-енді қысқы спорт түрімен танысқандар үшін арналған. Қыста саябақта серуендеп, көкке шыға алмайсыз. Дегенмен бұл үйде жата беруге себеп емес. Алматы секілді ғажайып қаланың тұрғындарына табиғат сый жасаған. Қаладан жарты сағаттық жерде Шымбұлақ пен Ақбұлақ тау-шаңғы курорты бар. Мұндай мүмкіндік еліміздің барлық қалаларында жоқ. Тауда не істейміз дегендерге жауап: сноубордпен сырғанауды үйренеміз.
Тауға өзімізбен бірге не аламыз?
Алдымен спорттық тауарларды жалға беретін дүкеннен сноуборд алуға кеңес береміз. Өйткені үйреніп алмайынша құрал-жабдықты сатып алудың қажеті жоқ. Сонымен, ең қажет затты қалай таңдаймыз? Бойыңызға сәйкес келетінін қараңыз. Егер бойыңыздың қанша екенін білмесеңіз, сноуборды тіке қойыңыз. Биіктігі мұрныңыз бен иегіңіздің арасында болуы керек.
Екінші, аяғыңызды қыспайтын әрі бос болмайтындай аяқ-киім таңдаңыз. Үстіңізге арнайы күртке киген дұрыс. Ал шалбарыңыз су өткізбейтіндей болуы қажет. Міне, сіз енді сырғанауға дайынсыз.
Әуесқойлар үшін Ақбұлақ тау-шаңғы орталығына баруға кеңес береміз. Себебі, Талғар шатқалын үйренуге ыңғайлы. Бөктері тік емес, оның үстіне биік те емес. Ал Шымбұлақ кәсіпқойлар мен ерекше сезімді ұнататындарға арналған.
Сноуборда сырғанауды үйреніп жүргендердің жадында болуы тиіс 10 ереже:
1. Ешкім сноубордта құламай сырғанап үйренген емес. Құлаудан қорықпаңыз. Егер бір жеріңізді жарақаттап алудан сескенсеңіз, қорғаныс заттарын киіңіз.
2. Сноубордта сырғанау бір қарағанда оңай болып көрінері анық. Алайда сноубордта тұрғанда бұл ойыңыздың қате екенін түсінесіз. Ешқашан жігеріңіз жасамысын. Қанша құласаңыз да орныңыздан тұратындай күшіңіз болуы қажет.
3. Тақтаға тұрып, бірден үйреніп кетемін деген ойдан аулақ болыңыз. Бірден үйреніп кетпесеңіз де, уақыт өте ілгерліліктің бар екенін түсінесіз.
4. Сырғанау алдында бұлшық еттеріңізді қыздырып, жаттығу жасаңыз. Өйткені сырғанап болғаннан соң күнделікті өмірде қозғалысқа түспейтін бұлшық еттеріңіз ауыратын болады. Ал оның алдын алу үшін сәл уақытыңызды дене қыздыруға жұмсаңыз.
5. Бұл спорт түрімен айналысу үшін уақыттың тым аз екенін білетін шығарсыз. Алғаш қар түскен сәттен бастап күн жылынғанға дейінгі уақыт аралығында тауға барынша көбірек баруға тырысыңыз.
6. Сноуборда сырғанап үйреніп болмайынша биік бөктерге бармаңыз.
7. Денеңіздің ауырғаны қоймағанша қайта тауға көтерілмеңіз.
8. Сноубордпен сырғанау алдында ғаламтордан техникасын үйрену үшін видеолар қарап, мақалалар оқыңыз.
9. Сноубордпен алғаш рет сырғанауға барсаңыз 4-5 сағат артығымен жетеді.
10. Өзіңізбен бірге термоспен ыстық шәй алыңыз. Тауда расында салқын.
Тауға жалғыз өзіңіз бармаңыз. Қасыңызға сырғанай алатын досыңызды ертіп алыңыз. Тіпті, болмаса нұсқаушы жалдаңыз. Өйткені алғаш рет сырғанағанда көп қиындықтарға тап боласыз.
Р.S. Есіңізде болсын, сноубордпен сырғанау - құмар ойын секілді. Құмарыңыз қанғанша тауға қарай ұмтыла бересіз.
Massaget