- Негізгі бет
- Маккала
- «Шахтер» футболшыларының жалақысы...
«Шахтер» футболшыларының жалақысы қашан беріледі?
Өткен маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып, ел абыройын асқақтатқан қарағандылық «Шахтер» футбол клубы тарап кетудің аз-ақ алдында тұр деп хабарлануда. Қазіргі таңда клубтың ойыншыларына 250 миллион теңге көлемінде берешегі бар екен.
Соңғы ойындарында «Шахтердың» көсіле алмай жүргенін көзіміз көріп жүр. Екі ай бойы жалақыларын алмаған футболшылардың доп тебуге зауқы жоқ секілді де көрінеді. Дәл осындай жағдай өткен маусымда да орын алған болатын. Павлодарлық «Ертіс» ойыншыларына дер кезінде ақшаларын бере алмай, тығырыққа тірелген-ді. Сол күн енді «кеншілер» басына туып отыр. Футболшылар жалақыларын уақытымен өтемесе командадан ұпай алынатыны да бар. Егер «Шахтерды» ондай да қиындық (тілім – тасқа) күтіп тұрса, еурокубок додаларынан тыс қалары мәлім. Десе де бүгін Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков футболшылардың жалақысын беретінін айта кетті. Бірақ, биыл емес...
Нұрмұхамбет мырзаның сөзіне қарағанда, клубқа осы жылы мемлекеттік бюджеттен толық көлемде қаржы бөлінген. Яғни, ол 1,2 миллиард теңгені құраған. Ал одан кейін клуб бюджетін сақтап қалу үшін бір рет 180 миллион, тағы бір рет 200 миллион қаржы аударылған. Бірақ, бұл айтылған қаражат клуб қажетін өтемей отыр. Облыс әкімі мәлімдегендей, «Шахтер» ойыншылары өз жалақыларын 2015 жылға қадам басқаннан кейін барып қана қолдарына алмақ.
Қазіргі таңда клуб ел премьер-лигасында алғашқы алтылықты қорытындылап тұр. Өткен маусымнан кейін командадан белді бірнеше ойыншылар кеткен-ді. Енді осы маусым соңынан тағы бірнеше ойыншылардың келісімшарты аяқталады. Олардың «кеншілер» сапында қайта қалуы тағы екіталай. Бас бапкер Виктор Кумыков та шәкірттеріне өзге клубтардан ұсыныстар түсіп жатқанын жасырып отырған жоқ. Жақында жас шабуылшылар Тоқтар Жаңғылышбай мен Роман Мұртазаевқа «Астана» мен «Ақтөбе» клубтары қатарларына қосуға емеурін білдірді. Ресейлік маман клубты тарап кете ме деп алаңдайды. Жалғыз Кумыков мырза ғана емес, қазақ футболының бар жанкүйерлері де Қарағанды футболының құрдымға кеткенін қаламайтыны айтпаса да ақиқат.
Сурет: timeskz.kz
О. Сансызбай