Шахмат – ақыл-ой спорты. Бұл спорт түрінің тарихының өзі ертеден басталады. Бүгінде шахматтың дамуы мен ілгері өрлеуі үшін талай жобалар қолға алынуда. Соның бірі – бұл спорт түрін қысқы Олимпиада ойындарына ендіру.
Бір қарағанда, шахмат пен қысқы Олимпиада ойындарына енетін спорт түрлерінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Тіпті, арасы жер мен көктей. Десе де Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) Халықаралық Олимпиада федерациясынан шахматты қысқы Олимпиада ойындары бағдарламасына қосуды өтініп отыр. Арнайы хат та жолдап үлгерген. ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжиновтың айтуынша, бұл мәселе жақын уақытта өз шешімін табатын көрінеді.
- Біз ХОК президенті Томас Бахпен 19 маусым күні Лозаннада кездесу өткізу туралы келісіп қойдық. Сол кездесуде шахматтың қысқы Олимпиада ойындарына қосылуы туралы мәселені талқылайтын боламыз. Арнайы өтініш те дайындап жатырмыз. Бізді 100-ге жуық Олимпиадалық комитеттер қолдап отыр, - деді Кирсан Илюмжинов.
Шахмат қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосылар болса, спорт тарихындағы ірі жаңалықтардың бірі болары сөзсіз. Кирсан Илюмжиновтың сөзіне сенсек, шахмат спорты бағдарламаға енер болса көптеген елдердің қысқы Олимпиадаға қатысуына жол ашылады екен.
- Қысқы Олимпиадада жарыстар бір күнде екіге бөлініп өткізіледі. Таңертеңгі жарыстар сағат 8-ден 15:00-ге дейін жалғасса, кешкі ойындар сағат 19:00-ден кейін өтеді. Байқасаңыздар сағат 15:00 мен 19:00 аралығы бос қалады. Осы уақыт аралығын тиімді пайдаланудың бір жолы – шахмат ойындарын өткізу. Шахматқа қысқы спорт түрлері секілді тау-шаңғы алаңы, арнайы соғылған мұз айдындар қажет емес. Бізге бір ғимарат болса жеткілікті. Тағы айта кететіні, көптеген елдер ауа-райына байланысты қысқы Олимпиадаға қатыса алмай келеді. Егер шахмат бағдарламаға енер болса, көптеген елдерге бұл додаға қатысуға жолы ашылар еді, - деді ФИДЕ президенті.
Сонымен шахматтың қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі – 19 маусым күні Лозаннада талқыланатын болады. Ал спортсүйер қауым бұл туралы қандай ой білдіреді екен?
Сурет: candidates2014.fide.com