Сахара шөлі әлемдегі ең ыстық аймақтардың бірі. Құмды, шөлейтті аймақтың жаз мезгіліндегі температурасы 58 градусқа дейін көтеріледі, ал қыста 15-28 градус аралықты ұстап тұрады. Шөл даланың кейбір бөліктерінде бірнеше жылдар бойы жаңбыр тамшысы тимеген жерлер де бар. Әлемдегі ең үлкен шөлдердің бірі болып саналатын Сахараның аумағы 9 000 000 шаршы шақырымды құрайды. Солтүстік Африканың бүкіл жазығын алып жатыр. Табиғаты қатал аймаққа тап болсаңыз, аямасы анық. Ал осы шөлде 1986 жылдан бері ерекше жарыс ұйымдастырылып келеді. Ол құмдағы марафон. Marathon des Sables әлемдегі ең қиын экстремалды жарыстардың бірі. Себебі аптап ыстықта 6 күн жүгіру оңай емес. Күннің ыстығы төбеден бір ұрса, жерден екі ұрады. Одан қалса құмды дауыл қарсы алдыңнан тұрса, қасқайып жүгіріп көр... Құмдағы марафонға қатысуға кім-кімнің болсын жүрегі дауалай бермейтіні анық. Себебі 6 күн ішінде 250 шақырымды жүгіріп өту керек. Ал қатысуға келгендер кемінде жарты жыл дайындықпен келеді. Себебі Сахара шөлі спортшының нағыз физикалық күш-қуаты мен төзімділігін сынайтын болады. Қатысушылар өздерімен бірге барлық керек-жарақтары мен тағамдарын жолдорбаларында алып жүрулері қажет. Салмағы 7-12 кг шамасында болады. Су және шатырларды марафонды ұйымдастырушылар өз мойындарына алады. Бір күнде 9 литр су беріледі және қатысушылар түнде шатырларда ұйықтайды. Marathon des Sables тарихында талай шытырман оқиғалар болған. Соның бірі италиялық марафоншы, полицей Мауро Проспери есімімен байланысты. Ол 1994 жылы өткен жарыс кезінде адасып кеткен. 123 деген жейдедегі Мауро Проспери - Мен экстремалды марафондарды жақсы көрдім. Ультрамарафондарға қатысуды жоспарладым. Табиғат аясында, тауда, шөлде, мұзда жүгіргенді армандадым. Кәсіби спортшы кезімде тек жүлде үшін барымды салатынмын. Ал құмдағы марафон жайлы кездейсоқ есітіп қалдым. Нәтижесінде дайындала бастадым. Күніне 40 шақырым жүгіріп, көп су ішуді тоқтаттым. Үйде көп болмадым. Әйелім Чинция бұл марафонға баруыма қарсы болды. Себебі құмдағы марафон кезінде қандай да бір қиындық болса, денсаулығың сыр берсе, бәріне өзің жауапты боласың. Тіпті жарыс кезінде көз жұмсаң, мәйітің қайда қойылатынына дейін алдын ала қол қоясың. Ал әйелім үш баламыздың халін ойлауды сұрап, болашағына алаңдады, - дейді Мауро. Марафоншы жарысқа қатысу үшін Мароккоға келеді. Жарыс алдында аздап тынығып, жұртпен бірге жүгіруді бастайды. Негізінен марафонға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Бір топ жүлде үшін күш салып, жүгіретін болса, екінші топ жандарын қатты қинамай баяу жүреді. Олардың мақсаты марафонды соңына дейін аяқтау. Ал Мауро болса алғашқы топтан да оза шығып, жеке дара қара үзеді. Жарыстың үш кезеңін артта қалдырған марафоншы төртінші күн жолға шығады. Дәл сол күні құмды дауыл тұрып, Мауроны жолдан жаңылыстырады. Бұл оқиғаны спортшы былайша еске алады. - Жарыстағы кедергілер төртінші күні басталды. Ең ұзақ әрі қиын кезеңде құмды дауыл көтерілді. Басында жай болғанмен, орта тұсқа келгенде бет қаратпады. Мен жалғыз қалдым. Алдағылар озып кетті. Көзім мен тамағым құмға толды. Бетіме тиген құм қиыршықтары бейне бір ине сұққандай ауыртты. Бет-аузымды бүркеп, бас сауғалап кеттім. Тоқтап қалсаң, құмның астында көміліп қаласың. Әйтеуір бір дөң бауырын паналап, дауылдың басылғанын күттім. Дауыл 8 сағатқа созылды. Ол кезде кеш те батып қалған еді. Сондықтан сол дөңде түнеп шықтым. Мен жарыста төртінші болып келе жатқанмын. Енді жете алмаймын деп ойладым. Әйтсе де ерте тұрып, жақсы нәтиже көрсетуге бел будым. Төртінші кезеңді жүріп өтуге 36 сағат уақыт берілген. Осы уақыт аралығында мәреге жетпесең, жарыстан тыс қаласың. Мен мүмкіндігім бар деп ойладым. Таңертең тұрғанда мүлде басқа аймақта екенімді байқадым. Адасып кеттім деп ойлаған жоқпын. Менде компас пен карта бар болатын. Жолды оңай табамын деп күткенмін. Бірақ жол табу қиынға соқты. Қатты қобылжыған жоқпын. Ерте ме, кеш пе алдымнан жарысқа қатысушы біреу шығар деген үмітте болдым. Бірігіп мәреге жетеміз деп ойладым. Төрт сағат жүгіріп, бір дөңнің басына шыққанда өзімнен басқа ешкім жоғын аңғардым. Адасқанымды сездім. Одан кейін барып жүгіруді тоқтатып, жан бағудың жолын қарастыра бастадым, - дейді Мауро Проспери. Марафоншыға жарыс алдындағы зор дайындығы көп көмегін тигізеді. Өзімен алып шыққан құрғақ тағамдары болғанмен, шөл қысады. Тіпті зәрін де жерге төкпей, құтысына құйып алады. Екінші күн дегенде Мауро көктен тікұшақ көреді. Алайда хабар беруге көмектесетін оттығы әлсіз болып, ұшқыш байқамай өте шығады (Осы оқиғадан кейін барып қана қатысушыларға жарты келі тартатын теңізшілердің отшашуын беретін болған). Мауроның марафон кезінде адасып кеткенін италиялық басылымдар бірнеше күннен кейін жарыса жаза бастады. Ағайын-туысы да құр отырмай, Марокконы бетке алады. Ал бұл кезде марафоншы 6-шы күнді артқа қалдырып, 7-ші күн дегенде айдаладағы бір мешіт секілді үйге (марабут - Африка құрлығындағы мұсылмандар жалғыз келіп құлшылық жасайтын орын) жетеді. Бастапқыда жан баласы бар шығар деп үміттенгенмен, ешкім болмайды. Соңғы азығын жеп, көлеңкеде жан сауғалайды. - Баспана биік емес еді. Шатырына шығып, Италияның туын ілдім. Біреу-міреу көрер деген үміт еді. Байқасам шатырында жарғанаттар көп екен. Соларды ұстап азық қылдым. Шөл далада қалсаң да, іздесең азық табылады екен. Екі рет үмітім үзілді. Бірінші рет тікұшақ көрмей кеткенде, екінші рет көктен ұшақ көргенде. Мен марабутта үш күн жаттым. Кенет тағы тікұшақ дауысын есіттім. Сөмкемді өртеп, қол бұлғадым. Бұл жолы да байқамады. Тағы құмды дауыл тұрып, 12 сағатқа созылды. Мен мына шөл далада көз жұмсам, ешкім таппайды деп ойладым. Онда әйелім мемлекеттен қаржылай көмек те алмайды. Себебі Италияда адам хабар-ошарсыз кетсе, 10 жылдан кейін барып қана қаза болған жан болып саналады. Осында өлсем (марабутта) біреу табатынына сендім. Сөйтіп әйеліме хат жазып, өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. Қол жұмсадым да, бірақ ажалым келмепті. Ертесіне таңда ояндым. Нәтижесінде тағы жолға шығуға бел будым. Шөл қысып барады. Шөл даланы мекендейтін туарегтер (шөл даланы мекендейтін тайпалар, көбіне көк киініп жүреді) кездесе ме деп көп үміттендім. Жарысты ұйымдастырушылар адасқан жағдайда бұлтқа қарай жүр деп айтқаны есімде қалыпты. Жолда кездескен жорғалағандардың барлығын жей бастадым. Күн ысығанда көп жүрмеуге тырыстым. Осылайша шөлде өмір сүруге бейімделіп алғандай болдым. Қорқыныш деген қалмады, - деп еске алады марафоншы. Мауроны іздеп шыққан ағалары бұл паналаған марабутты табады. Онда оның болғанын біліп, іздеу шарасын үдете түседі. Бірақ қай бағытқа кеткенін аңғара алмай дал болады. Ал марафоншы болса 10-шы күн дегенде шөл даладан өзен орнына кез болады. Қаңсыған мекеннен су да табыла кетеді. Бұл Мауроға өмірге деген үміт сыйлайды. Сондай-ақ сол маңайдан ешкі мен адамның ізін байқайды. Марафоншының алдында тағы екі таңдау тұрады. Бірі су бар жерде қалып, көмек күту. Екіншісі жолды жалғастыру. Мауро жолды жалғастыруға бекінеді. Тіпті біраз жүргеннен кейін адамдар жүретін жолды да табады. Бұл жол да көп ұзамай жоғалады. Үміт үзілген деген осы шығар... Көп ұзамай көзі қарауытқан Мауро алыстан бір бейнені байқайды. Әзер жеткенде көргені кішкентай қыз екен. Ол марафоншыны көре сала қаша жөнеледі. Артынша анасымен бірге көмектесіп, үйлерінің іргесіне жатқызады. Өйткені ол кезде үйлерінде ерлері жоқ екен. Ешкі сүтін береді. Ал анасы қызын жақын маңдағы әскери базаға жұмсайды. Иә, бұл кезде Мауро Проспери Марокко емес, Алжир жерінде еді... Келген екі сарбаз спортшының көзін байлап, әскери базаға алып кетеді. Спортшы бұл жағдайды түсінбей, иә қуанарын, иә өкінерін білмейді. Өйткені оны не күтіп тұрғаны белгісіз еді. - Мен келген сарбаздардан шын қорықтым. Мұздай қаруланып алған. Шөлде олай қорықпаған да шығармын. Олар менің көзімді байлап әскери базаға апарды. Қауіптенсе керек. Кейіннен жоғалып кеткен марафоншы екенімді біліп, көмек көрсете бастады. Мен жарыс жолынан 291 шақырым алыс кетіп қалыппын. Мен 16 кг арықтаппын. 45 кг болдым. Көзім мен бауырым қатты зақымданыпты. Бүйрегім сау екен. Бірнеше ай тамақ іше алмадым. Ыстық сорпа ғана іштім. Денсаулығымды түзеу үшін екі жылдай уақыт кетті, - дейді марафоншы. Мауро Просперидің табылғанын әлемдік ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Беделді басылымдардың бірінші бетіне шықты. Сахараның Робинзон Крузосы деп ат қойды. Италияда оны батыр ретінде бағалап, күтіп алды. Төрт жылдан кейін Мауро құмдағы марафонға қайта келеді. Осыдан кейін әйелінің көңілі қалып, біржола ажырасады. - Менен адамдар тағы неге келдің деп сұрайды. Мен бір нәрсені бастасам, аяқтамай қоймаймын. Маған құмда жүгірген қатты ұнап қалды. Жыл сайын мені жал-жал құмдар шақырып тұрғандай сезінемін, - дейді. Осы оқиғадан кейін Мауро Проспери 8 рет құмдағы марафонға қатысқан. 1998 жылы жарақатына байланысты жарысты аяқтай алмайды. Ал 2012 жылы бұл межені бағындырып, 34 сағаттан астам уақытта жүгіріп шығып, 131-орын алады. Биылғы Marathon des Sables марафонына қазақстандық әуесқой спортшы да қатысты Биылғы Сахарадағы құмдағы марафон жарысы бірер күн бұрын ғана аяқталды. Оған қазақстандық әуесқой спортшы Зауырбек Аяған да қатысты. Ол 6 кезеңнен тұратын 250 шақырымдық жолды жүгіріп өтуге 24,24 сағат уақытын жұмсап, 774-орыннан көрінді. Биылғы Marathon des Sables марафонына 49 елден 17-80 жас аралығында 1100 спортшы қатысқан. Зауырбек Аяған құмдағы марафоннан өзге Берлиндегі, Мәскеудегі және Астанадағы марафондарға да қатысып жүрген желаяқ. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірлігіндегі IRON MAN жарысында бақ сынаған.