Росадоны жеңген Головкинге 350 мың доллар бұйырды

Американдық Габриэль Росадомен кездесу өткізген Геннадий Головкин 350 мың долларды иеленді. Allboxing.ru порталы ақпар беріп отыр.

Ақпарға сенсек, 19 қаңтар күні Нью-Йоркте өткен кеште отандық спортшымыз ең көп қаржыны иеленіпті. Аталған кеште Росадо 150 мың долларға байып шыға келсе, WBO-ның орта салмақтағы чемпионы Орландо Салидо мен  Мигель Анхел Гарсияға 220-200 мың доллардан табыс тартылған.

Еске сала отырсақ, 30 жастағы қарағандылық боксшымыз соңғы кездесуін сәтті аяқтаған еді. Ол жолы өзінен әлдеқайда жас, бірақ техникалық тұрғыдан күш-қуаты "балғын" саналатын қарсыласын жетінші раундта-ақ нокаутқа жіберген болатын. Сонысы арқылы Геннадий Головкин орта салмақта өзіне еншілі WBA-ның чемпионы деген атақты қорғап қала алған еді.

2003 жылғы әлем чемпионы үлкен рингке 2006 жылы жол тартыпты. Жүріп өткен жолы қуантып-ақ отыр - 25 кездесуде 25 жеңіс (22 нокаут).

сурет:akboxing.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек