Теннистен «Үлкен дулыға» санатына енетін Франция ашық біріншілігінің жартылай финалында өнер көрсететін спортшылар анықталып үлгерді. Ал біз сіздерге жартылай финалдағы тартысты ойындар туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
2015 жылғы «Ролан Гарростың» жартылай финалына ерлер арасында (АТР) Новак Джокович (Сербия), Энди Маррей (Ұлыбритания), Жо-Вильфрид Тсонга (Франция) және Станислав Вавринка (Швейцария) шықты. Теннисшілердің төртеуі де осал емес. Десе де АТР рейтингінде бірінші орында тұрған Новак Джоковичтің мүмкіндігі жоғары. Өткен жылы финалда Рафаэль Надальға есе жіберген серб теннисшісі биыл оны ширек финалда ұтты. Ал жартылай финалдағы қарсыласы Энди Маррейге 2013 жылдан бері жеңілмеген. Британдық теннисші Новакты өзіне ыңғайсыз қарсылас санайды.
Жо-Вильфрид Тсонга мен Станислав Вавринка ойыны жанкүйерлер үшін таныс болғанымен, жартылай финалға жетуі күмәнді болатын. Ширек финалда намысқа тырысқан франуз елінің теннисшісі жапон Кэй Нисикориді жарыстан шығарды. Станислав Вавринка болса отандасы Роджер Федерерді ұтты. Енді екі теннисші финал жолдамасын сарапқа салады. Соңғы өткен екі ойында швейцариялық теннисші жеңіске жеткен.
Әйелдер арасында 2014 жылғы «Ролан Гаррос» жеңімпазы Мария Шарапова биыл жарысты 1/8 финалда аяқтады. Ресейлік теннисшіні жеңген Луция Шафаржова жартылай финалға жетті. Чех теннисшісі финалға шығу үшін серб Ана Ивановичпен кездеседі. Екі теннисші соңғы рет 2014 жылы Токиода өткен турнирде кездескен. Ойында Ана жеңіске жеткен. Букмекерлік орталықтар Луцияны фаворит санауда.
Екінші финал жолдамасын Серена Уильямс пен Тимея Бачински сарапқа салады. WTA рейтингінде бірінші орында тұрған америкалық теннисші «Үлкен дулыға» додаларындағы жеңісті жолын жалғауға тағы бір мүмкіндігі бар. Ал оның қарсыласы Тимея Бачински болса WTA рейтингінде 24-ші орынға орналасқан.
«Ролан Гарростың» ерлер арасындағы жұптық кезеңінің жартылай финалында америкалық егіздер Майк және Боб Брайандар италиялық жұп Симоне Болелли мен Фабио Фоньиниге қарсы ойнайды. Ойында бірінші жұп фаворит саналуда. Екінші финал жолдамасын И. Додиг/М.Мело мен Ж.Ройер/Х.Текхэу жұптары сарапқа салады.
Әйелдер арасында жұптық кезеңнің жартылай финалында қазақстандық теннисші Ярослава Шведова бар. Тәжірибелі теннисші австралиялық Кейси Делаквамен жұп құрап өнер көрсетіп келеді. Олар жартылай финалда ресейлік теннисшілер Екатерина Макарова мен Елена Веснинаға қарсы өнер көрсетеді. Ойында ресейлік жұп фаворит саналуда. Десе де Мадридтегі турнирде топ жарған Ярослава мен Кейси оңай шағылар жаңғақ емес екені анық. Жұптық кезеңнің екінші жартылай финалдық ойынында Б.Маттек-Сандс /Л. Шафаржова мен А. Главачкова/Л. Градецкая кездеседі.
Бүгін әйелдер арасындағы жекелей сынның, ерлер арасындағы жұптық кезеңнің жартылай финалдық ойындары өтеді.