- Негізгі бет
- Маккала
- Рингте – Сарыағаштың...
Рингте – Сарыағаштың Сойлыбаевы мен Боржомидің Кахабері
12 желтоқсан күні кәсіпқой бокстағы мансабын жеңіліссіз бастаған Бекман Сойлыбаев Грузия жігіті Кахабер Аветисянмен кездеседі. Бұл жекпе-жек Украина астанасы Киевте өтеді.
Қазақтың күрзі жұдырықты Бекманы кәсіпқой бокс рингінде әлі жеңіліп көрген жоқ. Екінші жартылай жеңіл салмақта бақ сынайтын жерлесіміз былтырдан бері алты жекпе-жек өткізіп, алтауында де жеңіске жетті. Тіпті соның үшеуінде нокаутпен үстем түсіп, қарсыластарын қоғадай жапырып келеді.
Енді Украина шаршы алаңында Грузия боксшысы Кахабер Аветисянмен кездеспек. Ал тамырында армян қаны соққан Кахабер Авестисян осал боксшы емес. Ол кәсіпқой бокс шаршы алаңында 74 жекпе-жек өткізген. Соның 42-сінде жеңіске жеткен. Әрі 24 жекпе-жегінде нокаутпен басым түскен екен. Алайда 32 рет ұтылып қалып, тоғыз мәрте жекпе-жек мерзімінен бұрын жеңілістің кермек дәмін татып, салы суға кеткен. Енді бір кездесуі тең аяқталыпты.
Бокс тілімен айтар болсақ, Грузияның оңтүстік-батысындағы Боржоми курортынан шыққан Кахабер – нағыз джорнимен. Яғни кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы тәжірибесі өте мол, қашанда деңгейі өзінен жоғары боксшымен айқасуға дайын, кәсіби тарланбоз.
Кахабер тіпті кәсіпқой бокс мамандарын таң қалдырып, қарқындары адам сүйсінерлік саңлақтардың өздерін сүріндірген де. Соның бірі Франция жігіті Гийом Саленг екен. Гийом кәсіпқой бокс рингінде 29 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетіп, тіпті тоғыз қарсыласын нокаутпен тізе бүктіріп, қарсылас шақ келтірмей жүрген шағында дәл осы Кахаберден ұтылып қалыпты (осыдан төрт жыл бұрын).
Осылай қарқыны күшті, қабағы қатулы бірер боксшының аптығын басқан Кахабер қазақтың Бекманы да бірінші болып жеңілістің кермек дәмін татқызарына бек сенімді көрінеді. Ол өзіне Бекманмен айқасу жөнінде ұсыныс түскенде, «бұл қазақтың баласы әлі жеңілмеген бе, сонда?» деп сұрап алып, «өкінішті, 12 желтоқсан күні мен күллі Қазақстан жанкүйерлерін қапаландырамын, Бекман алғаш рет жеңіледі», – деп келісімшартқа қол қойған екен.
Бекман мұны естігенде, әдеттегі күлімсіреген кейіпін жоғалтпай, «мен қарсыластарымның осылай жүрегімді шайлықтырып, өзімді сескендіріп алғылары келетін қылықтарына үйрене бастағанмын» деген болатын. Әйтсе де, Бекман осы жолғы қарсыласына сый-құрметпен қарайтындығын білдіріп, оның өте тәжірибелі және айылын жимайтын жанкешті боксшы екендігін тілге тиек етті. Әрі бұл жекпе-жектің шектен тыс шиеленісті өтетіндігін, өзінің қабілетін толықтай жүзеге асырып, көрсетуі керектігін нақтылап айтқан да.
Сонымен кім жеңеді: Соққысы сойылдай Сойлыбаев па, әлде тәжірибесі көбірек Кахабер ме? Сарығаштың шипалы және Боржомидің дауалы «суларының» қайсысы арынды болады? Мұның нақты жауабын тек шаршы алаңдағы тартысты айқас көрсетеді. Айтпақшы, дәл осы жекпе-жекті 12 желтоқсан күні түнде, сағат 00.50-де «Хабар» телеарнасы көрсетеді екен.
Жалпы, ағайынды Кличколар ұйымдастыратын осы кеште бірнеше жұп жұдырық түйістіреді. Солардың ішіндегі ең бастысы WBO тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта құрлықаралық чемпиондық атақты сарапқа салатын украин Александр Усик (8-0-0) пен Куба қабыланы Педро Родригес (22-1-0) арасындағы жекпе-жек болады.
Нұрғазы Сасаев, Киевтен
О. Сансызбай