"Реал" "Барсаны" жеңген күн!

Елді екіге бөлген Эль Класико да өз мәресіне жетті. Айдай әлемге атақ-даңқын мойындатқан "Барселона" командасы корольдік клуб "Реалдан" ойсырай жеңіліп қалды. Есеп - 3:1.

Испания кубігінің аясында өткен ойын қызықты да тартымды болды. Әсіресе, «Камп Ноу» стадионында бар күш-жігерін салып ойнайтын корольдік клубтың асығы алшы тұрып, финалдық бөлікке жолдама алды. Ойынның бар-жоғы 13-минутында Шакираның күйеуі Жерар Пике Криштиану Роналдуды айып алаңында жығып алды. Нәтижесінде бас қазы Ундиано Мальенко он бір метрлік айып добын белгілеп, миллиондаған жанкүйерлердің алдында португалдық сұрмерген мүлт кетпеді.

Кезекті қарымта шабуыл барысында, ойынның екінші бөлігінде, он екінші минутында тағы да Роналду Пинто қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бұл жолы аргентиналық Анхель ди Марияның еңбегін атап өткен жөн.

Жорди Роураның шәкірттері өздеріне келіп үлгергенше кезекті бұрыштама добы соққы үстіне соққы бола түсті. Әуелеп келген допқа әудем жерден бірінші жеткен Рафаэль Варан мүлт кетпеді. Екі бірдей ойында қанжығасына екі гол байлап, жас та болса, бас бола бастағанынын белгісін көрсетті.

Ойын аяғында әупірімдеп жүріп Жорди Альба таразы басын қысқарта алды. Аспандап келген Андрес Иньестаның пасын қақпа шетіне дәлдей салған болатын.

Финалға шыққан "Реал" командасы енді "Севилья" мен мадридтік "Атлетиконың" қай ұтқанымен жолығыспақ.

сурет:soccer.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек