- Негізгі бет
- Маккала
- "Реал" 2-1 "Ювентус"....
"Реал" 2-1 "Ювентус". Алаңнан қуылу
Чемпиондар Лигасының топтық кездесулерінің үшінші тур ойындары аясында мадридтік "Реал" туриндік "Ювентусты" қабылдады. Қалың көпшілік ойын көркі қыза бастаған тұста алыс 98 жылдардағы финалды еске алып еді. Сол аралықта есеп те ашылып үлгерген. Ди Марияның сәтті пасы Роналуды Буффонмен бетпе-бет шығарып, ұрымтал тұстан португалдық ойыншы мүлт кетіп жатпады. Есеп:1:0.
Одан ары не болды десеңіз, "қарт Синьора" қазылар алқасының қатал шешіміне ілікті дерсіз. Біріншісі - 11 метрлік айып добы, екіншісі - Кьеллинидің алаңнан қуылуы. Екі жағдайды да "еңбекқор төрешілердің" таразысына қалдырғымыз келеді. Буффон шығып үлгерген тұста Рамосты жейдесінен тартып құлатқан Джорджо Кьеллини сопақ жерден опық жеп шықты. Модричтің әуелеген пасына Буффон жетіп-ақ тұрған еді, бірақ, жеткіліксіз аңғарымпаздық біліксіздік туғызды. Әйтпесе, Рамостың пасқа жеткен күнде де дәл нысанаға алатынына көп күмән бар еді. Біріншіден, сол сәтке назар аударсаңыз, Рамос жетіп үлгермегенмен, жеткіліксіз үйлесімдікте тұрған болатын.
Ойын көркі Фернандо Льоренте мен Карлос Тевездің табанының астында одан сайын қыза түсті. Аргентиналық тәжірибелі тісқаққан шебер Касильясты мазалаумен болса, испандық жас өрен Льоренте кезі келген тұста өзіне берілген оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып кете алды. Бір ескеруге тұрарлығы, мадридтік қорғаушылардың қақпашыны қауіп алдында қай жолғыдай жалғыз қалдырып кететіндігі. Мүмкін, бұл жолы да қорғаушылар қақпада Диего Лопес тұр деп ойлап қалған шығар...
Роналду мен Кьеллини айқасында да маңызды рөлді төреші атқарды. Көк жасыл алаңда сан мәрте қайталанып жататын және жазғырусыз қалатын сәтке бас қазы өзіндік шешіммен қарағанды жөн көріпті. Осы тұста Роналдудың да шектен тыс сұлай кеткенін де айта кеткіміз келеді. Алтын доптың иегері бұлай ұпай түгендейтін болса, құлай сүйген жанкүйерлердің қатарын азайтып алу қаупі бар. Дегенмен, Роналду өз тұғырында қала бермек. Футбол әлемінде қуылып-сұмдықтардың бірін біліп жатсаңыз, бірін білмей жүрген боларсыз. Солардың бірі - түртіп кету. Кьеллини допқа талас қылғандай көрінгенмен, шын мәнінде, Роналдуға тартыс қылып еді. Қолы бетінен жанай өткендей сыңай танытып, сағын сындырдым деп ойлады. Керісінше, өз сағы сынып тынды. Артық орындаймын деді, артық орындаушы бар болып шықты...
УЕФА басшылығы мұндай кем-кетіктерге назар аударып жатпас, бірақ, кемшілік миллионның көзіне тартылатын болса, жақсы атақ әпермесі анық. Соңғы уақыта қазылыққа байланысты көп дау-керістер туындап жүр. Осы тұста бір айта кетерлігі, аталған басшылыққа қазылар алқасының білік деңгейіне қарай ойындарға төрелік етсін деген де ұсыныстар түсіп жатыр екен. Жөн-ақ делік, жөнге келмейтін ойыншыны қусын, бірақ, жөнге қарамайтын қазыны кім қуады...
Туриндік "Ювентус" маусым алдындағы ойындарын өте сәтте бастағанмен, қарсыластарына қайрат көрсетуден қалып келеді. Өткен турдың ойынында «Фиорентинаға» қарсы жап-жақсы-ақ бастаған болатын, бірақ, ойын нәтижесі теріс айналып кетті. 2:0 есебімен ұтып тұрып, ойын біткенше 4 гол жіберіп алды. Ал мадридтік "Реалдың" жарқылдап ойын көрсетіп жүргені шамалы. Әр ойында бет-беделі көп нәрсені шешетін болып жүр. «Малагамен» өткен соңғы ойында да жата-жастана жүріп, екі допты әзер соққан-ды.
Касильястың құрамға қайта оралғаны көңіл қуантады. "Корольдік клубтың" бойтұмарына айналған жанды жарты әлем жақсы көретіні сөзсіз. Білігі мен шеберлігі, мысық табан ерлігі, тәжірибесі мен салқынқандылығы мадридтік алпауыттың басты жарасымды сәнініне айналғалы қашан. Раульдің кебін кимесе болғаны, бабын таппай жүрген ойыншы бақ табары ертең-ақ.
Автор: Фараби Арыстанбек
Сурет: eurosport.ru
Л. Лига