Мадридтік "Реал" мен немістің "Шальке-04" командасының бұрынғы шабуылшысы Рауль Гонсалес катарлық "Аль-Садд" командасының жейдесін киді. Ол аталған командамен бір жылдық келісім-шартқа отырды. Бір айта кетерлігі, әйгілі ойыншы катарлық командаға бару-бармау керектігін "Барселона" командасының өткен жолғы бапкері Хосеп Гвардиоладан сұраса керек. Әккі бапкер де өз ойын ашық айтудан қалыс қалмасы анық.
"Мен осы бір ұсынысты қабылдау үстінде, осы елде бұрындары ойнаған Гвардиола мен Фернандо Йерролемен сөйлескен болатынмын. Олар бірден келісу керектігін, ол жақтың өмірінің жақсы екенін айтып берді" - деді Рауль журналистерге берген сұхбатында. Естеріңізде болса, кезінде Хосеп осы елдің, яғни 2003 пен 2005 жылдары аралығында катарлық "Аль Ахли" командасының намысын ту еткен болатын.
Сонымен қатар, Испания құрамасының сапында жасындай жарқылдап, 102 ойын өткізген танымал ойыншы биылғы Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатына қатысатын Испания құрамасының мүмкіндігін саралап көрді.
"Бірде-бір команда бұған дейін үш рет қатарынан жеңімпаз болып көрмеген еді. Міне, мен сондықтан Испанияның тарихты жаңғыртқанын көргім келеді. Голландия, Франция, Германия секілді мықты бәсекелестермен тізе қағыстырып, әлі-ақ жеңімпаз болып шығады" -деді Рауль өз сөзінде.
Сұрақ соңында шабуылшы Еуропада дәл "Барселона" мен "Реал" секілді командалардың жоқтығын айтып, шоқтығының биік тұра беретініне сенімін жасырмады.
Сурет: es4ru.com