Футболдан ел премьер-лигасының ІІІ тур ойындары да мәресіне жетті. ІІ турда бар-жоғы 4 гол соғылса, бұл турда 14 голдың куәгері болдық.
«Ертіс» (Павлодар) 0 – 1 «Атырау» (Атырау)
ІІ турдан кейін екі команданың да жағдайы тәуір болатын. Әсіресе батысқазақстандық команданың бұл маусымдағы ойыны жакүйерлерін қуантып келеді. Толықтай жасақталған ұжым ойыны да жүйелі жүруде. ІІІ турда «Ертісте» қонақта болған «Атырау» 0:1 есебімен жеңіске жетті. Көптеген футбол мамандары бұл кездесуде алаң иелерін фаворит санаған-ды. Ал біз бұл ойында тең нәтиже тіркелуі мүмкін деп болжаған едік. Сонымен батысқазақстандық команданың қоржынына 3 ұпай салған кездесудегі жеңіс голын Милош Трифанович соқты.
«Тобыл» (Қостанай) 0 – 2 «Жетісу» (Талдықорған)
Өткен маусымды да жеңіліссіз бастаған талдықорғандық команда сол жүрісінен жаңылмады. Бас бапкер Омари Тетрадзе премьер-лигадағы білікті мамандардың қатарынан екенін ескере келе, бұл ойында да тең нәтиже орын алуы мүмкін деп болжаған едік. Ал букмекерлік орталықтар алаң иелерін фаворит санаған-ды. Дегенмен «Тобылдың» «Жетісуға» шамасы жетпеді. Әлі өз алаңында кездесу өткізбеген қонақтар екінші жеңісіне қол жеткізді. 45 минутта Константин Заречный есеп ашса, екінші таймда Сергей Шафф пенальтиді сәтті орындап, есепті еселей түсті. Осылайша «Жетісу» екінші орынға көтерілді.
«Тараз» (Тараз) 1 – 5 «Шахтер» (Қарағанды)
Бұл кездесуде маусымды сәтсіз бастаған клубтардың бірі болған «кеншілер» ұжымы жеңіске жетеді деп болжаған едік. Расында да «Шахтер» жергілікті командаға еш мүмкіндік бермей алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Енді ғана өз ойынын таба бастаған қарағандылық ұжым қарсыластарын 1:5 есебімен ойсырата ұтты. Кездесуде Гедиминас Вичюс, Ұлан Қонысбаев, Андрей Финонченко және Шавкат Саломов дубль авторы атанды. Ал «Тараз» қатарынан бір допты Рок Рой өз еншісіне жазды. Осылайша маусымдағы алғашқы ірі есеп тіркелді.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) 3 – 0 «Спартак» (Семей)
ІІІ тур қорытындысы бойынша Владимир Никитенко командасы бірінші орында келеді. Бұл кездесудегі фаворит о бастан белгілі еді. Тек қандай есеп тіркелетіні болмаса. Ойындағы алғашқы гол 17 минутта соғылды. Өткен маусымда «Ақжайық» пен «Шахтерда» ойнаған Игорь Зенькович есеп ашты. 47 минутта Павел Шабалин есепті еселей түссе, араға 10 минут сала Игорь Зенькович дубль авторы атанды. Естеріңізге сала кетсек, екі футболшы да осы маусымнан бастап «Ақтөбе» құрамында өнер көрсетуде.
«Астана» (Астана) 1 – 0 «Қайсар» (Қызылорда)
Әлі бас бапкері тағайындалмаған «Астана» екінші ойынында жеңіске жетіп отыр. Өз алаңында премьер-лигаға жаңадан қосылған қызылордалық «Қайсарды» қабылдаған ұжым соңғы минутта ғана есепте алға шығуға мүмкіндік алды. 90 минутта төреші белгілеген 11 метрлік айып добын клубтың черногориялық легионері Дамир Кояшевич сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлады.
«Қайрат» (Алматы) 0 – 1 «Ордабасы» (Шымкент)
Алматылық команда өз алаңында үшінші рет қатарынан жеңілді. Бірінші турда «Атырауға» есе жіберсе, екінші турда Омари Тетрадзе командасынан жеңілген-ді. Бүгін де сондай есеппен «Ордабасы» алаң иелерін жеңіп кетті. Бірінші таймда барынша шабуылдаған алаң иелері екінші таймда мүлдем жүйелі ойынымен көзге түсе алмады. Есесіне шымкенттік команданың ойыны жандана түсті. Және өз нәтижесін де берді. 84 минутта қонақтар шабуылшысы Эдин Юнузович қорғаушылар мен қақпашы қателігін сәтті пайдаланып, командасына маңызды 3 ұпайды сыйлады. «Қайрат» әлі ІІІ турда да гол соқпаған жалғыз команда болып отыр. Ойын аяқталғаннан кейін клубтың бас бапкері Владимир Вайсс пресс-конференцияға қатыспады. Оның орнына бапкер Самвел Костандян тілшілер сауалына жауап берді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/YOli-BjbeE0","width":"450","height":"338"});
Турнир кестесі
№Командалар Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Голдар Ұпай 1Премьер-лиганың ІV тур ойындары 5 сәуір күні өтеді. Кездесулер кестесі төмендегідей:
«Астана» – «Тараз»
«Қайсар» – «Қайрат»
«Ордабасы» – «Тобыл»
«Жетісу» – «Ертіс»
«Атырау» – «Актөбе»
«Спартак» – « Шахтер»
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: sports.kz