Бүгін ел премьер-лигасының ІІІ тур ойындары өтеді. Назарларыңызға сол кездесулерге шолуымызды ұсынамыз!
«Ертіс» (Павлодар) – «Атырау» (Атырау)
Павлодарлық команда да, атыраулық команда да маусымды сәтті бастады. Екі ұжымда да бір-бір жеңіс пен бір-бір тең кездесуден бар. ІІ турда екі клубта тең нәтиже көрсетті. Жаңа маусымды Тармо Рюйитли жаттығуымен бастаған «Ертіс» те жүйелі ойынымен көзге түсуде. Ал «Атырау» болса маусымды толықтай жаңа құраммен бастады деуге болады. Сондықтан да бүгінгі кездесу тартысты болары анық. Егер футболшылар алаңнан қуылып, немесе өзге оқиғалар орын алып жатпаса бұл кездесу тең аяқталуы мүмкін. Ойын Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.
«Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған)
Қостанайлық команда мен талдықорғандық команда да әлі жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. Омар Тетрадзе командасы әлі өз алаңында кездесу өткізбеді. Талдықорғандық ұжым тағы да дұрыс жүйе ұстанса, тең нәтижеге қол жеткізе алады. Өткен жылы да «Жетісу» маусымды тең ойындармен бастап, соңынан сүреңсіз ойындарын көрсеткен болатын-ды. Бұл кездесуде де тең нәтиже тіркелуі ғажап емес. Ойын Астана уақытымен 15:00-де басталады.
«Тараз» (Тараз) – «Шахтер» (Қарағанды)
Арно Пайперс командасының еншісінде бір ұпай бар. Алғашқы турда «Ақтөбеге» өз алаңында ұтылған-ды. Десе де «кеншілер» ұжымы да маусымды сәтті бастай қойған жоқ. Бүгін Виктор Кумыков командасы сол қателіктің орнын толтыру үшін барын салатыны анық. Сондықтан да қонақтар жеңіске жетуі бек мүмкін. Дегенмен алаң иелері жанкүйерлер қолдауымен белсенетін болса, тең нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндіктері бар. Ойын Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Спартак» (Семей)
Бұл кездесудің фавориті айтпаса да белгілі. Премьер-лигаға жаңа қосылған семейлік «Спартак» әлі жеңілмесе де, осы кездесуде жеңілмейді деп айту қиындау. Букмекерлік орталықтар алаң иелері жеңісіне - 1,25 коэфициент, тең ойынға - 5, қонақтар жеңісіне – 10,1 коэфициент ұсынуда.
«Астана» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда)
Алғашқы турда елордалық ұжым «Жетісумен» тең ойнады. Алайда талдықорғандық команданың ерлігін «Қайсардың» бүгін қайталауы екіталай. Бұл кездесуде алаң иелері фаворит және кездесу жеңімпазы саналуда.
«Қайрат» (Алматы) – «Ордабасы» (Шымкент)
Қос ұжым да маусымды сәтсіз бастады. Әсіресе «Қайрат» екі кездесуде де өз алаңында өткізіп, жеңіліс тапты. «Ордабасының» жағдайы да мәз емес. Екі кездесуде де жеңілді. Дегенмен бұл ойында алаң иелері белсенері анық. Шымкенттік ұжымның жанкүйерлері аз болмасы белгілі. Бұл кездесуде алматылық ұжым жеңіске жетуі мүмкін. Ресми бас бапкері жоқ шымкенттік ұжымды фаворит санауға келмейді. Бір ұпай еншілесе де жаман нәтиже болмайтындай. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: sports.kz, vesti.kz, sportinfo.kz