Премьер-лига. «Шахтер» екінші құраммен жеңді

Футболдан ел премьер-лигасының алғашқы айналымының соңғы турының ойындары бастау алды. Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетіп келе жатқан қарағандылық «Шахтер» өз алаңында екінші құраммен «Ақжайықты» ойсырата жеңді.

Футболдан ел премьер-лигасының бірінші турында кездескен қос ұжым  арасындағы ойында оралдық команда жеңіске жеткен болатын. Сол ойында Игорь Зенкович дубль атанған-ды. Бірақ бірнеше тур өте ел чемпиондары өз бабына келе бастаған. Ал премьер-лиганы сәтті бастаған «Ақжайық» қаржы тапшылығына байланысты сүреңсіз кездесулерін өткізе бастады. Команда сапында сұрмерген атанып келе жатқан Игорь Зенкович дәл осы «кеншілер» командасының жейдесін киді. Бірнеше белді ойыншыларынан айырылған оралдық ұжым осылайша алғашқы айналымды турнир кестесіндегі соңғы орынмен аяқтады.

ХХІІ турдың алғашқы кездесулерін бастаған «Шахтер» мен «Ақжайық» арасындағы кездесуде жеңіс жергілікті команданың еншісіне жазылды. Жақында ғана Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында алаңға жаңадан шығып, «Скендербеу» қақпасында доп тулатқан Роман Мұртазаев кездесудегі есепті ашты. 52 минутта Михаил Габышев есепті еселесе, премьер-лиганы «Ақжайық» жейдесін киіп бастаған Игорь Зенковичь бұрынғы командасының қақпасына үшінші голды салды. Кездесудің соңғы минутында Роман Мұртазаев кездесудегі дубль атанды.

Ертең ХХІІ тур ойындары жалғасын тауып, премьер-лиганың алғашқы айналымы өз мәресіне жетеді. «Жетісу» - «Қайрат», «Ертіс» - «Ордабасы», «Атырау» - «Тараз», «Ақтөбе» - «Восток», «Астана» - «Тобыл» кездесулері өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vesti.kz