Премьер-лига. Легионерлер белсенген тур

Премьер-лига. Легионерлер белсенген тур

Футболдан ел премьер-лигасының ХІІІ тур ойындары да мәресіне жетті. Назарларыңызға нәтижелерін ұсынамыз.

«Спартак»  (Семей) 0 – 1 «Ақтөбе» (Ақтөбе)


Жақында ғана семейлік клуб тізгінін ұстаған Александр Петрушин алғашқы кездесуін жеңіліспен бастады. Ойын толықтай Владимир Никитенко шәкірттерінің қарауында болғанмен, алаң иелері сауатты қорғана білді. Тек 69 минутта Маркос Пизеллидің 25 метр қашықтықтан бағыттаған добы ғана өз нәтижесін берді. Екінші нөмірмен өнер көрсеткен «Спартактың» таразы басын теңестіруге қауқарлары жетпеді. Нәтижесінде «Ақтөбе» тоғызыншы рет қатарынан жеңіске жетті. Премьер-лига көшіндегі орнын нықтай түсті.

«Жетісу» (Талдықорған) 1 – 2 «Тобыл» (Қостанай)


Маусымды тәп-тәуір бастаған Омари Тетрадзе командасы жылдағы әдетіне салып, тағы да көрсеткішін төмендетіп барады. Өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдаған клуб 1:2 есебімен ұтылып қалды. 35 минутта қонақтар қатарынан клубтың австриялық жартылай қорғаушысы Томаш Шимкович есеп ашса, 54 минутта молдовалық шабуылшы Игорь Бугаев қонақтарды тағы да алға шығарды. Араға он минут сала ивуарлық шабуылшы Боти Демель есепті қысқартты. Бірақ, теңестіре алмады. Үш гол да легионерлер еншісіне жазылды.

«Шахтер» (Қарағанды) 1 – 0 «Тараз» (Тараз)


Соңғы минутқа дейін қорғанысы сыр бермей келген оңтүстіктік клуб соңғы сәтте ғана жеңісті қолдан шығарып алды. Алаң иелері бірінші нөмірмен өнер көрсетіп, өз еншілеріндегі мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Тек ойын соңындағы қосымша уақытта ғана «кеншілер» ұжымының босниялық шабуылшысы Михрет Топчагич жеңіс голын еншісіне жазды.

«Ордабасы» (Шымкент) 1 – 0 «Қайрат» (Алматы)


Шымкент қаласында өткен ойын аса тартысты бола қоймады. Кездесу басын алматылық клуб шабуылдарын жиілетіп бастады. Бірақ, екі клубтан да қауіпті шабуылдар көп орын ала қойған жоқ. Эдин Юнузович пен Самат Смақов та нәтиже өзгертер мүмкіндіктер болған. Пайдалана алмады. 84 минутта «Ордабасы» ойыншысы Еркебұлан Тұңғышбаев соққысын қайтармақ болған Михайл Бақаев өз қақпасына гол соғып алды. Сонымен қатар, алматылық клуб сапындағы премьер-лиганың үздік сұрмергені гамбиялық Момоду Сиссей жарақат алды. Әзірге қандай деңгейде екені белгісіз. Оған қоса, аздап жарақаттарына байланысты клубтың легионерлері Жарко Маркович, Йосип Кнежевич және Милош Лачны ойынға қатыспады. Үш ойын қатарынан үш ұпай еншілеп келе жатқан Владимир Вайсс командасы жеңісті сериясын жалғастыра алмады.

«Атырау» (Атырау) 0 – 1 «Ертіс» (Павлодар)


Маусымды сәтті бастаған ұжымдардың бірі – «Атырау» еді. Қазіргі ойындары ала-құла өтуде. Өз алаңында керекулік клубты қабылдаған жергілікті команда 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Қонақтарға жеңіс сыйлаған голды осы маусымда ресейлік «Шинниктен» ауысып келген украиналық легионер Константин Дудченко соқты.

«Қайсар» (Қызылорда) 1 – 0 «Астана» (Астана)


Қызылордалық клуб премьер-лигада төртінші ойын қатарынан жеңіске жетті. Өз алаңында «Астананы» қабылдаған «Қайсар» үш ұпайды өз еншілерінде қалдырды. Дмитрий Огай командасына жеңіс сыйлаған голды клубтың малилік қорғаушысы Мамуту Кулибали соқты. Нәтижесінде команда 24 ұпаймен турнир кестесінің екінші сатысына көтерілді. Ал бірінші айналымда «Астана-Аренада» алаң иелері жеңіске жеткен болатын.

Жалпы ХІІІ турда барлығы 8 гол соғылды. Оның бірі – автогол. Голдардың барлығын легионерлер соқты. Автогол да «Қайраттың» ресейлік футболшысы Михайл Бақаев еншісінде. «Ақтөбе» көштен ұзай түссе, қызылордалық «Қайсар» өз қарқынына қарқын қосып келеді. ХІV тур ойындары 28 мамыр күні өтеді.

«Ақтөбе» - «Атырау»

«Қайрат» - «Қайсар»

«Тараз» - «Астана»

«Тобыл» - «Ордабасы»

«Шахтер» - «Спартак»

«Ертіс» - «Жетісу»

 Командалар  Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Ақтөбе 13 10 2 1 23-3 32
2  Қайсар 13 7 3 3 14-11 24
3  Шахтер 13 7 2 4 19-13 23
4  Астана 13 6 4 3 15-8 22
5  Қайрат 13 6 2 5 17-12 20
6  Ордабасы 13 5 3 5 13-13 18
7  Ертіс 13 5 2 6 17-17 17
8  Атырау 13 4 5 4 10-11 17
9  Тобыл 13 4 4 5 12-17 16
10  Жетісу 13 3 4 6 10-12 13
11  Тараз 13 3 2 8 10-20 11
12  Спартак 13 0 3 10 7-30 3

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

О. Сансызбай