Футболдан ел премьер-лигасының ХV тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.
«Астана» (Астана) 2 – 2 «Қайрат» (Алматы)
«Астана-Арена» стадионының қожайындары жеңіп тұрып, тең ойнауға мәжбүр болды. Кездесудің 32 минутында премьер-лигадағы трансфер құны ең қымбат ойыншылардың бірі Ренан Брессан есеп ашты. Және «Астана» сапындағы алғашқы голын соқты. Араға 3 минут сала Бауыржан Жолшиев есепті еселей түсті. Ал алматылық клубтың соңғы турларда негізгі құрамдағы бірнеше футболшылары жарақат алған болатын. Соған байланысты шабуылшысыз өнер көрсетті десек болады. Бірақ, Владимир Вайсстың да өз ұстанған жүйесі бар. Бірінші тайм аяқталар тұста «Қайрат» сапынан Зауырбек Плиев есепті қысқартты.
Алматылық клубтың қатарында бір топ жас талантты футболшылар буыны қалыптасып келеді. Олар – Бауыржан Исламхан, Аслан Дарабаев, Ермек Қуантаев, Шерхан Бауыржан және т.б. Алдыңғы үш футболшы негізгі құрамнан көрінуде. Уақыт өте ұлттық құраманың да белді ойыншыларына айналуына күмәнсіз қарауға болады. Соңғы турларда Аслан Дарабаев дараланып жүр. Өткен турда «Қайсар» қақпасына жеңіс голын соқса, бұл жолы жеңілістен құтқарды. Екі команда арасын екі ұпай ғана бөліп тұр. «Қайрат» келесі турда «Таразда» қонақта болса, «Астана» да түзде «Тобылмен» кездесетін болады.
«Жетісу» (Талдықорған) 1 – 0 «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Төрт рет қатарынан жеңілген талдықорғандық клуб ХV турда өткен маусымдағы ел чемпиондарынан ұпай иеленді. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды Боти Демель соқты. «Ақтөбе» есеп теңестіремін деп жүріп, өз қақпаларына екінші гол жіберіп алуға да шақ қалды. Абырой болғанда Александр Сидельников қақпасын қорғап қалды. Ұлттық құрама қақпашысы осылайша гол соқтырмай келе жатқан ойындарына нүкте қойды.
«Спартак» (Семей) 0 – 1 «Тараз» (Тараз)
Мұрат Тілешев премьер-лигадағы 143-ші голын соғып Олег Литвиненкоға (147 гол) жақындай түсті. Нұркен Мазбаевты (142 гол) басып озған «Тараз» шабуылшысы 57 минутта алаң иелері футболшыларынан айласын асырып, командасына жеңіс сыйлады. Ал семейлік клуб әлі жеңіске жеткен жоқ. Бірінші лигаға қайта оралатыны күмәнсіз секілді.
«Атырау» (Атырау) 3 – 2 «Шахтер» (Қарағанды)
Батысқазақстандық клуб жанкүйерлерін көптен бері қуантпай жүрген-ді. ХV турда өз алаңында Виктор Кумыков баптайтын «Шахтердан» басым түсті. Бірінші болып Андрей Карпович есеп ашса, алаң иелерінің серб елінен келген легионері Марко Блажич есепті еселей түсті. Алайда «кеншілер» ұжымы таразы басын теңестіре білді. Яго Фернандес пен Тоқтар Жаңғылышбай бір-бір доптан еншілеріне жазғанмен, «Атырау» 86 минутта қайта алға шығып кетті. Пенальтиді сәтті орындаған Милош Трифунович командасына үш ұпайды сыйлады. Келесі турда Владимир Белявский жаттықтыратын алаң иелері түзде «Спартакпен» ойнаса, қарағандылық клуб өз алаңында «Жетісуді» қабылдайды.
«Ордабасы» (Шымкент) 2 – 1 «Ертіс» (Павлодар)
Саулюс Ширмялис жаттықтыратын шымкенттік клуб бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүр. Бірақ, өз алаңында ешкімге есесін жібере қойған жоқ. Тек екінші турда ғана «Астанадан» ұтылды. Одан бері алаң иелері еш клубқа үш ұпай сыйлап жіберген жоқ. ХV турда «Ертісті» қабылдаған «Ордабасы» 2:1 есебімен жеңіске жетті. 31 минутта Еркебұлан Тұңғышбаевтың тамаша пасынан кейін Қайрат Әшірбеков гол авторы атанды. Алайда араға 4 минута керекулік клуб таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Әлібек Аяғановтың баспен бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. Екінші тайм басында «Ордабасы» сапынан Абдуллай Диакате пенальти орындай алмады. 78 минутта Леандро Фрейре де Араужо гол соқпағанда, бұл футболшыға жергілікті жанкүйерлер өкпелер ме еді...
«Қайсар» (Қызылорда) 0 – 0 «Тобыл» (Қостанай)
Өткен турда «Қайраттан» түзде жеңілген Дмитрий Огай командасы ХV турда «Тобылмен» тең ойнады. Соңғы минуттарда қонақтардың үш ұпай еншілеп кетуіне мүмкіндігі болған-ды. Абырой болғанда, Кирилл Прядкин жанкүйерлерін жерге қаратпады. Нәтижесінде қызылордалық клуб турнир кестесінде өз орнын сақтап қалды.
ХV турда барлығы 14 гол соғылды. 24000-нан астам жанкүйер жиналған. Алаңнан ойыншылар қуылмады. Мергендер көшін бастап келе жатқан Момоду Сиссей («Қайрат») мен Эдин Юнузович («Ордабасы») қатарына, Аслан Дарабаев («Қайрат») пен Милош Трифунович («Атырау») қосылды. ХVІ тур ойындары 14 маусым күні өтеді.
«Ақтөбе» - «Ордабасы»
«Шахтер» - «Жетісу»
«Спартак» - «Атырау»
«Ертіс» - «Қайсар»
«Тараз» - «Қайрат»
«Тобыл» - «Астана»
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/CmnP8-TC0XE","width":"450","height":"338"});
№ Командалар Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Голдар Ұпай 1
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, vesti.kz