Премьер-лига. Бірінші айналым мәресіне жетті

Премьер-лига. Бірінші айналым мәресіне жетті

Футболдан ел премьер-лигасының бірінші айналымы аяқталды. «Ақтөбе» көш тізгінін ұстаса, «Қайрат» пен «Астана» алғашқы үштікті қорытындылады. Бірінші айналымнан кейінгі командалар нәтижелеріне жалпы шолуымызды ұсынамыз.

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Ақтөбе»  өз алаңында «Таразды» екі доп басымдығымен жеңгеннен кейін 43 ұпай еншілеген-ді. Маусымды Владимир Никитенко жаттығуларымен бастаған клуб Алматыда «Қайраттан» 7:1 есебімен ұтылғаннан кейін бапкер орнын босатты. Оның орнына келген Владимир Газзаев команданың ойын жүйесін жасақтауда. Қарсыластарынан ұзап кете алмады демесек, «Ақтөбе» әзірге ештеңе жоғалта қойған жоқ.


Ал «Тараздың» халі мүшкіл. Бұл клуб та бас бапкерін алмастырды. Бірнеше рет қатарынан жеңілген клуб Арно Пайперсті қызметінен босатты. Жаттықтырушы ауысқанмен, команданың ойынынан нәтиже шыға қоймады. Бірінші айналым қорытындысында «Тараз» премьер-лигадан шығып қалмау үшін күресетін болады.


Қарағандылық «Шахтер» Еуропада ел абыройын асқақтатып жүрген клубтардың бірі. Премьер-лиганың бірінші айналымын аса сәтті өткізді деп айта алмаймыз. Клуб өткен маусымдағы ерлігін Еуропа лигасында қайталауға ұмтылуда. Виктор Кумыков бапкердің ойлағаны бар. Жанкүйерлер күтпеген сыйды жасауға мүмкіндіктері жоқ емес, бар. Стандартты жағдайларды шебер пайдалана білетін тәжірбиелі ойыншылары бар «Шахтер» екінші айналымда чемпиондық үшін, тым құрығанда еурододадан тыс қалмау үшін тырысары хақ. Ал ХХІІ турда «кеншілер» өз алаңында «Ертіспен» тең ойнады. 0:2 есебімен жеңіп тұрған керекулік клуб жеңісті уысында сақтап қала алмады. Бірінші айналым қорытындысында екінші алтылықта қалып қойған «Ертіс» еңсесін тіктей алмай келеді...

«Ертіс» өткен жылы Еуропа лигасында ел намысын қорғады. Талғат Байсуфинов клубтың өзіндік ойын жүйесін қалыптастырып-ақ үлгерген-ді. Бірақ, маусым соңына қарай қаржылық дағдарысқа ұшыраған клуб ойынынан сән кетті. Көшбасшы ойыншылар да өз жөндерін табуға асықты. Клуб басшылығы мен облыс әкімшілігі команданы қайта қалпына келтіру үшін барын салды. Бірақ команда бірінші айналымнан кейін алғашқы алтылыққа іліне алмады. Тек бір ғана нәтиже, команданың украиналық легионері Константин Дудченко 10 голмен сұрмергендер көшін бастап тұр.

Премьер-лигаға жаңадан қосылған семейлік «Спартактың» жағдайы белгілі болып қалды. Өз қақпаларына 41 гол жіберіп, небары 16 рет қана қарсылас қақпасына гол соққан. Соңғы ойындарында ғана аздап өрлеу бары байқалады. Бірақ, кештеу секілді. Бәлкім, екінші айналымда кездесулерін өз пайдаларына шешіп жатса премьер-лигада қалу мүмкіндіктері пайда болмақ. ХХІІ турда «Спартак» өз алаңында «Тобылды» тізе бүктіріп, үшінші жеңісіне қол жеткізді. Ал қостанайлық клубтың да ойыны мен нәтижелері құлдырап барады.

Ел футболында «Тобылдың» дәуірлеген тұсын жанкүйерлер жақсы біледі. Соңғы жылдары ғана қостанайлық клубтың нәтижелері төмендеп кетті. Өткен маусымда да алғашқы алтылыққа ене алмаса, бұл маусымда да жүлделі орындарға таласу мүмкіндігінен айырылып отыр.

«Атырау» бұл маусымды жоғарғы деңгейде бастаған еді. Құрамын толықтай жаңартқан клуб алғашқы алтылықтан көрінетініне күмән болмағандай көрінген. Бәрін ойдағыдай жасап келгенмен, «Атырау» алғашқы алтылыққа іліне алмады. Соңғы турларда ұпай таратумен ғана шектелген ұжымды баптауға Владимир Никитенко шақыртылды. Ойыны бірден оңалып кетті деп айта алмаймыз. ХХІІ турда өз алаңында «Қайраттан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылып қалды.

Алматылық «Қайрат» маусымды сәтсіз бастады. Тіпті бас бапкер Владимир Вайсс тағдыры қыл үстінде тұрған күндер болды. Бірақ, уақыт өте келе клуб ойынын түзеп алды. Еуропа лигасынан шығып қалғанмен, нашар өнер көрсеткен жоқ. Трансфер кезеңінде қатарларын тәжірбиелі ойыншылармен толықтыра білді. Нәтижесінде бірінші айналымның ең нәтижелі клубы атанды. Қарсылас қақпасына 41 гол соғып, өз қақпаларына 20 гол жіберген. Ал өткен жылы команда бірінші айналымда 28 рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, 24 рет өз қақпаларынан допты алып шыққан-ды. «Ақтөбеден» бір ғана ұпайы кем алматылық команда чемпиондықтан бірден-бір үміткер ұжым саналуда.

Талдықорғандық «Жетісу» бірінші айналымнан кейін екінші алтылықта қалды. Тең ойынды көбірек қанағат тұтатын клуб ХХІІ тур қорытындысында ең аз гол соққан команда атанып отыр. Сонымен қатар, өз қақпаларына аса көп гол да жібермеген. Өткен маусымда да Омари Тетрадзе шәкірттері дәл осындай қарқында өнер көрсеткен болатын. Соңғы турда «Жетісу» елордалық «Астанамен» тең тарқасты. Кездесуде есеп ашылмады.

«Астана» командасы да бірінші айналымды екі бапкермен өткізді. Маусым басында команданы Григорий Бабаян бастап шықса, кейіннен оның орнына Станимир Стойлов келді. Бар болғаны 3 кездесуде ғана қарсыластарына 3 ұпай сыйлаған елордалық клуб 9 рет тең кездесу өткізген. Нәтижесінде 39 ұпаймен турнир кестесінің 3-ші сатысына жайғасты. Маусым басында клуб ойыншылары едуәуір жаңарған-ды. Ең қымбат футболшылар да осы команда қатарында. Солардың бірі – Ренан Брессан еді. Беларус футболшысының трансферлік құны жоғары бағаланғанмен, жоғарғы деңгейде мүлде өнер көрсеткен жоқ. Екінші құрамда ғана ойнады. Негізгі құрамға ілікпеген ойыншы мен клуб жақында келісімшартын бұзып тынды. Әзірге, «Астананың» да бірінші айналымнан кейін жоғалта қойған ұпайлары көп емес.


Бірінші айналымда бірсыдырғы ойынымен ерекшеленіп, көш басына да асықпаған, көш соңында да қалмаған клуб – «Ордабасы». Шымкенттік клуб маусымды бас бапкерсіз-ақ бастады. Қуаныш Қарақұлов уақытша бұл орынды иелене тұрды. Ал кейіннен бұл орынға Қазақстан жастар құрамасының бапкері Саулюс Ширмялис келді. Өз алаңында «Астанаға» ғана жеңілген клуб, одан кейін Шымкенттен үш ұпай сыйлап өзге ешбір команданы қайтарған жоқ. ХХІІ турдан 35 ұпай жинап, турнир кестесінің 5-ші сатысына жайғасты. Чемпиондыққа таласатын алғашқы алтылықтың тартысында жеңісті жолын жалғап жатса, еурододаға жолдама алудан құр алақан емес. Ал соңғы турда өз алаңында «Қайсардан» Қызылордада кеткен есесін қайтарды.

Дмитрий Огай жаттықтыратын «Қайсар» ә дегеннен премьер-лига ойындарын сәтті бастады. «Спартак» секілді тосылып қалған жоқ. Тіс қаққан ойыншылармен қатарын толықтырған қызылордалық клуб бірінші айналымда нашар ойнады деп айта алмаймыз. 32 ұпайды қанжығасына байлаған команда алғашқы алтылықты қорытындылады.

Премьер-лиганың бірінші айналымынан кейін үздік сұрмергендер көшін «Ертістің» украиналық легионері Константин Дудченко бастап тұр. Оның еншісінде 10 гол бар. Одан бір гол аз соққан «Атырау» футболшысы Милош Трифунович екінші орынға жайғасқан. Ал еншілерінде 9 голдан бар Римо Хунт («Қайсар»), Фокси Кетевоама («Астана»), Михерт Топчагич («Шахтер») үштікті қорытындылап отыр. Байқап отырсақ, бұл межеде легионерлердің мысы басым екен. Ал отандық футболшылардың арасынан Мұрат Тілешов те 7 гол бар. Сонымен қатар, «Тараз» шабуылшысы премьер-лига тарихындағы үздік сұрмергендердің үшітігіне де енді.

Екінші айналым алдында командалар демалыс алды. 2014 жылғы ел премьер-лигасы жүйесі де 2013 жылғы маусым секілді екі кезеңнен тұратыны белгілі. 12 клуб екі айналым қорытындысы бойынша, екі алтылыққа бөлінеді. Алғашқы алтылық жеңімпаздарды анықтаса, екінші алтылықта премьер-лигада қалу мәселесі шешіледі. Екінші кезеңді командалар бірінші айналымда жинаған ұпайларының тең жартысымен бастайды.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылғы маусымда ел премьер-лигасында 10 футбол клубы бақ сынайтын болады. Бұл туралы осыған дейін де хабарлаған болатынбыз. Сол ақпаратта кәсіби ел футболы лигасының төрағасы Михаил Гурман аталған жүйе туралы, "саннан гөрі, сапаға көшкен дұрысырақ" деген болатын. Осы жылғы маусым қорытындысы бойынша 3 бірдей команда біріншілікпен қош айтысады. 11 мен 12-ші орын алған командалар премьер-лигадан шықса, 10-шы орын алған ұжымның орнына бірінші лигадан бірінші орын алған клуб келіп қосылады. Сондықтан екі алтылықтың да екінші айналымдағы ойындары нағыз тартысқа толы болмақ.

Бірінші айналымның қорытынды кестесі

  Командалар   Ойын    Жеңіс    Тең    Жеңіліс    Голдар    Ұпай  
1  Ақтөбе 22 12 7 3 34-17 43
2  Қайрат 22 13 3 6 41-20 42
3  Астана 22 10 9 3 34-17 39
4  Шахтер 22 11 3 8 33-27 36
5  Ордабасы 22 10 5 7 24-22 35
6  Қайсар 22 8 8 6 23-23 32
7  Жетісу 22 7 6 9 15-18 27
8  Тобыл 22 6 8 8 22-29 26
9  Ертіс 22 6 6 10 28-35 24
10  Атырау 22 6 6 10 19-27 24
11  Тараз 22 5 4 13 21-34 19
12  Спартак 22 3 5 14 16-41 14


Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vk.com, vesti.kz, sportinfo.kz

О. Сансызбай