Премьер-Лига. "Алтын" кездесу бола ма?

Премьер-Лига. "Алтын" кездесу бола ма?

Ертең ел премьер-лигасының соңғы тур ойындары өтеді. «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдаса, «Астана» сырт алаңда «кеншілер» ұжымында қонақта болады.

«Ақтөбе» - «Ордабасы»


Владимир Никитенко командасын ертең аса шешуші ойын күтіп тұр. «Ақтөбе» бар күшін салатын болады. Қалай да болмасын алаң иелеріне нәтижелі ойын керек. Ал шымкенттік команданың бұл кездесуге бірнеше футболшысы қатыса алмайды. Бұл алаң иелеріне берілген тамаша мүмкіндіктей. «Ордабасы» командасының сапынан ертең алаңға Андрей Карпович пен Дидар Сыдықбек жарақатына байланысты шыға алмайды. Ал команданың үздік сұрмергені Эдин Юнузович (12 гол) өткен турда сары қағаз иеленіп, бұл кездесуге қатысу құқығынан айырылған болатын. Ел премьер-лигасының тағдыры шешілетін кездесуді «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Кездесу Астана уақытымен 15:00-де басталады.


«Ақтөбе» - «Ордабасы»

Төрешілер: Ақмалхан Холматов (Қызылорда), Рустам Сүйінов (Павлодар), Валерий Гусев (Көкшетау)

Инспектор: Алексей Рубан (Алматы)

«Шахтер» - «Астана»


Виктор Кумыков шәкірттерінің жалғыз ғана үміті қалды. Ол – ҚР Кубогы. Ал премьер-лигада алғашқы үштікке ене алмасы айдан анық. Өйткені қола – «Қайратқа» бұйырып үлгерді. Ертеңгі «кеншілер» командасының жеңіске жетуі, «Астана» командасын чемпиондық атаққа деген үмітін сөндірмек. Дегенмен, Йоан Андоне баптайтын елордалық команда Қарағандыда жеңіс үшін ойнары сөзсіз. Егер «Астана» жеңіп, «Ақтөбе» шымкенттік командаға есе жіберіп жатса, онда жағдай қос ұжымның «алтын» кездесу өткізуіне келіп тірелмек... Соңғы турдағы тағы бір шешуші кездесуді «Еларна» арнасынан тамашалай аласыздар. Кездесу Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.

«Шахтер» — «Астана»
Төрешілер: Виктор Антонов (Павлодар), Анатолий Ходин (Атырау), Қазбек Кушебин (Рудный)
Инспектор: Юрий Гриджан (Алматы)

«Ертіс» - «Қайрат»


Бұл екі команда соңғы турда қоланы сарапқа салулары керек еді. Алайда кеше Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік бақылау палатасы керекулік командадан 3 ұпайды шегергеннен кейін, «Қайрат» сенімді түрде қолаға қол жеткізген болатын. Соңғы айлары «Ертістің» қаржылық жағдайы тығырыққа тірелді. Футболшыларға да жалақыларын бере алмауда. Ал команда ойыншылары келер маусымда клубтың бірінші лигаға түсіп қалмауына алаңдаушылық білдіруде...

«Ертіс» — «Қайрат»
Төрешілер: Артём Кучин (Карағанды), Виталий Дерцапф (Орал), Айдос Ахметбеков (Талдықорған)
Инспектор: Николай Бублинский (Карағанды)

«Жетісу» - «Тобыл»


Ертең талдықорғандық командаға қалай да болмасын нәтижелі кездесу қажет. Егер өз алаңында «Тобылға» есе жіберіп жатса, «қауіпті аймақтың» құрбанына айналып кетуі ғажап емес. Ал букмекерлік орталықтар алаң иелерінің жеңісіне - 2,30 коэфициент, тең ойынға – 3,05 коэфициент, «Тобылдың» жеңісіне – 3,05 коэфициент беріп отыр.

«Жетісу» — «Тобыл»
Төрешілер: Игорь Хисамутдинов (Павлодар), Евгений Попов (Өскемен), Сергей Васютин (Алматы)
Инспектор: Виктор Заякин (Семей)

«Ақжайық» - «Атырау»


Оралдық команда бұл маусымда сүреңсіз ойын өрнегін көрсетті. Бұл команданы да қаржы тапшылығы қинады. Енді премьер-лигада қалу мүмкіндігі өте аз. Жоқтың қасы... Ертең өз алаңында «Атырауды» қабылдайтын команда жеңіске жетіп жатса да, премьер-лигамен қош айтысуы ғажап емес.

«Ақжайық» — «Атырау»
Төрешілер: Игорь Алёшин (Павлодар), Санжар Ысқақов (Қостанай), Семён Журавлёв (Павлодар)
Инспектор: Сергей Кенетаев (Астана)

«Тараз» - «Восток»


Екі команда арасын 1 ғана ұпай бөліп тұр. Қос ұжымға да ұпай ауадай қажет. Сондықтан да ертең Таразда тартысты кездесу болары күмәнсіз.

«Тараз» — «Восток»
Төрешілер: Марат Ысқақов (Астана), Денис Виноградов (Петропавл), Бақытжан Кенжебаев (Шымкент)
Инспектор: Жұмағали Мумбаев (Шымкент).  

Соңғы тур алдындағы жағдай:

р/с  Клубтар Ойын
өткізді
Жеңіске
жетті
Тең
түсті
Жеңіліп
қалды
Доп
айырмасы
Жалпы
ұпайы
1   «АҚТӨБЕ»
31 20 5 6 44-20 42
2   «АСТАНА»
31 18 5 8 50-34 39
3   «ҚАЙРАТ» (Алматы)
31 11 12 8 41-36 30
4   «ЕРТІС» (Павлодар)
31 12 8 11 39-36 27
5   «ШАХТЕР» (Қарағанды)
31 12 7 12 42-41 26
6   «ОРДАБАСЫ» (Шымкент)
31 11 7 13 31-35 25

 

7-12 орындар

 

7   «ТОБЫЛ» (Қостанай)
31 14 6 11 48-32 35
8   «АТЫРАУ»
31 10 11 10 26-35 28
9   «ТАРАЗ»
31 7 8 16 29-37 20
10   «ЖЕТІСУ» (Талдықорған)
31 5 17 9 21-32 19
11   «ВОСТОК» (Өскемен)
31 6 12 13 19-36 19
12   «АҚЖАЙЫҚ» (Орал)
31 6 10 15 34-50 16 

Естеріңізге сала кететін болсақ, ертең мәресіне жететін ел премьер-лигасының соңғы турының барлық кездесулері Астана уақытымен 15:00-де басталады. Соңғы 4 кездесуді ФФК-ТВ сайтынан тамашалай аласыздар.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vesti.kz, fanatik.kz

Қ. Бүйенбай