Премьер-лига. «Ақтөбе» - айқын көшбасшы!

Футболдан ел премьер-лигасының ХІІ тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулердің нәтижесін ұсынамыз.

«Астана» (Астана) 1 – 1 «Ордабасы» (Шымкент)


«Астана-Арена» стадионында өткен кездесуде жеңімпаз анықталмады. Алғашқы минуттардан бастап-ақ екі команда ашық ойын жүйесін көрсетті. 17 минутта Бауыржан Жолшиев жеке басының шеберлігінің арқасында «Ордабасы» қақпасына гол соқты. Араға сегіз минут сала қонақтар да таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан асырылған допты Абдуллай Диакате еш кедергісіз «Астана» қақпасына тоғытты. Одан кейін бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырған Григорян Бабаян шәкірттерінің шабуылынан нәтиже шықпады. Екінші таймда да алаң иелері ойынды толықтай қолға алғанмен, нәтижеге өзгеріс енгізе алмады.

«Тараз» (Тараз) 0 – 1 «Қайсар» (Қызылорда)


Оңтүстіктік дербиде Дмитрий Огай командасы жеңіске жетті. Қызылордалық ұжымға жеңіс сыйлаған голды 89 минутта Римо Хунт соқты. Нәтижесінде 21 ұпай жинаған «Қайсар» турнир кестесінің үшінші сатысына көтерілді.

«Тобыл» (Қостанай) 0 – 0 «Атырау» (Атырау)


Қос ұжым арасындағы кездесуде есеп ашылмады. Дәл осындай нәтиже алғашқы кездесулерінде де тіркелген-ді. Келесі турда «Тобыл» талдықорғандық «Жетісуда» қонақта болса, «Атырау» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдайды.

«Ертіс» (Павлодар) 5 – 0 «Спартак» (Семей)


Әр тур сайын сенсация күттіріп жүрген семейлік клуб әлі де жеңіске жетер емес. Павлодарда жергілікті командамен жолыққан «Спартак» 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. «Ертіс» сапынан Игорь Юрин, Константин Дудченко, Антон Чичулин, Әлібек Аяғанов пен Захар Коробов бір-бір доптан еншілеріне жазды. Алайда ойын аяқталғаннан кейін, оқыс оқиға орын алды.


Команданың бас директоры Халімжан Ержанов пен спорттық директоры Болат Ысқақовты белгісіз бетперде киген екі адам көпқабатты үйінің дәлізінде соққыға жығып кеткен. Халімжан Ержанов ауыр жарақат алса, Болат Ысқақов жансақтау бөліміне түсті. Ізін суытып үлгерген қылмыскерлер іздестірілуде.

«Қайрат» (Алматы) 2 – 1 «Жетісу» (Талдықорған)


Владимир Вайсс командасы өз алаңындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ойындағы есепті 19 минутта Момоду Сиссей ашты. Екінші таймда алаңға кірген Милош Лачны есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда ойын аяқталар тұста қонақтар сапынан өткен маусымда «Қайрат» қатарында ойнаған Рауан Сариев есепті қысқартып кетті. Араға аз уақыт сала гамбиялық шабуылшы Йосип Кнежевичке тамаша пас асырған-ды. Алайда футболшы мүмкіндігін пайдалана алмады.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) 4 – 0 «Шахтер» (Қарағанды)


Өткен маусымдағы ел чемпиондары Еуропа лигасының топтық кезеңінде ел намысын қорғаған «кеншілер» ұжымын ойсырата жеңді. Расында да, «Шахтер» өз ойын жүйесін жоғалтып алғандай. Ауысым кезінде команда ауыстырған Геворг Казарян, Рохер Каньяс пен Сергей Хижниченко орындары ойсырап тұр десек болады. Ұлан Қонысбаев, Роман Мұртазаев пен Тоқтар Жаңғылышбай Сергейдің орнын жоқтатпаған күннің өзінде алғашқы екі футболшының орнын басар кандидат табылмай тұрғандай. Бүгін Александр Мокин қорғаған қақпаға Данило Неко, Дмитрий Мирошниченко, Александр Гейнрих және Маркос Пизелли доп енгізді. Ал қонақтар бір доп та жауап қатпады. Нәтижесінде 29 ұпай жинаған «Ақтөбе» қарсыластарынан 7 ұпайға ұзап, қара үзіп шықты. ХІІІ турда клуб семейлік «Спартакта» қонақта ойнайды.

Кездесуді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан да бақылады

ХІІ тур қорытындысы бойынша мергендер көшін алматылық «Қайраттың» гамбиялық шабуылшысы Момоду Сиссей бастады.

Турнир кестесі

№ Командалар Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай  1  Ақтөбе 12 9 2 1 22-3 29 2  Астана 12 6 4 2 15-7 22 3  Қайсар 12 6 3 3 13-11 21 4  Қайрат 12 6 2 4 17-11 20 5  Шахтер 12 6 2 4 18-13 20 6  Атырау 12 4 5 3 10-10 17 7  Ордабасы 12 4 3 5 12-13 15 8  Ертіс 12 4 2 6 16-17 14 9  Жетісу 12 3 4 5 9-10 13 10  Тобыл 12 3 4 5 10-16 13 11  Тараз 12 3 2 7 10-19 11 12  Спартак 12 0 3 9 7-29 3

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vesti.kz