Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ІV тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз!
Спартак (Семей) – «Шахтер» (Қарағанды)
Қарағандылық команданың ІІІ турдағы ойыны жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Маусымды аса сәтті бастамағандығын да білеміз. Жаңа біріншілікке біртіндеп бой үйретіп келеді. Өз ойын жүйесін тапқан команда Семейде бүгін екінші жеңісін тойлауға шамалары жетеді. Тек есептің қалай болары ғана белгісіз секілді. Дегенмен «Спартак» «Ақтөбеге» қарсы тәуір ойнаған. Өз алаңында ірі есеппен ұтыла қоймасы анық. Клубтың тең нәтижеге қол жеткізуге де мүмкіндігі бар. Өйткені, алғашқы турда «Шахтерды» жеңген «Ертіс» Семейден 1 ұпаймен қайтқан болатын. Ойын Астана уақытымен 15:00-де басталады.
«Атырау» (Атырау) – «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Батысқазақстандық дербилердің кездесуі бұл турдағы орталық ойын саналуда. Әзірге жеңіліссіз келе жатқан командалар текетіресіне нақты болжам айту да қиын. Алаң иелері бұл маусымда жүлделі орындарға таласа алатын клубтар қатарынан орын алуға таласатынын байқатуда. Аздап «Ақтөбе» фаворит саналғанымен, бұл кездесуде тең ойын тіркелуі мүмкін. Букмекерлік орталықтар алаң иелері жеңісіне 3,83 коэфициент, тең ойынға 3,05 коэфициент, қонақтар жеңісіне 2,11 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.
«Жетісу» (Талдықорған) – «Ертіс» (Павлодар)
Талдықорғандық команда маусымды сәтті бастады. Өткен чемпионатта да осындай жағдай орын алған. Омари Тетрадзе шәкірттері бұл маусымда алғаш рет өз алаңында өнер көрсеткелі отыр. Осыған дейін жасыл алаң дайын болмаған еді. «Ертіспен» өтетін кездесуде алаң иелерін жеңіледі деп айту қиындау. Өткен маусымдағы екі кездесуінде де қарсыластарынан үш ұпайды еншілеген болатын. Бүгінгі кездесуде алаң иелері жеңбесе, жеңілмейді деуге болады. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай)
Шымкенттік команда маусымды сәтсіз бастады. Дегенмен ІІІ турда алматылық «Қайратты» түзде жеңді. Бірнеше күн алдын ғана бас бапкерлікке еліміздің жастар құрамасының жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис келді. Командаға толық ойын тәжірибесін сіңдіріп үлгермесе де, «Ордабасы» жеңіледі деу қиындау. Жанкүйерлер қолдауымен желпіне түсетін жергілікті команда бүгін жеңіске жетуі ықтимал. Букмекерлік орталықтар алаң иелері жеңісіне 2,65 коэфициент, тең ойынға 2,82 коэфициент, қонақтар жеңісіне 2,97 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.
«Астана» (Астана) – «Тараз» (Тараз)
Бұл маусымдағы елордалық команданың ойыны жанкүйерлер көңілінен шығып жүрген жоқ. Тек соңғы минуттарда ғана гол соғып жеңіске (ІІ-ІІІ турда) жетіп жүр. Бәлкім сәттілік пе, әлде мықтылық па? Бүгін соның бірін дәлелдейтін тағы бір кездесу күтіп тұр. Клуб құрамы тәжірибелі ойыншылармен толыққанымен, ойынды нәтижеге айналдыра алатын шешуші сәт жетіспеуде. «Тараз» өз алаңында ел чемпиондарына ойсырай ұтылғаннан кейін, жеңіске жетуге асығары сөзсіз. Бірақ, тағы бұл жолы емес секілді. Кездесу Астана уақытымен 17:00-де басталады.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Қайрат» (Алматы)
Алматылық команда ІІІ турда да ұтылды. Осы жылы Еуропа лигасында бақ сынайтын Владимир Вайсс шәкірттерінің ойыны жүрер емес. Бүгін Қызылордадан толыққанды үш ұпай алып қайтуы да екіталай. Дмитрий Огай командасы өз алаңында белсенетіні бесенеден белгілі. Сондықтан да бұл ойында тең есеп тіркелуі әбден мүмкін. Ойын Астана уақытымен 17:00-де басталады.
Бұл тур голға сараң болмайтын секілді. Ойындарды ФФК-ТВ сайтындағы жоба бойынша HD форматында тамашалай аласыздар!
Автор: Фараби Арыстанбек
Сурет: sports.kz