- Негізгі бет
- Маккала
- Өз ортасы үлгі...
Өз ортасы үлгі тұтар жас таланттар
Әр адамның бойында дарын мен талант болады. Ал сол дарынды көмескілендіріп, талантты тасада тұсап ұстауға болмайды.
Бала күнімізде бәрін есейген соң істеймін дейміз. Ал қартайғанда "әттең, жас күнім қайта келер болса ғой, бәрін тындырар ем. Қазір кеш" деп өкінеміз. Бұл жер бетіндегі табысқа жете алмаған адам біткеннің психологиялық әлжуаздығы ғана. Әр іске дер кезінде кіріскен жөн.
Отызында жаспын деп жүре бергеннен, он бесінде баспын деп белін буынғанға не жетсін. Біз өз ұрпағымыздың талантын бала күнінде-ақ байқаймыз. Әрбір ата-ана сол талантты баласын мақтаныш тұтады. Ал ең үлкен қателігіміз – бауыр ет баламыздың сол талантын ұштауға жағдай жасау жағынан кешігіп қалатын сәттеріміз болады.
Талант жас талғамайды. Дей тұрғанмен бала кезде таланттың ұшталуы – болашаққа алып ұшар қанат іспетті. Болайын деген баланың, бетін қақпа, белін бу – дейді. Жас таланттарға қолдау көрсету, шалыс басса демеу беру, қанаттандырып зор сенім арту – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Талант иелері өз жанымызда жүруі де мүмкін. Себебі талантсыз адам жоқ – жалқаулар бар...
Талант жайлы әңгіме айтқанда, тосылып қалмайтынымыз рас. Ондай жандарды көріп, олармен қатар жүрміз де. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де өз ортасы үлгі тұтар жас таланттар. Олардан ұстаздары мен тәрбиешілері зор үміт күтеді.
Жүгіруден жалықпайтын жас желаяқ
Жаны қалайтын жұмыстан жалықпайтын жандар болады. Ол мейлі кәсіпке байланысты, болмаса спортқа байланысты болсын. Ең бастысы – ол өз ісінен ләззәт алады, жетістікке жету жолындағы құлшынысы махаббатқа толы болады. Сондай жас таланттардың бірі – Әмір Ілияс.
Әмір Алматыдағы №88 жалпы білім беретін мектепте оқиды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ спорттық шаралардан қалыс қалған емес. Футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес секцияларына қатысады. Сондай-ақ көптеген марафон жарыстарына қатысқан.
Биыл Әмір Іле өзенінің жағалауындағы Тамғалы тас шатқалында өткен Tengri Ultra марафонына қатысты. Қатысқанда да 70 шақырымдық ультрамарафонға жүгірді. Кіл желаяқтар қатысқан жарыста үздіктер қатарынан көрінбесе де, соңына дейін шыдап бақты. 11:58:38 сағат уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесті.
- Өзім әскери клуб қатарындамын. Сондықтан бұл марафонға қатысу маған тегін болды. 70 шақырымды жүгіріп өту өзімнің зор жетістігім деп ойлаймын. Алдағы уақытта өзге елде өтетін осындай тағы бір ультрамарафонға қатысу мүмкіндігім бар, - дейді Әмір.
Жас желаяқ кешкілік жүгірудің пайдасы зор дейді. Өзі де күнде кешқұрым уақытта жүгіреді екен. Бұл кезде адамның бұлшықеттері құрысып қалмайтын көрінеді.
Әмір Ілияс қазір бірнеше спорт түріне қатысып, шеберлігі шыңдап жүр. Дей тұрғанмен келешекте еркін күрестен биік белестерді бағындырғысы келеді.
Головкиндей боксшы болсам дейді!
Қазір кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді танымайтын қазақ спорты жанкүйерлері жоқ та шығар. Генаны әлем жұртшылығы да таниды. Екінші кейіпкеріміз GGG секілді әлем таныған боксшы болғысы келетін – Илья Фролов.
6 сыныпты аяқтаған Илья бокспен шұғылданады. Алматыдағы №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі. Бокстан өзге футбол, джиу-джитсу секілді спорт түрлеріне де қатысады. Қазақ тілінде сайрап тұрған Илья домбыра тартуды да меңгерген талант екен.
Ильяның бокспен шұғылданып жүргеніне 2 жылдан асып қалған. Жуырда Алматыда өткен республикалық турнирде 34 кг салмақта топ жарған. Келер жылы спорт шеберлігіне кандидат болу мақсатын алға қойған. Геннадий Головкин сынды танымал боксшы болсам дейді. Сондай-ақ Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың жұдырықтасу мәнері ұнайтынын айтады.
- Геннадий Головкиннің фанатымын. Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың жұдырықтасу стильдері ұнайды. Болашақта бокста маған бәсекелестік жоғары болатыны рас. Бірақ одан қорықпаймын. Бәсекелестік мені ширата түседі, - дейді Илья.
Өз ортасы үлгі тұтар жас таланттар ертең еліміз үлгі тұтар азамат боларына сенеміз!
О. Сансызбай