Ел спортында елеулі рөлге ие спортшы аруларымыздың алатын орны ерекше. Намысты қолдан бермейтін нәзік жанды аруларымыз талай дүбірлі додада жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Тіпті, спорт пен отбасын қатар алып жүріп, ұрпақ өсіріп, бала тәрбиесін де ұмыт қалдырмаған аруларымыз жетерлік. Бүгін біз сіздерге қазақстандық спортшы аналар туралы ақпаратымызды ұсынатын боламыз.
Гүлжан Исанова
Қазақстандық дзюдошы Гүлжан Исанова бұл күнде бір қыздың анасы. 2014 жылдың жазында дүниеге келген сәби спортшының көз қуанышы. Ал дзюдошы болса, спортты тастап кеткен жоқ. Араға көп уақыт салмай, жаттығу жұмыстарына қайта оралды. Күзде Астана қаласында өткен дзюдодан Гран-При бәсекесіне қатысып, қола жүлде үшін өткен белдесуде екінші бір қазақстандық спортшы Зарина Әбдірасуловаға есе жіберіп алды.
Айта кетейік, Гүлжан Исанова 10 жылдан астам уақыттан бері ел намысын қорғап келеді. 2009 жылы Азия чемпионы атанса, 2012 жылы Прагада өткен Еуропа кубогында жеңімпаз атанды. Араға бір жыл сала Ташкентте өткен Гран-При турнирінде топ жарды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы сапында 2008 жылы Бейжіңде өткен, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатысты.
Ольга Рыпакова
Қазақстандық танымал жеңіл атлет Ольга Рыпакова бір қыз, бір баланың анасы. Қызы – Анастасия 10 жаста. Ал Лондон Олимпиадасынан кейін дүниеге келген ұлы Кирилл қазір 2 жаста екен. Демалыстан оралған спортшы 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарына қатысып, еліміздің абыройын тағы бір асқақтатты. Ольга 2015 жылы өтетін «Гаухар лига» жарысына қатысады. Ал 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында екінші рет жеңімпаз атануды мақсат тұтып отыр.
Татьяна Аманжол
Еркін күрестен Татьяна Бакатюк 2008 жылы Германияда өткен Гран-При турнирінде күміс жүлдегер атанды. Бейжіңде өткен Олимпиадада бесінші орынды қанағат тұтты. 2009 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен «Голден Гран-При» турнирінде жеңімпаз болды. Араға жыл сала тұрмысқа шыққан спортшы ана атанды. Нәтижесінде 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатыса алмады.
Спортты жанына серік еткен спортшы 2013 жылы үлкен спортқа Татьяна Аманжол болып оралды. Бірден ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында да алтыннан алқа тақты. 2014 жылы Астанадағы Азия чемпионатында үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ал Инчхондағы Азия ойындарында 48 келіге дейінгі салмақта (оған дейін 51 келіге дейін күресіп келген) күресіп, қола жүлде иеленді. Тәжірибелі спортшы алдағы Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көріну үшін жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Майя Манеза
Майя Манеза есімі қазақстандық спортсүйер қауымға жақсы таныс. Ол - екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындары мен чемпионатында жеңіске жеткен. Ал 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Төрткүл дүние көз тіккен доданың аяқталғанына көп уақыт өтпей Майя Манеза қазақстандық ауыр атлет Вячеслав Ершовқа тұрмысқа шықты. 2013 жылдың тамыз айында спорттағы жарасымды жұптар әке-ана атанды. Дүниеге келген ұлдарының есімін Арсений деп қойды.
Майя Манеза 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатына дайындалып, жаңа салмаққа ауысып, өнер көрсетті. 69 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы сегізінші орынды қанағат тұтты. Бұл күндері қызу жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүрген ауыр атлет келер жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарын маңызды санап отыр. Сонымен қатар, биыл Хьюстонда (АҚШ) өтетін әлем чемпионатына қатысады деп күтілуде.
Зарина Тухтиева
Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Зарина Тухтиева Эмиль есімді ұлдың анасы. 2011 жылғы Азия ойындарында жеңімпаз атанған спортшының баласы 6 жаста. Алматының «Айсұлу» клубында ойнайтын спортшы ұлын өмірдегі ең үлкен бақыты деп санайды.
Ирина Эктова
Үш қарғып секіруден Ирина Эктова 2008 және 2012 жылы еліміздің намысын Олимпиада ойындарында қорғаған, 2007 және 2009 жылдары Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Ирина Эктова да қазақстандық спортшы аналардың қатарында. 2010 жылы Яна есімді қызды болған. Спортшы өткен жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар, Риодағы Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлауда.
Анастасия Слонова
Анастасия Слонованың тұрмысқа шығып, дүниеге ұл әкелгеніне дейінгі спорттағы жетістігі – 2011 жылғы Азия ойындарындағы командалық эстафетадағы алтын жүлде болатын. Ұзақ уақыт демалыстан кейін спортқа қайта оралған қазақстандық шаңғышы жақында ғана мәресіне жеткен Қысқы Универсиада ойындарында 2 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алып, жанкүйерлерін қуантты.
Ел спортында жарқ етіп көрініп, тұрмысқа шыққаннан кейін үлкен спортпен қош айтысқан спортшылар да бар. Тіпті, кейбірі бапкерлік қызмет атқарып, өзі өнер көрсеткен спорт түрінің елімізде дамуына үлкен септігін тигізуде. Олардың қатарына көркем гимнастикадан әлемдік аренада ел абыройын асқақтатқан Әлия Юсупованы айтуға болады.
Сонымен қатар, әйелдер арасында бокстан Қазақстанның жетістігі жоғары боксшыларының бірі Марина Вольнова да спорттан қол үзіп кетпейді деген сенімдеміз. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған боксшы қыз көктемнің соңына қарай ана атануға дайындалып жүр. Ал одан кейін шаршы алаңға шығып жұдырықтасу спортшының жоспарында жоқ екен. Бәлкім, елімізде боксқа қыздардың қызығушылығын арттыруда өз көмегін тигізер.
Сурет: sports.kz, vesti.kz, prosportkz.kz, altaynews.kz, sport.zakon.kz
Оқи отырыңыз
Конькимен жүгіруден Астанада өткен әлем чемпионатында кімдер топ жарды?
Қысқы Универсиадада топ жарған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?