- Негізгі бет
- Маккала
- Өміралиева Әлем Чемпионатында...
Өміралиева Әлем Чемпионатында қола жүлде алды
Самбодан Әлем Чемпионатында теміртаулық спортшы Дильбар Өміралиева қола жүлдеге ие болды. 66 елден келген шебер бақ сынаған сайыс Белорусияда өтті.
Самбодан Әлем Чемпионаты Минск қаласында өтті. Жерлесіміз өз салмақ категориясында 20 самбошымен бәсекелес болды. Жартылай финалға дейін жете білген ол ресейлік спортшыдан айласын асыра алмай 3 орынға табан тіреді.
"Біз финалға шығамыз деп дайындалып жүрдік. Алтын медальға ие болу кез келген спортшының арманы емес пе? Ресейліктен жеңіліп қалғаным әрине жаныма батты. Дегенмен қателіктеріммен жұмыс жасауды тоқтатпаймын. Қалай болса да, жүлдем үшін қуаныштымын", - деді Дильбар журналистерге берген сұхбатында.
Ал Қарағанды облысының жаттықтырушыларының айтуынша, бұл бәйгеде облыс спортшылары өздерінің соңғы бірнеше жыл ішіндегі ең жақсы нәтижелерін көрсете білді.
"Біздің федерация бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Дзюдодан да, самбодан да Олимпиада ойындарына, Азия ойындарына, Әлем кубоктарына қатысқан спортшылар тәрбиелеп шықтық. Жақында бір спортшымыз жасөспірімдер арасындағы Әлем Чемпионы атанды. Бұл біздің дұрыс жолмен келе жатқандығымыздың белгісі", - деді Теміртау қаласының спорт бөлімінің басшысы Дәурен Есімханов.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша, Қазақстанның қанжығасына 11 медаль байланды. Оның біреуі алтын. Командалық есепте еліміз 3 орыннан көрінді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©Валентина ВАГАНОВА