Бокссүйер қауым үшін жақсы жаңалығымыз бар. Еліміздің бокс құрамасы Лондонда өтетін олимпиада ойындарына сегізінші жолдама ұтып алды, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі. Қазақстанның намысын Ілияс Сүлейменов қорғайтын болады.
Астанада өткен квалификациялық жарыс аясында ұйымдастырылған кездесуде боксшымыз 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жартылай финалға өтті. Ілиястың қарсыласы өткен жылдың Азия чемпионы қытайлық Йонг Чанг болды. Ілияс чемпионнан басым түсіп, жарысты 19:12 есебімен ұтты.
Естеріңізге сала кетсек, Астана қаласында өтіп жатқан турнирде олимпиада ойындарына тағы бір спортшымыз Данияр Елеусінов жолдама ұтып алған болатын. 12 сәуірге дейін созылатын жарыста ұлттық құрамамыз тағы екі жолдамадан үміт етіп отыр. Үмітіміз үзілмесін деп тілейік, ағайын.
Сурет: tengrinews.kz