- Негізгі бет
- Маккала
- Олимпиада ойындарының чемпионы...
Олимпиада ойындарының чемпионы Азияның үздігі атанды
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия біріншілігінде ерлер арасындағы 56 келі салмақтағы спортшылар ішіндегі жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Массагет тілшісі.
Бұл салмақта Олимпиада ойындарының чемпионы Ом Ион Шолға тең келер ешкім болмады. Ол жұлқа көтеруде 126 келі салмақты көтерсе, серпе көтерудің алғашқы мүмкіндігінде-ақ 161 келіні төбесінен асырып, "Азия чемпионы" деген атаққа қол жеткізді. Ом Ион чемпиондық аттаққа қол жеткізіп қойғаннан соң, 169 келі болатын Әлем рекордының мұртын бұзуға тырысқан еді. Дегенмен, қалған екі мүмкіндігінде де солтүстік кореялық спортшыға 169 келі бағынбады.
Жарыс барысында Ом Ион Шолдың басты қарсыластары – Вьетнам спортшылары болды. Екінші орын алған Туан Таш Ким жұлқа көтеруде 125 келіні бағындырса, серпе көтеруде жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионының үздік нәтижесі 156 келі болды. Нәтижесінде ол жеңімпаздан бар болғаны 1 ғана келі қалып қойды. Үшінші орында да Вьетнам спортшыларының еншісінде кетті. Жұлқа көтеруде 120 келі, серпе көтеруде 156 келіні бағындырған Тоан Трун Ли Гуош Азия біріншілігінің қола медальіне ие болды.
56 келі салмақта Қазақстан атынан бапкерлер еліміздің екі дүркін чемпионы Арли Чонтейді шығаруды жөн көрген екен. Өкінішке орай, Чонтей жанкүйерлердің сенімін ақтай алмады. Жұлқа көтеруде бұл жігіт 115 келіні әупірімдеп жүріп бағындырса, серпе көтеруде ол 135 келіні үш мүмкіндігінде де көтере алған жоқ.
«Чонтей Қазақстан атынан алғашқы рет халықаралық жарысқа қатысып тұр. Сондықтан да бүгін ол біршама қобалжығаны анық. Олимпиада ойындарына дейін әлі 3 жыл бар. Сол уақыт аралығында бұл жігітті біз әлі сын садағынан өткізетін боламыз», - дейді Арли Чонтейдің Азия біріншілігінде өнерін бағалаған Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының сапынан бүгін жарыс жолына 56 келі салмақта Маргарита Елисеева мен 62 келі салмақтағы архад Харки шығады.
Арнайы Массагет.кз үшін Астанадан: Уалихан Қосанбай
Сурет: Уалихан Қосанбай
Ю. НИКУЛЛИН