Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, грек-рим күресінен 2008 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев коронавирус жұқтырды.
Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Коронавирус бар-жоғын тексеретін тесттен өткен Нұрбақыт Теңізбаев оң нәтиже көрсетті. Қазір ол Талдықорған қаласындағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр. Бұл туралы Олимпиада жүлдегерінің өзі айтты:
"Қазір жағдайым оңалып қалды. Емделіп жатырмын. 2 күннен бері өзімді жақсы сезініп қалдым. 1 аптадан бері ауруханада жатырмын. Бастапқы кезде қызуым көтеріліп, жиі жөтелдім. Қазір ем-дом қабылдап, дәрі-дәрмектің көмегімен, дәрігерлердің арқасында оңалдым", - деді Нұрбақыт Теңізбаев Massaget.kz сайтына.
Бүгін белгілі болғандай, Алматы маңындағы "Ақбұлақ" Олимпиада орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізген грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының 15 мүшесінен коронавирус анықталды. Спортшылардың аты аталмаған. Оған қоса коронавирус белгісіз түрінде өтіп жатыр.
1 шілдеден бастап барлық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындары тоқтатылады. Мұндай шешімді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жедел штабы елдегі коронавирус індетінің өршуіне және көптеген ірі халықаралық жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты қабылданған.
Сонымен бірге, қазіргі таңда жаттығу жиындарын өткізіп жатқан команданың барлығы тоқтатылып, бұдан кейін жоспарланған жиындар өтпейтін болады.
"Маусым айында оқшаулану режимінде бірнеше құрама команда оқу-жаттығу жиындарын сәтті өткізді. Сондай-ақ, тағы бірнеше команда санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтана отырып спорт нысандарында жаттығуын жалғастыруда.Елімізде эпидемиялық жағдайдың өршіп кетуіне байланысты, сонымен қатар, құзырлы мекемелермен ақылдаса келе жедел штаб тобы құрамалардың жаттығу жиындарын тоқтату туралы шешім қабылдады. Біз жағдайды күнде жіті қадағалап отырмыз. Айта кетерлігі, ҰОК үшін спортшылардың денсаулығы әрдайым бірінші кезекте тұрады", – деп келтіреді жедел штабтың жетекшісі, спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың сөзін ҰОК ресми сайты.
1-29 маусым аралығында 12 спорттық нысанда 26 оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Оған 22 ұлттық құрама командалары қатысты.
Елді спортшылар мен соған қарайлас қызметкерлердің арасында коронавирус індеті өршіп тұр. Ковид спортшылардың арасынан алғаш болып қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, "Әлем Барысы" жеңімпазы Айбек Нұғымаровтан анықталды.
Одан коронавирус бар-жоғына тексерілген "Қайрат" футзал клубының ойыншылары мен қызметкерлерінен COVID-19 анықталды. Ал бүгін "Қайсар" клубының 25 футболшысы коронавирус жұқтырғаны белгілі болды