- Негізгі бет
- Маккала
- «НВО» арнасы GGG...
«НВО» арнасы GGG жайлы фильмнің Қазақстандағы түсірілімін аяқтады
Американың танымал «НВО» телеарнасы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жайлы фильмнің Қазақстандағы түсірілімін аяқтады. Бұл туралы спортшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы хабарлап отыр.
Қазақстанға келген түсірілім тобының басты мақсатының бірі – жанкүйерлерге Геннадий Головкиннің туған жері, өскен қаласы мен боксшы болып қалыптасқан ортасы жайлы тыңғылықты ақпарат беру. Фильмнің едәуір бөлігі Майқұдықта түсірілді. Мұнда ағайынды Головкиндер алғаш рет бокс үйірмесінің табалдырығын аттаған. №65 орта мектептің спорт залында жаттыққан. GGG мен арнаның түсірілім тобы мектепке ойламаған жерден келіп, күтпеген сый жасады.
Геннадий «НВО» арнасының түсірілім тобына өзі алғаш жаттыққан залын көрсетті. Өзі оқыған мектептің партасына отырып, балалық шақтан сыр шертті. Н.Әбдіров атындағы спорт кешеніне бас сұғып, жас қарағандылық боксшылардың жаттығуларын тамашалады. Екінші жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаевпен әңгіме-дүкен құрды.
Дегенмен түсірілімде боксшының алғаш барған жаттығу залы мен алғашқы бапкері Виктор Дмитриевке баса мән берілді. Бүгінде бұл жаттықтырушы Қарағандыда 40-50 жас өренді дайындап жатыр екен. Түсірілім барысында Виктор Константинович Генаның алғаш залға келген сәтінен бастап, қазақ елінің қалай мақтанышына айналғанына дейінгі сәттерді тізбелеп сұқбат берді. Ал Геннадий Головкин өзі жаттыққан алғашқы зал туралы айта кетті.
- Бұл залда бәрі бар күш-жігерін сала жаттығатын. Жаттығуға ынтаң болмай, болмаса кешігіп келсең – нағыз ұят болатын. Мұнда міндетті түрде чемпион болу емес, мұнда басты орында еңбектену тұратын. Себебі мұндағылардың барлығы үлкен жетістіктің тек еңбек пен төккен тердің арқасында келетінін түсініп жаттықты, - деді GGG.
«НВО» арнасы Майқұдықтан кейін Астана қаласында да бірнеше түсірілім жасады. Геннадий Головкиннің менеджері Олег Германның айтуынша, қазақстандық боксшы бір жекпе-жегін осы елордада өткізгісі келеді екен (боксшының өзі де айтқан). Сондықтан да Астанадағы түсірілім қаланы әлемге таныстыра да түспек. АҚШ-тан келген қонақтар «Астана Арена» стадионында да түсірілім жасап, жоғары бағалады.
- Бұл жобаның ары қарай қалай жалғасатынын, қашан экранға шығатыны туралы әзірге ақпарат беруге ерте. Дегенмен «НВО» арнасының Қазақстанға келіп түсірілім жасауы – арнаның Головкинге деген ерекше құрметінің бірі. Сондай-ақ америкалық арнаның GGG командасымен бірге жүзеге асыратын үлкен жобалары да баршылық. Түсірілмнің сәтті өткеніне қуаныштымыз. «НВО» арнасының түсірілім тобы да қуаныштарын жасырмады. Оларды чемпионның спортты қайда бастағаны қызықтырған еді. Енді көрді де, - деді Олег Герман.
- Шын мәнінде, бұл түсірілім «НВО» арнасының кәдуілгі жұмыстарының бірі емес. Біз үшін америкалық телеарнаның қолға алған жобасы жоғары маңызға ие. Әлем жанкүйерлері үшін Геннадийдің қайда боксты бастағаны, боксқа қалай келгені қызық, - деді Генаның промоутері Том Леффлер. Қазіргі таңда боксшының командасы Астанада қаласында жүр.
О. Сансызбай