Нұрбол Жұмасқалиев премьер-лигадағы өз рекордын жаңартты

Нұрбол Жұмасқалиев премьер-лигадағы өз рекордын жаңартты

Футболдан ел премьер-лигасының V тур ойындары мәресіне жетті. Оңтүстіктік дербиде жеңіске жеткен «Ордабасы» көш басындағы «Астанамен» үзеңгі қағыстырды. Ал «Тобыл» капитаны Нұрбол Жұмасқалиев премьер-лигада соққан голдарының санын 160-қа жеткізді.

V турдың орталық кездесуі ретінде «Астана» мен «Ақтөбе» ойыны бағаланды. «Астана-Арена» стадионында өткен кездесуде есеп ашылмады. Қос ұжымда да гол соғуға зор мүмкіндіктер болған. Бірақ, сәттілік жолдас бола қойған жоқ. Нәтижесінде бір-бір ұпайдан еншіледі. Екі клуб та бұл маусымда әлі жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ.

Алматыда «Қайрат» Көкшетаудың «Оқжетпесін» ойсырата жеңді. Владимир Мұқанов баптайтын команда осыған дейін сәтті өнер көрсетіп келгенмен, Владимир Вайсс шәкірттеріне қарсы ойында қауқар таныта алмады. Бірінші тайм соңында Жерар Гоу мен Исаэль бір-бір голдан еншілеріне жазса, екінші таймда да Исаэль гол соғып көзге түсті. Бір голды Сито Риера соқты. Сонымен қатар, жақында ғана клуб сапын толықтырған Сержиньо алаңда Бауыржан Исламханды алмастырып, сәтті қимылдарымен жанкүйерлер есінде қалды.

Талдықорғанда «Жетісу» Павлодардың «Ертісімен» тең тарқасты. Екі доп басымдығымен алға озған алаң иелері ойын соңына қарай жеңісті уыстан шығарып алды. Алаң иелері сапынан Джордже Деспотович пен Душан Савич гол соқса, қонақтар қатарынан Изу Азука мен Пиралы Алиев белсенді. Екі ұжым да жаңа маусымда әлі жеңіске жетіп көрген жоқ.

Қызылордада «Қайсар» «Атыраумен» тең ойнады. Кездесуде есеп ашылмады. Дмитрий Огай шәкірттері өз алаңындағы үшінші ойынын нөлдік нәтижемен аяқтап отыр.

V турдағы тартысты кездесулердің бірі Қостанайда өтті. Жергілікті алаңда «Шахтерды» қабылдаған «Тобыл» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші болып қонақтар есеп ашқан болатын. Геворг Наджарян «кеншілерді» алға шығарғанмен, алаң иелері артынша-ақ таразы басын теңестірді. Бір голмен шектеліп қалмаған Нұрбол Жұмасқалиев ойында хет-трик орындап, премьер-лигада соққан голдарының санын 160-қа жеткізді. Бір голды Томаш Шимкович өз еншісіне жазды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, оңтүстіктік дербиде «Ордабасы» жеңіске жетті. Виктор Кумыков командасына жеңіс сыйлаған голды Еркебұлан Тұңғышбаев соқты.

Ел премьер-лигасының V тур ойындары аз гол соғылады деп күтілген еді. Бірақ, олай болып шықпады. Барлығы 14 гол соғылды. Яғни, осыған дейінгі турларда мұндай голдар саны тіркелмеген болатын. Сонымен қатар, бұл турдағы ойындарға ең көп жанкүйерлер жиналды. Алты ойынға барлығы 23 500 жанкүйер жиналған. Оның ішінде Алматыдағы «Қайрат» пен «Оқжетпес» кездесуін 8000 жанкүйер тамашалапты.

V тур қорытындысы бойынша үздік сұрмергендер көшін «Қайрат» шабуылшысы Жерар Гоу бастады. Оның еншісінде 5 гол бар. Ал Рохер Каньяс, Мақсат Байжанов пен Нұрбол Жұмасқалиев 3 голдан соққан. Айта кетейік, «Тобыл» капитаны «Шахтерға» қарсы ойында хет-трик орындап, премьер-лигада соққан голдарының санын 160-қа жеткізе білді. Әзірге бұл көрсеткішке жетуге бір ойыншының ғана мүмкіндігі бар. Ол  Мұрат Тілешов. Бірақ, қазіргі таңда «Атырауда» өнер көрсетіп жүрген Тараз мектебінің түлегі бабында деп айтуға келмейді. Сонымен қатар, оның соққан голдар саны «Тобыл» капитанының соққан голдарынан 13 голға аз.

Ел премьер-лигасының VI тур ойындары 11 сәуір күні өтеді. Көш басындағы «Астана» «Таразда» қонақта болса, «Ордабасы» өз алаңында «Қайратпен» кездесетін болады. «Шахтер» өз алаңында «Жетісумен» ойнаса, «Қайсар» «Ақтөбеде» қонақта болады. Павлодарда «Ертіс» пен «Оқжетпес» ойыны өтсе, «Атырау» мен «Тобыл» өзара 3 ұпайды сарапқа салатын болады.

Тағы бір айта кететіні, 8 сәуір күні «Қайрат» пен «Ертіс» VII тур ойыны аясындағы кездесуін мезгілінен бұрын өткізетін болады. Мұндай өтінішті алматылық клубтың ұжымы ұсыныпты. Өз кезегінде «Ертіс» клубы шешімімен ойын мезгілінен бұрын өтетін болды. Әзірге, нақты себебі айтылған жоқ. Негізінен, бұл ойын 15-сәуірде өтуі тиіс болатын.

    Ойын
өткізді
Жеңіске
жетті
Тең
ойнады
Жеңіліп
қалды
Доп
айырмасы
Жалпы
ұпайы
1    "Астана" 5 3 2 0 8-2 11
2    "Ордабасы" (Шымкент) 5 3 2 0 5-1 11
3    "Қайрат" (Алматы) 5 3 1 1 10-1 10
4    "Оқжетпес" (Көкшетау) 5 3 0 2 5-6 9
5    "Ақтөбе" 5 1 4 0 2-1 7
6    "Қайсар" (Қызылорда) 5 1 3 1 2-2 6
7    "Атырау" 5 1 3 1 4-5 6
8    "Тобыл" (Қостанай) 5 1 2 2 5-8 5
9    "Тараз" 5 1 1 3 2-4 4
10    "Ертіс" (Павлодар)
5 0 4 1 4-7 4
11    "Жетісу" (Талдықорған) 5 0 3 2 2-6 3
12    "Шахтер" (Қарағанды) 5 0 1 4 3-9 1

Сурет: vk.com

О. Сансызбай