ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Геннадий GGG» Головкиннің» тобы Bleacherreport.com сайтына сілтеме жасай отырып, мексикалық боксшы кіші Хулио Сесар Чавестің қазақстандық Геннадий Головкинге «неліктен ең лайықты қарсылас атанып отыр?» деген сұраққа жауап іздеп көріпті.
«Кіші Чавес көпшілікке мәлім өзінің кемшілігіне қарамастан, қазіргі кездегі алдыңғы қатарлы боксшылар үшін лайықты қарсылас атана алады. Оның ішінде Головкин де жоқ емес. 2012 жылдың күзінде өзінің кәсіпқой мансабындағы Серхио Мартинестен тапқан алғашқы жеңілісінің өзінде Чавес кез-келген қарсыласын тығырыққа тірей алатынын анық байқатты. Мартинестің кездесу соңына ауыр нокдаунға түсіп үлгергенін де айта кетейік. Бұл жекпе-жекте аргентиналық тек бірнеше дәл жұмсаған соққыларының арқасында ғана жеңіске жетті.
Мартинестен жеңілгеннен кейін ол іле-шала тағы да бір үлкен проблемаға душар болды. Дәлірек айтсақ, боксшының қанынан марихуананың қалдықтарып табылып, тәртіп комитеті оны біршама уақытқа рингтен шеттетті. Ол тек өткен қыркүйек айында Брайан Вераға қарсы кездесуде боксқа қайта оралды. Мексикалық кездесу барысында жеңіске жету үшін барын салғанымен, оның жасаған шабуылдарын қарсыласы алдын-ала оқып, тойтарыс беріп отырды. Кей тұстарда тіпті қарсы шабуылда ауыр соққылар алып есеңгіреп те қалды. Алайда Чавестің қуанышына орай, матч аяқталысымен қапталдағы төрешілер ұпай басымдығын мексикалыққа беріп, айды аспанға шығарды. Кейін үлкен дауға ұласқан бұл шешім қос боксшыдан алдағы уақытта қарымта кездесу өткізуді сұрады. Осылайша, биылғы жылдың наурыз айында екеуі қайта жұдырық түйістіріп, бұл жолы Чавес қарсыласынан еш қиындықсыз басым түсті.
Кіші Чавесті Головкинге мықты трамплин атанады дегеннен бұрын аталғандардың барлығын есепке алуымыз қажет. Орта салмақтағы ТОР-боксшылардың ешқайсысы әлі күнге дейін Головкинге өздігінен қарсылық танытуға мүдделі емес. Бүгінгі бокс шынында – үлкен бизнес. Ал қарсылас қандай болса да – үлкен тәуекел мен кей жағдайда төмен сыйақыны құрайды.
Серхио Мартинес 160 фунттағы мойындалған чемпион саналады. Алайда ол Генаға қарсы тұрудан бұрын қаржылық жағынан өзіне тиімді нұсқа, тәуекел жағынан біршама төмендеу қарсылас Мигель Коттоны таңдады. Ал IBF белбеуінің иесі, ардагер Феликс Штурм 2004 жылы Лас-Вегаста Оскар де ла Хойядан жеңілгеннен кейін Германия жерінен сол күйі аттап шыққан жоқ. Сол себепті де оны Головкинге қарсы кездесуде мүлдем көрмейтін болармыз. Ол орын алған жағдайда да Штурмның аты АҚШ жерінде ешкімге танымал емес. Ал орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Питер Куиллинге қарсы жекпе-жек біршама қызық әрі тартысты болар ма еді... Алайда ол мүлдем басқа жақта жұдырықтасады: Showtime/Golden Boy Promotions. Сондықтан ол туралы дискуссия басталмай жатып аяқталады десек болады.
Осындай себептерге байланысты бүгінгі таңда Головкиннің қолы жететін бірден бір лайықты қарсылас ол - кіші Хулио Сесар Чавес болып отыр. Ал сәуір айына жоспарланған кездесуде Генаның басындағы жағдай орын алмаған болса, Энди Лиге қарсы ол не көрсете алар еді? Өз фанаттары мен америка жұртшылығы оның осыған дейінгі көрсеткен шеберлігінен өзге жаңалық көре алар ма еді? Осындай кездесуге қатысу арқылы ол өзін бокс әлеміне жұлдыз екенін мойындата ала ма? Жоқ! Әрине Ли жаман боксшы емес. Алайда Чавес оны бар болғаны жеті раундтың ішінде тізе бүктірді.
Басқа кім бар дейсіз ғой? Осы тұста Дэниел Гилдің есімі есімізге түседі. Аустралиялық көпке танымал боксшы, оның үстіне әлемнің экс чемпионы. Алайда осыған дейін ол Головкинге қарсы кездесуге шығуға мүмкіндік алды. Бірақ жекпе-жектің өз отанында өтпейтінін сылтауратып, одан түбегейлі бас тартты. Дегенмен Гил келіскен күннің өзінде, Головкинге бұл кездесудің бизнес жағынан да, оның танымалдығы жағынан да қандай қажеттілігі бар?
Бұл жерде де ол Генаның пайдасына орын алатын кездесу болмас еді. Ал кіші Чавес болса, оны бүкіл АҚШ пен Мексика жұртшылығы таниды. Сондықтан да ол Головкинге бүгінге таңдағы ең лайықты әрі атақты қарсылас болып отыр. Бастысы – кездесу орын алып жатса, ол қаржылық жағынан да, рейтингі жағынан қос боксшыға аса тиімді болғалы тұр.
Естеріңізге салар болсақ, 31 жасар Геннадий Головкин мен 28 жастағы кіші Хулио Сезар Чавес арасындағы көпшілік асыға күткен кездесу 19 шілде күні АҚШ-тың Лос Анджелес қаласында (Калифорния штаты) өтуі тиіс. Айта кету керек, Геннадий Головкин орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы саналса, мексикалық боксшы осы салмақ дивизионындағы WBC тұжырымы бойынша бұрынғы чемпион. Алайда жазға жоспарланған кездесу екінші орта салмақ дәрежесінде (168 фунт немесе 76,2 келіге дейін) өтетіндіктен, Генаның қос бірдей чемпиондық белбеуі сарапқа салынбайды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: skysports.com