Лондонда орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен британдық боксшы Мартин Мюррей ресми бетпе-бет кездесуін өткізді.
Қос боксшы арасындағы шаршы алаңдағы жекпе-жек 2015 жылдың 21-ші ақпанына белгіленген. Монаконың Ларвотто ауданындағы «Salle des etoiles» спорт ғимаратында өтеді. Қазақстандық боксшы мен спорт мамандары отандасымыздың жеңіске жететініне күмән келтіріп отырған жоқ. Бокссүйер қауым британдық боксшыны Гена үшін аса мықты қарсылас санамайды. Оның мексикалық Марк Антонио Рубионың күйін кешіп жатса таңданбайтыны анық. Ал отандасымыздың промоутері Том Леффлер болса, британдық боксшыны орта салмақтағы әлемнің мықтыларының қатарына қосып отыр. GGG болса да қарсыласына құрмет көрсетуден таңған емес. Ол да Мартин Мюррейді мықты боксшы ретінде бағалады.
- Мартин Мюрреймен үлкен жекпе-жек өткізетініме өте қуаныштымын. Мен оны құрметтеймін. Ол мықты боксшы. Дәл қазіргі уақытта Мюррей менің басты қарсыластарымның бірі. Осал қарсылас емес. Айтарлықтай қиындық тудыра алады. Мен оның барлық кездесулерін қарап шықтым. Алдағы жұдырықтасуда кім жеңетінін айта алмаймын, - деді.
Екі былғары қолғап шебері де кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізген. Өзара жұдырықтасулары 32-ші жекпе-жектерін тіркемек. Тағы бір қызығы, екеуінің де жасы 32-де екен. GGG 31 кездесуінің 27-сін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған. Ал қарсылас болса бұл көрсеткішпен санаса алмайды. Мартин Мюррей 12 жекпе-жегінде ғана нокаутпен жеңіске жеткен.
Британдық боксшы да өз кезегінде оңай жеңілмейтінін, жеңілмек түгіл жеңудің жолын табатынын мәлімдеді.
- Менде ешқандай қорқыныш сезімі жоқ. Біз бәріміз Генаның мықты екенін білеміз, әсіресе шабуыл жасауда. Мен осы уақытқа дейін мұндай қарсыласпен кездесіп көрген жоқпын. Бірақ, мен жеңудің жолын табамын, - деді Мартин Мюррей.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 2014 жылдың «жыл боксшысы» атағына басты үміткерлердің бірі де. Ол осы жылға 4 кездесу өткізуді жоспарлаған еді. Алайда, 3 кездесу өткізіп, бәрін де айқын жеңіспен бұл жылды қорытындылады. Келер жылға да 4 кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Сурет: boxingScene.com.