«МЮ» Мойеспен алты жылға келісімшарт жасасты

«Эвертонның» жаттықтырушысы Дэвид Мойес 1 шілдеден бастап «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкерлігіне тағайындалмақ. 

Бұл турасында Англия чемпионының ресми сайтында мәлімделген. Манкуниандықтар шотландық маманмен алты жыл ұзақ мерзімге келісімшартқа отырып, ерекше пейіл танытқан.

Кешегі күні «Эвертон» командасының басшылығы Мойестің маусым бітісімен кететіні туралы айтқан-ды. Осы арада елу жастағы шотландық маманның "қызыл сойқандарды" жаттықтыруға деген өз пейіл-ықыласын ерекше атап өткеніміз жөн. 

Айта отырсақ, Мойес "Эвертон" командасын 2002 жылдан бері баптап келді. Сол аралықта өз саласының білгір маманы Англия футбол бапкерлері қауымдастығының шешімімен үш мәрте "ең үздік тренер" деп танылған-ды.

Мерсисайдтік клуб бапкер қарастыруда. Бүгінгі таңда атаулы орынға бірден-бір үміткерлер ретінде Микаэль Лаудруп пен Роберто Мартинестің есімдері айтылып жүр. 

Естеріңізге сала кетсек, «МЮ»-ді 27 жыл бойына жаттықтырып келген Алекс Фергюсон өз орнынан кететінін мәлімдеді.

сурет:eurosport.ru

дайындаған: Фараби Арыстанбек