- Негізгі бет
- Маккала
- Музыка тыңдап жүріп...
Музыка тыңдап жүріп жаттығу жасаған дұрыс па?
Спортпен шұғылдану – деніңіздің сау болуының бір кепілі. Бойыңыздағы жаттығуға деген құлшыныс басым болған сайын шабытыңыздың шырқау шыңына ұмтыла түсесіз. Ал ол үшін жаттығу жағдайы өзіңізге ыңғайлы болғаны дұрыс.
Жатығуды қиналмай әрі көтеріңкі көңіл-күйде өткізу үшін өзіңе керекті атмосфера қалыптастырып алғаның абзал. Ол үшін кәсіпқой немесе әуесқой спортпен айналысушылар әртүрлі қадамдарға барып жатады. Соның бірі – музыка тыңдап жаттығу жасау.
Шынымен де, жаттығу жасап жатқан сәтте музыка тыңдау қажет пе? Бұл сұраққа көп адам «әрине» деп жауап береді. Шынтуайтына келгенде, спортпен айналысып жатқанда музыка тыңдаудың мүлде зияны жоқ. Ол біздің тек көңіл-күйімізді көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар жақсы нәтиже көрсетуімізге де сеп болады. Біріншіден, жаттығу сәтіндегі музыка адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Оның әсерінен бойда жаттығуға деген талпыныс пайда болады. Мұнымен қатар, тыңдап жүрген әуенің жаттығуыңа сәйкес келуі керек. Жаттығу қарқынына қарай музыканың шапшаң әлде бәсең ойнап тұруы да маңызды рөл атқарады. Жүректің соғу ырғағы мен музыканың ырғағы бір-біріне үндесіп, шаршауыңызды басуға ықпал етеді.
Екіншіден, жаттығу алдында жасайтын қимылдарыңа орай музыкаларды реттестіріп алғаныңыз жөн. Белгілі бір жаттығу түрлеріне қарап, соған сәйкес музыкаларды тыңдауға тырысыңыз. Әрбір қимыл-қозғалысыңызға әуеннің ырғағы сәйкес келуін қадағалаңыз. Сонымен қатар, музыка мен жаттығу уақытының да дәл келуін бағамдауды ұмытпаңыз. Ал жаттығуыңызды аяқтағаннан кейін баяу ойналатын әуендерді тыңдаңыз. Мұндай музыка деміңізді ретке келтіруге көмектеседі.
Спортпен шұғылданып жүрген кей жандар музыка тыңдап жаттығу жасауды мүлде теріс көреді. Жүрек үнінің әуенін тыңдай жаттығу жасау бұл жандарға ұнайды.
Бастысы спортпен шұғылдану – тек қана шымыр болу үшін ғана емес, жүйке жүйесінің қызметін жақсартып, күйзелуден алыстататынын естен шығармағанымыз жөн.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
О. Сансызбай