Лондондық «Челси» командасының бас бапкері Жозе Моуринью Португалия ұлттық құрамасын баптағысы келеді. Бапкер әлі де 12 жылдай футбол клубын жаттықтырып, кейіннен екі жыл ұлттық құрама тізгінін ұстап, Әлем чемпионатына жолы түскенін қалайтынын жеткізді.
– Менің «Челси» командасымен келісімшартым 4 жылдан кейін аяқталады. Одан кейінгі жағдайды клуб басшылығымен ақылдаса отырып шешетін боламыз. Жақында мен 51–ге толамын. Менің әлі 12 жыл команданы баптауға күш-қарымым жетеді. Одан кейін екі жыл ұлттық құрама жаттықтырып, Әлем чемпионатына барғым келеді, – деді португалдық маман.
Естеріңізге сала кетсек, кеше лондондық дербидегі «ақсүйектер» мен «канонирлер» арасындағы кездесуде есеп ашылмаған болатын. Бұл маусымдағы Жозе бапкер жұмысы соңғы уақыттағы өз ісінің төменгі көрсеткіші болып саналуда.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: eurosport.ru