Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының қатарын толықтырған моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрах ішкі біріншіліктерде Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болды. Ол жақында ғана еліміздің азаматтығын алған болатын.
Отгонцэцэг Галбадрах 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын спортшы. 1992 жылы дүниеге келген. Уранцэцэг Мунхбаттан кейінгі Моңғолия құрамасының екінші нөмірлі балуаны болатын. Екі ел дзюдо федерацияларының ынтымақтастық жөніндегі меморандумынан кейін, моңғол қызының Қазақстанның Туының астында жарыстарға қатысатыны белгілі болған еді. Отгонцэцэг Галбадрах соңғы қатысқан халықаралық ірі додаларында жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Өткен жылы Мәскеуде өткен «Үлкен дулыға» додасында күміс медальды жеңіп алса, Астана қаласында өткен Гран-При бәсекесінде алтыннан алқа таққан болатын. Қытайда өткен Гран-При турнирінің кезекті кезеңінде қола медаль еншілеп, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына берілер жолдаманы жеңіп алған.
22 жастағы спортшы Оңтүстік Қазақстан атынан ел біріншілігіне қатысып та үлгерді. Қарағандыда өткен додада алтыннан алқа тақты. Ал ұлттық құраманың намысын Астанада өтетін әлем чемпионатынан бастап қорғайтын болады. Қазіргі таңда Отгонцэцэг Галбадрах Шымкентте жеке бапкері Энхбаатар Дашжамцемен жаттығуда. Спортшы мен бапкері ұлттық құрама мен жергілікті жаттықтырушылармен тез тіл табысып кеткен.
Отгонцэцэг Галбадрахтың ұлттық құрамаға қосылуымен құрамдағы бәсекелестік те қыза түсті. Александра Подрядованың нәтижелері жоғарылап, моңғол қызымен бірге бапкерлер сеніміне кірді. Екі дзюдошы енді әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Ұлттық құраманың бапкерлер қосыны екі спортшыдан үлкен үміт күтіп отыр.