Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағының (УЕФА) президенті Мишель Платини футбол ережесіне өзгерістер қажет екенін осыған дейін айтып келген болатын. Ол бейсенбі күні жарық көрген «Let’s Talk Football» («Кел, футбол туралы сөйлесейік») кітабында да осы мәселе төңірегінде қалам тербеуді назардан тыс қалдырмапты.
Француз маманы футболдағы ойыншы алмасу санын бесеуге дейін арттыруды тиімдірек санайды. Яғни, осыған дейінгі үш ойыншы алмасу мүмкіндігін өз орнында қалдырып, екі ойыншы кезең (тайм) аяқталғанда алаңға шығуға жағдай жасамақ. Егер бұл ереже қолға алынып жатса, команда бапкерлері үшін де жағымды жаңалық боларына баса мән беріпті. Сонымен қатар, Мишель мырза футболшыны ақ қағазбен жазалау ережесін де қарастырыпты. Яғни, бас қазыдан ақ қағаз алған ойыншы уақытша белгілі бір минуттар көлемінде ойыннан шеттетіліп тұрады. Бұл ереже хоккейде де бар. Тек ақ қағазы жоқ демесең...
Үш рет «Алтын доп» иегері атанған Мишель Платини төрешілердің жасына шектеу қоймауды қолдайды. Егер, физикалық тұрғыдан дайын әрі жоғары дәрежеде тәжірбиесі болса, қазылық қызметін атқара беруіне қарсы емес. Тағы бір айта кететіні, қақпа маңындағы төрешілерге қажетті сәтте алаңға шығуына да рұқсат беруді мақұлдайды.
УЕФА президенті соңғы сәтте ереже бұзған ойыншыны қатаң жазалау ережесін де өзгертуді қалайды. Яғни, кездесудің соңғы минуттарында ереже бұзған футболшы алаңнан қуылмай, тек пенальти белгіленіп, сары қағазбен жазалануды қарастырыпты.
Айта кетейік, 2015 жылдың мамыр айында Швейцарияның Цюрих қаласында ФИФА президентін сайлау өтеді. Бірақ, Мишель Платини 28 тамыз күні бұл қызметке қол созбайтынын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда бұл орында отырған Йозеф Блаттер басты үміткер саналуда. Бүгін Мишель мырза, қазіргі басшының орнында қалғанын құптамайтынын ашық жеткізді.
- УЕФА футболға сара жолын салуда. Ал ФИФА болса құрып барады. Мен Блаттерді қолдамаймын. Ол қауымдастықты 40 жылдан бері басқарып келеді. Енді, демалысқа аттанар кезі жетті, - деді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: AFP